- Advertisement -

Тараз қаласындағы қоғамдық көлік қызметін қалай жақсартуға болады?

532

- Advertisement -

Таң атқаннан қас қарайғанша облыс орталығындағы аялдамаларда автобус күткен жолаушы қарасы бір басылмайды. Қыстың көзі қырауда, бүрсең қаққан топтың арасында өзіміз де тұрамыз. Ана жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында Тараз қаласындағы жаңартылған аялдамалар қалқан болып жарытпады. Құрқылтайдың ұясындай болғандықтан жаздың аптап ыстығында көлеңкесі жоқ, ал қыста ызғарлы желден, жауын-шашыннан қорғанатындай да пана бола алмай тұр. Ішіндегі ағаш сәкі де қысқа. Автобус күтіп тұрған қариялар отырып демалайын десе, бес-алты кісіден артық сыймайды. Оның үстіне, кейбір аялдамалардың әйнек жақтауларын бұзақылар сындырып тастаған немесе суық қолды ұрылар үптеп кеткен. Төле би даңғылы бойындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағының тұсындағы аялдаманың артқы жағының әйнексіз тұрғанына жылға жақындады. Қаланың қақ ортасындағы Абай даңғылы бойындағы «Қазфосфат» ЖШС және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы кеңселерінің алдындағы жолдың екі бетіндегі аялдамалар да аңғал-саңғал. Қаланың көрікті жерлеріндегі аялдамалардың сиқы осындай болған соң, басқасын айтудың қажеті де жоқ шығар.

Мұндайда уақтылы келе қоймайтын автобус жүргізушілеріне ренжисің… Ал бір бағытта қатынайтын қоғамдық көліктің кестесі 6 минуттан басталатын көрінеді. Бұрын №23 бағытта үлкен автобус қатынайтын. Жолаушы аз, шығын көп деп, оның орнын шағын қоғамдық көліктер басты. Осы бағыттағы автобустың бірінің жүргізушісі «енді әр 7 минут сайын қатынайтын боламыз» деген. Қайдан… автобустың қарасы жуық арада көріне қоймайды. №7 және №16 автобус кестесіне реніш жоқ. Бірінен кейін бірі келіп жатады. Әттең, қатынау ара-қашықтықтары қанша жиі болса да, ертеңгілік жолаушыға лық толған №16 автобусқа мініп, діттеген жеріңе жету қиын. «Кондукторлар» автобус салонындағы иін тірескен жолаушыда шаруасы жоқ, жүгіріп түсіп, сыймай қалғандарды екі есіктен кезек-кезек ішке қарай итеріп жатқаны. Кім-кім де діттеген жеріне жетуге асыққандықтан амал жоқ мінеді. Ал «кондуктор» болса «ортасы бос, жылжыңдар» деп айқайға басады. Кейбіреулері мәдениеттен жұрдай. Үнемі адам көп болған соң шығар, осы бағыттағы автобуста қалта ұрлығы жиі орын алады. Ұялы телефонын алдырып, безек қағып жатқан қыз-келіншектерді кездестіріп қаламыз.
Тағы бір мәселе – былтыр үлкен автобустарда алдағы аялдама хабарланып, түрлі хабарландырулар мемлекеттік және ресми тілде құлақтандырыла бастап еді. Біраз уақыт болды ол да қазір тоқтап қалды.
Ғабит Алтаев, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Облыс орталығында 10 тасымалдаушы мекеме тараздықтарға осы қызметті көрсетіп отыр. Күнделікті 43 бағыт бойынша жолға әртүрлі маркадағы 465 автобус шығады.
Қалалық тұрақты бағыттарда жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдауды ұйымдастыру үшін тиісті мекемелермен екіжақты жасалынған келісім-шарт талаптарының орындалуын тасымалдаушылармен бірлесіп, бекітілген кесте бойынша күнделікті бақылау жұмыстарын үнемі жүргізіп отырамыз. 2016-2017 жылдары қаланың ішкі бағыттарындағы автобустардың барлығына навигациялық бақылау жүйесі (GPS) енгізілген. Бүгінгі күні осы бағыттардағы автобустардың қатынауы бойынша барлық қажетті ақпараттар алынып, сараптама жасалынып, тиісті шаралар қолданылуда. Бағыттардағы автобустардың кестелерге сай қатынауы, рейстердің толық жасалынуы күнделікті бақыланып, анықталған кемшіліктер және түскен арыз-шағымдар бойынша тиісті шаралар қолданылуда. Бұл жүйенің қалай жұмыс істеп тұрғанын online режімінде taraz-bus.kz сайтынан көруге болады. Сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр қыркүйек айынан бастап taraz-bus мобильді қосымшасы іске қосылып, қолданысқа енгізілді.
Қалалық тұрақты автобус бағыттарында қызмет көрсететін ескірген, техникалық талаптарға сай келмейтін автобустарды жаңалау жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылы «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС газ отынымен жүру үшін жабдықталған орташа сыйымдылықты «ПАЗ» маркалы 20 жаңа автобус сатып алды. Бұл автобустар №11 бағыттағы ескірген көліктерді ауыстырды. «ТаразТрансМоторс» ЖШС-да газбен жүретін осындай автобустың 10-ын сатып алып, №16 бағыттағы ескіргендерін ауыстырды. Сондай-ақ «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС 14 орташа сыйымдылықты жаңа автобус сатып алса, оның 5-еуі газбен жүретін «ПАЗ» маркалы, тағы 5-еуінің маркасы «DunFen», 4-еуі – «Hyundai». «Дамрус» ЖШС 12 «Hyundai» маркалы үлкен автобус алып, №40 бағыттағы қоғамдық көліктерді жаңартты. 2019 жылдың 5 қаңтарында «ТаразТрансМоторс» ЖШС 5 «ПАЗ» маркалы газ отынымен жүретін автобус сатып алды. Бұл іс-шара алдағы уақытта жалғасын табады.
Биыл тасымалдаушы мекемелермен жасалынған келісім-шарттарға жылжымалы құрам паркін жаңаламаған жағдайда келісім-шарт бұзылатыны туралы толықтырулар енгізілді. Сонымен қатар бензинмен жүретін автобустарды табиғи газға ауыстыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жылдың басынан бері бүгінгі күнге дейін бензинмен жүретін 115 автобус газ қондырғысын орнатты. Бүгінде барлығы 196 автобус газ отынымен жүру үшін жабдықталған, жалпы санның 29,2 пайызын құрайды.
2018 жылдың басынан жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында тасымалдаушы мекемелер қаражатынан 115 автобусқа аялдамаларды автоматты түрде хабарлап отыратын, сонымен қатар жолаушыларға қалта ұрыларынан сақ болуын, жол жүру билетін талап ету қажеттігін хабарлайтын «автоинформаторлар» орнатылды. Бұл іс-шараны толығымен 2019-2020 жылдары іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар автобус ішінде орын алатын ұрлықтардың алдын алу, болдырмау мақсатында ұсақ қылмыс жиі орын алатын бағыттардағы 50 автобусқа бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қалалық бағыттардағы автобустарда жолаушыларды тасымалдауда электронды билеттендіру жүйесін енгізу бойынша Алматы қаласында жолаушылар бағыттарындағы автобустарға электрондық билеттендіру жүйесін енгізген «Оңай», Ресейдегі «МФ Тариф» компанияларымен және «Еуропалық қайта құру және даму» банкімен келіссөздер жүргізіліп, тиісті ақпараттар беріліп, орнатуға кететін шығын есептеліпті. Тараз қаласындағы қоғамдық көліктерге электронды билет құрылғысын енгізуге кететін шығындар мен оны қаржыландыруға кететін қаражаттың қайтарылу мерзімі бойынша тиісті есептеу жұмыстары жүргізіліп, электронды билет жүйесін енгізудің жол картасы бекітілген. Аталған іс-шараны 2019-2020 жылдары атқару жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, бүгінде «Касса-24» және «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-лары пилоттық жоба ретінде қалалық бір бағытқа өз қаражат есебіне электронды билеттендіру құрылғысын орнатып, зерделеу жұмыстарын жүргізуді ұсынған. Бұл шараны 25 қаңтардан «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС жүргізе бастады.
Бүгінгі таңда жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялардан жол жүру тарифін 65 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныстар түсуде. Осы мәселе бойынша тиісті есептеулер жүргізу үшін қалалық жолаушы бағыттарында тасымалданатын жолаушылар ағымына хронометраж жұмыстары ұйымдастырылуда. Бүгінгі күнге дейін бұл шара қалалық 19 бағытты қамтыған. Ақпан айының соңына дейін барлық бағыттарда іске қосу жоспарланған.
Алдағы уақытта анықталған жолаушылар көлемін негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 13 қазандағы №614 бұйрығымен бекітілген тұрақты жолаушылар тасымалдау тарифін есептеу әдістемесі бойынша, қалалық жол жүру тарифіне қайта есептеу қорытындысы ұсынылады.
Ғ.Алтаевтың берген мәліметіне қарағанда, қалаішілік жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шаруа аз емес. Егер жауапты мекеме маманының айтқанының бәрі орындалатын болса, тараздықтар мен қала қонақтары жол ақысы удай такси қызметіне жүгінуді қойып, біржолғы жол жүру құны 90 теңге болса да жаппай автобуспен қатынайтын шығар. Оның үстіне автобустың жолкіресі қымбаттаса такси қызметінің бағасы одан сайын аспанға шығып кететіні тағы бар. Мұны енді уақыт көрсетер. Дегенмен небәрі 360 мыңдай ғана тұрғыны бар облыс орталығына күніне 465 әртүрлі маркадағы автобус шығатынын ескерсек, қоғамдық көлік кестеден жаңылмауы тиіс.
Мәселенің тағы бір жағы бар. Ол – қалалық тасымал қызметімен айналысатын мекемелердің жағдайы. Қалалық жолаушы тасымалы қызметімен айналысатын іргелі мекеме басшысының да бұған қатысты айтар өз уәжі бар.
Рашид Пірманов, «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:
– Біздің серіктестік қаладағы бұрынғы мамандандырылған №3 автопарктің негізінде ашылған. Қаладағы тасымал қызметімен айналысатын 10 ЖШС-ның ішіндегі 200-ден аса адам еңбек ететін 180 автобуспен 15 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсететін ең іргелі компаниямыз. Біздің автобустар ертеңгілік сағат 7-ден бастап, кешкі 20.00-ге дейін өз бағыттары бойынша жолаушылар тасымалдайды. Ал қала маңындағы өндіріс орындарына шығатын автобустарымыз ертеңгілік сағат 6.20-да қозғала бастайды. Біздегі қоғамдық көліктің жүру кестесі әрқалай екенін тараздықтар мен қала қонақтары түсінсе деймін. Мәселен, №29 бағыттағы автобустардың кестесі 6 минуттан болса, №7 бағыттағы шағын автобустар әр 7-10 минут сайын қатынайды. Біз бұрын №23 бағытқа үлкен автобустарды жүргізетінбіз. Ертеңгілік кезде болмаса күні бойы жолаушылар тым аз мінетіндіктен шаш-етектен шығынға ұшырадық. Үлкен автобус күніне 18 мың теңгенің жанармайын жақса, шағын автобус 10 мың теңгеге жағады. Сосын жолаушылар қатынасын зерделеп, бұл бағытқа шағын автобус шығардық. Қазір олардың жүру кестесі 15-20 минут.
Мына мәселеге де назар аударайын. 2017 жылы қалаішілік автобуста жол жүру бағасы 55 теңгеден 65 теңгеге көтерілгенде бір литр солярка 98 теңге болса, қазір литрі 190 теңге. Біздің қазіргі табысымыз тек қана соляркаға кетіп жатыр. Серіктестіктегі автобустардың көбін осыдан – 3; 5 және 7 жыл бұрын сатып алғанбыз. Жалпы біздегі қоғамдық көліктің кейінгі 12-14 жылдың аралығында 90 пайызы жаңарды. Көлікте күтім жоқ болған соң көбі ескіріп кеткен. Өйткені техниканың қосалқы бөлшегін алып, жаңартып отыратын қаражат жоқ. Оның үстіне әлемдік дағдарысқа әрі АҚШ доллары бағамының күрт артуына байланысты алыс-жақын шетелден алатын қосалқы бөлшектің бағасы шарықтап кеткен.
Бізде жүргізушілердің жалақысы бар болғаны 80 мың теңге. Ал Астанада 350-450 мың теңге. Алматыда да қоғамдық көлік жүргізушілерінің жалақысы қомақты. Содан барып жүргізушілер тұрақтамайды. Былтырдың өзінде 20 жүргізуші жұмыстан шығып, ірі қалаларға кетіп қалды. 2015 жылдан бастап жүргізуші куәлігіне «Д-1» санаты қосылып, қала ішінде автобус жүргізушілері үшін 6 жыл күте тұруға тура келеді. Қалааралық деңгейде мұндай талап жоқ. Осындай себептерден тәжірибелі жүргізушілерге зәру екенімізді несіне жасырамыз.
Айта берсек, шешімін күткен мәселе көп. Солярканың сапасын кім тексеріп жатыр? Ресейден литрін 220 теңгеден жеткізетін солярка өте сапасыз. Біз автобус аппаратын қанша рет жаңарттық, бәрібір қара түтін тыйылар емес. Қала орталығындағы екі-үш даңғыл мен үш-төрт үлкен көше бар, қалған шағын аудандардағы көшелердің тарлығы да қоғамдық көлік қозғалысына кері әсерін тигізіп жатады. Осыдан да автобустар кестеден кешігеді.
Әдістеме бойынша қалаішілік біржолғы жол жүру бағасы 150 теңгеден жоғары болғанда ғана барлық тасымалдаушы компаниялар күнін көріп, жолаушыларға мінсіз де, сапалы қызмет көрсетеді. Сонда қалай, Астанада – 90, Алматыда – 80, Шымкентте – 70 теңге болғанда Таразда біржолғы жол жүру құны неге шарықтап кетеді деп ойлар жұрт. Ол қалалар мегаполис болғандықтан оларда жолаушылар ағыны бір сәт те толастамайды. Ал бізде жыл – он екі айдың 7 айында ғана жұмыс біршама қауырт болғанымен, 5 ай бойы оқушы-студенттер каникулға шыққанда, жұмысшы-қызметкерлердің жылдық демалыс айларында автобуспен қатынайтындардың саны күрт кемиді. Оның үстіне миллионер қалаларда тасымалдаушы компанияларға жергілікті бюджеттен субсидия беріледі. Жолкірені көтермейміз десек, есептегіш құрал арқылы есептеп, қалалық бюджеттен біздегі тасымалдаушы компанияларға субсидия берілуі тиіс. Сонда ғана Тараз қаласындағы жолаушы тасымалы қызметі түпкілікті шешіледі.
Жолаушы тасымалымен айналысатын серіктестік басшысы осылайша біраз түйткілді мәселенің бетін ашты. Қала бойынша 196 автобус газбен жүретін болыпты. «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС орташа сыйымдылықты 14 жаңа автобус сатып алған. Оның ішінде 5 «ПАЗ» автобусы газ отынымен жүру үшін жабдықталған екен. Бәлкім, мүмкіндіктерін қарастыра келе, автобустардың барлығын газбен жүруге ауыстырса серіктестіктің еңсесі көтерілетін шығар. Мәселен, Ақтауда қоғамдық көлік жаппай газбен жүретіндіктен біржолғы жол жүру құны бар-жоғы 55-ақ теңге көрінеді. Мұнайлы өңірдегі қаладан кейінгі арзан жолкіре Таразда екен. «Бірақ Ақтауда газдың бір литрі 42-ақ теңге дейді», Р. Пірманов.
Айтпақшы, әр бағытта жүретін автобустың баяғы кеңес заманындай түнгі сағат 23-24.00-ге дейін жүруін армандау әлі ерте сияқты. Күндіздің өзінде автобус салонын толтыруға зар болып жүрген тасымалдаушы компания басшыларының бұл туралы ойлануға да мұршасы жоқ. Қоғамдық көлікке қала тұрғындары мен қонақтарының міне бермейтінін тасымалдау қызметінің сапасыздығынан деп бір жақты қарау қиянат болар. Қазір екі үйдің бірінде жеңіл автокөлік бар. Ауылдардан да қалаға күніне сансыз жеңіл көлік ағылып келіп-кетіп жатыр. Автобусқа мінетін зейнеткерлер, қарапайым жұмысшы-қызметкерлер мен оқушы-студенттер, бірлі-жарым қала қонақтары ғана.
Ал енді жүргізушілердің жолаушы үшін бір-бірімен жарыса жүруі, аялдамадан тыс жерлерге тоқтап адам мінгізіп-түсіруі, аялдамаларда жолаушы толғанша біршама тұрып қалуы, рөлде темекі шегіп, қалта телефонымен сөйлесуі сияқты әрекеттердің орын алып жататынын күнделікті көріп жүрміз. Жүргізуші қанша қат болса да, ішкі тәртіпті бұзғандарға тиісті шара қолдануы тиіс. Серіктестік басшылары сондай шешім қабылдайды екен. Ал жолаушыларға дөрекілік танытатын, билет ұсынбайтын тек қана жолкіре жинаумен айналысатын тексерушілерді келісімді ақшаға жалдайтын жүргізуші тәртіпке шақырғаны жөн.
Қош, сонымен жұмысқа күнделікті қоғамдық көлікпен қатынайтындықтан жолаушы ретінде өзіміз де көрген-білгеніміз туралы пікірімізді білдірдік, тиісті мекеменің маманы мен жолаушы тасымалымен айналысатын іргелі серіктестіктің басшысына да сөз бердік. Ары қарай білікті басшылар мен ойлы оқырман өздері саралай жатар.

 

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support