- Advertisement -

Ауылына қарап, азаматын таниды

72

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында негізгі алты басымдықты айқындап, нақты бағытымызды көрсетіп берген-ді. Соның бірі – «Ауыл – ел бесігі» құжаттамасы. Елбасының бұл тұрғыда «Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек» деп атап көрсеткеніндей, ол біздің алдағы уақытта атқарар жұмыстарымызға да тың серпін беруде.
Өзіміз бағдар ұстанып отырған «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сауда, фермерлік, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту көзделген. Бүгінде Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге ұдайы көмек, қолдаулар беріліп келеді. Оның игілігін ел көріп те отыр.
Жалпы, Боралдай өңірі – табиғаты тамаша, ауасы таза, жері шұрайлы, шөбі шүйгін, мал өсіріп, егін еккен шаруаға өте қолайлы мекен. Бөкей таудың етегінде орналасқан ауылдық округтің орталығы – Көлтоған ауылы. Оған Рысбек батыр, Ертай ауылдары қарайды. Округ бойынша барлығы 458 аула, 2290 адам тіркелген. Аумақта үш орта мектеп, бір дәрігерлік амбулатория, екі медициналық пункт, екі балабақша, үш кітапхана, бір Мәдениет үйі, бір ауылдық клуб, бір өрт сөндіру бөлімі халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ 3 ауылдық өндірістік кооператив, 10 жеке кәсіпкер, 246 шаруа қожалық жұмыс істейді. Жақында, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Ертай ауылында 5 орындық жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді.
Биыл шаруа қожалықтары күздік бидайды – 1200, арпаны – 2190, мақсарыны 2300 гектар алқапқа екті. Ақ егістің әр гектарынан орта есеппен 27 центнерден өнім алынып, қамбаға құйылды. Одан бөлек қант қызылшасы, қытай бұршағы, картоп дақылдары да отырғызылып, өнімі дер кезінде жинап алынды. Мал азығы жеткілікті көлемде дайындалып, қыстаулар басына жеткізіліп қойылды.
Ауылдарда соңғы жылдары мал саны жылдан-жылға арту үстінде. Бүгінгі таңда жекеменшік иелігінде 2806 мүйізді ірі қара, 534 жылқы, 19459 қой-ешкі, 11899 үй құсы бар. Оның ішінде 836 мүйізді қара малы, 473 жылқы, 4271 қой қыстатылуда.
Нәтижелі жұмыспен және жаппай кәсіпкерлікпен қамту бағдарламасы аясында «ҚазАгроҚаржы» ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 8 қожалық 31,5 миллион теңге көлемінде несие алып, жұмыстарын бастады. Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Батыр Балабеков 2 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, наубайхана ашты.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Рысбек батыр ауылындағы О.Ауғанбаев көшесі жарықтандырылды. Ал ауылдық округ әкімдігінің ғимаратын жөндеуге облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов пен аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубековтің ықпал етуімен 12 миллион теңге қарастырылып, қазіргі таңда ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға да берілді. Көлтоған ауылында шағын футбол алаңы салынды. Сонымен қатар осы аталған ауылда екі, Ертай және Рысбек батыр ауылдарында үш көшеге асфальт төселді.
Келер жылы Көлтоған ауылындағы Ж.Әмір, Ертай ауылындағы Л.Көпбаев атындағы көшелерге асфальт төсеу және орталық көше бойымен мектепке дейін жаяу жүргінші жолын салу, Көлтоған ауылындағы Қ.Ералы көшесін жарықтандыру, ветеринариялық пункті іске қосу жоспарлануда.
Округте тұрғындарды ағын сумен қамту мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Бүгінге дейін қараусыз қалған бес тоғанды соттың шешімімен әкімдіктің есебіне қайтарып алдық. Қазір олар бұлақ суларымен молайып, округтегі барлық елді мекенге ағын су жеткізілді. Енді аталған тоғандардың мемлекеттік актісіне қол жеткізіп, алдағы жылдарда табанын тазалатсақ, округте суармалы жердің үлес салмағы едәуір арта түспек. Қазір бұл бағытта тиісінше жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Көлтоған ауылына ауызсу құбырын тарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, сараптамаға өткізілді. Осы ауылдан «street workout» алаңшасын, ескі дәрігерлік амбулатория ғимараты орнынан өнер мектебін, Ертай ауылында спорт мектебі мен демалыс орталығын ашу жоспарлануда.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы туған жерден түлеп ұшқан талай азаматтың туған жерінде қайырымдылық шараларын жүзеге асыруына негіз болды. Мәселен, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаевтың туған жеріне, балалық шағы өткен ауылына көп көмегі тиюде. Атап айтқанда, мешіт тұрғызды, көпір салды, ауылдың кіреберісіне арка, жол бойына даналарымыздың қанатты сөздері жазылған билбордтар орнатып қойды. Жолға асфальт төсетті. Ардагерлер аллеясын ашуға бастамашы болды. 120 орындық мектеп салып беруде де батырдың қосқан үлесі ерек. Ауыл қариялары мен жастарын жинап ауыл маңайындағы көзі бітелуге айналған бұлақ көздерін аршуға бастамашы болуы да батырдың туған жеріне деген шынайы құрметі десе де болады. Биыл М.Ғабдуллин атындағы мектептің 80 жылдығын атап өту мәселесіне де Бақытжан Ертаев үлкен қолдау көрсетті. Осындай азаматтан үлгі алған ауыл жастары, мектеп түлектері жыл сайын ауылдың бір ақсап жатқан ісі болса, көптеп көмек көрсетуді дәстүрге айналдырып отыр. Бұл, сөз жоқ, айрықша қуантарлық жағдай.
«Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша ауыл маңайына 3000 түп қараағаш, жеміс ағашының 150 көшеті отырғызылды. Ауылдың көркі мен тазалығы да басты назарда. Ауыл сыртынан қоқыс тастайтын арнайы алаң жасалды. Қазір апта сайын жеке шаруа қожалықтарының демеушілігімен бөлінген жүк көлігі көше-көшені аралап, тұрғындардың жинап қойған күл-қоқысын арнайы орынға апарып төгуде.
Қорыта айтқанда, соңғы жылдары ауылдық округте көп ілгерілеу бар. Оның барлығы тәуелсіздігіміздің жемісі дер едім.

Ғани ҚУАНЫШ,
Боралдай ауылдық
округінің әкімі.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support