Нар жолында жүк қалмас

Елімізде бүгінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Бұл салаға қатысты мәселелер Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдау- ларында көрініс табуда. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да Елбасы Үкіметке ауқымды міндеттер жүктеді. Мұның барлығы биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы жалғасын табады деген сенімдеміз.

Жалпы ауыл шаруашылығы үлкен сала. Соның ішінде мал шаруашылығының алатын орны ерекше. Бейнеті шаш-етектен, дегенмен бұл салада батыл қадамдарға барса, табысқа кенелері анық. Сондай шаруашылықтардың бірі – «Бірлік» шаруа қожалығы. Оның басшысы Жаңабек Сұлтанбекұлы отбасы бизнесін қолға алған 2004 жылдан бері ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге де қол жеткізді.
Еңбек жолын Тараз қаласындағы №1 автопаркте жай ғана жөндеуші болып бастаған Жаңабек Сұлтанбекұлы қырық жылға жуық уақыт бойы түрлі мекемелерде жүргізуші болып жұмыс істеген. Облыстық телерадио компаниясында жүріп қысқартуға іліккен тұста қамықпай, жаңа кәсіпке бет бұрады. Кәсібін алғашында 53 мүйізді ірі қара малын бордақылап, етке өткізуден бастапты. Кейін өткізген малының орнына басқасын алып, бордақылап, сатуды одан әрі жалғастыруды ойлап, малға жайлы қора-жай іздестіреді. Мұның да сәті түсе кетеді. Сол тұста Қаратөбе ауылдық округі аумағындағы жұмысы тұралаған бір зауыттың 6 гектар жер телімін қора-жайымен қоса сатып алып, кәсібін ілгерілете береді.
Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға арналған «Сыбаға», басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алып, мал санын біршама көбейтті. 2016 жылы үш мың басқа арналған бордақылау алаңын салып, ірі қараның қарасын арттыра түскен. Негізінен қожалық өңірдегі «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс істейтін шаруашылықтардан бір жастан асқан торпақтар сатып алып бордақының орнын толықтырып отырады.
Бүгінде қожалық малға қажет жайылым мәселесін де оңтайлы шешкен. Жуалы және Байзақ аудандарының орман шаруашылықтары мекемелерімен келісімшартқа отырып, аталған аймақтардан 24 гектар жайылымдық жер алып, пайдаланып келеді. Сондай-ақ қожалықтың 300 гектар егістік және жоңышқа алқабында малдың жемшөбі дайындалады. Қазіргі таңда мал азығына қажетті шөп молынан жиналып, 220 тонна жем қожалықтың қамбасына құйылған.
– Малды табу оңай, бағу өте қиын. Соның қиындығына төзген, азабына шыдаған адам ғана түптің түбінде пайдаға кенеледі. Мал өзі өспейді. Қазір бұрынғыға қарағанда жағдай едәуір түзеліп қалды ғой. Көп жұмыс техника күшімен атқарылады. Бірақ жұмыс істеймін, кәсіп ашамын деген адамға бүгінгі таңда барлық жағдай бар. Ең бастысы ынта керек.
Елбасы Жолдауда «Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз» деп атап көрсетіп, шағын және орта бизнеске айрықша назар аударып отыр. Әсіресе кәсібін жаңа бастаған жастарға қайтарымсыз қаржылай көмектер де көрсетілуде. Ендеше, ел жастарының кәсіпкерлікке ден қойғандары жөн. Біз де мемлекет қолдауы мен арнайы бағдарламалардың арқасында төмен пайызбен несие алып, шаруамызды дөңгелеттік. Шыны сол, мемлекеттің қолдауымен қора салдық, мал алдық. Енді, міне, біз де өңір экономикасының артуына, облыстағы азық-түлік бағасының тұрақтануына, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлесімізді қосып отырмыз, – дейді кәсіпкер азамат.
Қандай істің де өзіндік қалыптасқан өлшемі, жоспары, ішкі тәртібі болатыны белгілі. «Бірлік» бүгінде он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың қай-қайсысы да өздеріне жүктелген жұмысқа айрықша жауапкершілікпен қарайды. Жалпы қожалықта бордақыға қойылатын әрбір малдың салмақ қосуынан бастап, жасына дейін қатаң бақылауға алынған. Негізінен мұнда бір жарым жастан асқан бұқалар бордақыланады. Оған дейінгілері өсу үшін жайылымға жіберіледі. Мал төрт айға дейін арнайы күтімде болады. Олардың салмағы 400 килограмды тартқанда барып қана етке өткізіледі. Бүгінде қожалықтағы осы шаруаны Жаңабек ағаның ортаншы ұлы Құрманбек үйлестіруде.
Ет бағытында жұмыс істейтін қожалықтың алға қойған мақсаттары да көп. Соның бірі – сүт бағытында асыл тұқымды мал өсіру. Мұнда оған дайындық ісі басталып та кетіпті. Өткен жылы тауарлы сүт фермасының кешені салынған екен. «Бірліктіктер» ендігі жерде «Ырыс» бағдарламасы аясында несие алып, мал басын арттырып, сүт өндіруді қолға алмақ ниетте.
Әңгіме барысында байқағанымдай, көпті көрген, өмірден түйгені көп Жаңабек аға қанағатшыл, қарапайым жан. Не істесе де соның игілігін көру үшін барын салады. Әрі десе ұлдары мен Құдай қосқан қосағы Күмісай апа да отағасына сүйеу бола білуде. Қарттыққа мойынсұнбаған ағадан жастардың үйренері көп-ақ. «Жар басындағы жантақты жанынан кешкен нар жейді» демекші, Жаңабек аға нар жүгін арқалай білген нағыз нар тұлғалы азамат болып шықты.
«Еңбекпен тапқан – нан тәтті» демекші, бүгінде еңбегі ескерусіз емес. Тараз тұрғындарын етпен қамтып отыр. Өзбекстан мен Араб елдеріне де ет экспорттауда. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша былтыр жыл қорытындысы бойынша облыста бірінші орынды жеңіп алған да осы шаруашылық. Бұл төккен тердің, талай жылғы қажырлы еңбектің әділ бағасы болар.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.