Бал өндірушілер бір кооперативке бірігуде

Құрылғанына бір жыл ғана өтсе де «АраТау» омарта-кешені үш бірдей бал өндіруші құрылымның басын қосып, аудан ара өсірушілерінің өнімдерін бір қолдан өткеруін де үйлестіріп отыр. Ара өсірушілер қауымдастығы ендігі жерде өнім өндіру көлемін ұлғайтуды ойластыруда. Олар осы мақсатпен облыстық кәсіпкерлер палатасының «Атамекен» шағын қаржыландыру ұйымына қайырылған болатын. Қауымдастықтың өтініші несие ұйымы тарапынан бірден қанағаттандырылды. Жалпы сомасы 15 миллион теңгені құрайтын несие қаражатының алғашқы траншпен қолдарына тиген 3 миллион теңгесін кәсіпкерлер әсел өнімдерін өткеруге арналған сауда тұрағы-павильоны жабдықтарын сатып алуға жұмсауды жөн деп тапты.
Әлбетте, омарта шаруашылығы – мейлінше күрделі іс. Кәсіпкерлер бұл салада көбінесе өз беттерінше жұмыс істеуге бейім. Алайда қордайлық ара өсірушілер бірлесе жұмыс істеудің тиімді екенін көріп отыр. Мұндай бірлестіктерді қолдау үшін «Атамекен» шағын қаржыландыру ұйымы тарапынан жеңілдікпен несие де беріледі.
–Біздің мұндай іске баруымыздың бірқатар себебі де бар. Оның ең бастысы – бал нарығына, әсіресе, шетелдерге шығу үшін бұл өнімнің жеткілікті көлеміне қол жеткізуіміз керектігін түсінгеніміз, – дейді «АраТау» омарта-кешені» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Валерий Ромащенко. – Ара өсірушілердің дені тауарларының жартымсыз болуы себепті нарыққа ірі көлемде өнім ұсына алмай отыр. Алда-жалда бірнеше өндіруші тауар қорын өзара біріктірсе, мұндай мүмкіндікке қол жеткізуге болады.
Бұл істің, міне осындай тиімділігі барын ескеріп, ауданның өзге ара өсірушілерінің де алдағы уақытта аталған кооперативке бірікпекші. «АраТау» жетекшісінің айтуынша, кооператив мүшелері ара семьяларын, омарта құрал-жабдықтарын, автокөліктерін де ортақ пайдалануға қосып отыр. Материалдық қорларды өзара біріктіру ірі ара өсіру шаруашылығы құрылуына да мүмкіндік беруде. Сондай-ақ олардың қаржы қорларын да бір қолға жинақтауы бал өнімдерін жинау науқаны басталғанға дейін бал сығуға арналған өнімділігі жоғары заманауи құрылғылар сатып алуға септігін тигізбек.
– Қазірдің өзінде біз бал өнімдері мен аралар семьяларын тасымалдауға арналған жүк көлігін сатып алдық. Алдағы уақытта әсел өнімдерін өткеретін дүкен, сондай-ақ қайта өңдеу-ұқсату цехын ашуды ойластырып отырмыз, – дейді В. Ромащенко.
Қордай жері мен табиғаты омарта шаруашылығы дамытуға өте қолайлы екені әмбеге аян. Жалпы өңірдегі экономикалық сектор ісі барлық бағытта – өндірісте ғана емес, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларында да кең өрістеуде.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.