- Advertisement -

Жаңа жеміс-жидек қоймасының пайдасы мол

99

- Advertisement -

Бүгінде Жамбыл ауданында көкөніс сақтайтын ірі 14 қойма бар. Оның жалпы сыйымдылығы 16 600 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда ол қоймаларда 7230 тонна пияз, 5240 тонна сәбіз, басқа да көкөністер мен картоп сақталуда. Ал ауданда сыйымдылығы аз, ыңғайластырылған ғимараттарда орналасқан екі жеміс-жидек сақтайтын қойма болса, енді бүгін оның саны тағы бір бірлікке артып отыр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында «Жаңа кемер құрылыс» ЖШС-ның бас директоры Көшкінбай Құлманбетов Қаратөбе ауылдық округі аумағынан 3 гектар жер алып, жобалық құны 750 миллион теңгені, жалпы сыйымдылығы 4000 тоннаны құрайтын жеміс-жидек және көкөніс сақтау қоймасын салуды жоспарлаған-ды. Бүгінде жобаның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстары аяқталып, 475 миллион теңгенің 2000 тонна жеміс-жидек сақтауға есептелген қойма пайдалануға да беріліп отыр. Ал оның екінші кезеңінің жұмыстары алдағы жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде. Қазір қоймада аудандағы 660 гектар алма баудан жиналған алманың алты сорты сақталуда. Сондай-ақ кәсіпкер мұнда 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Аталған нысан Жаңа жыл қарсаңында облыс пен аудан басшыларының қатысуымен салтанатты жағдайда ашылды. Онда облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев құттықтау сөз сөйлеп:
– Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Жалпы облысты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру айрықша маңызға да ие. Сондықтан біз халықты таза, табиғи, өзімізде өндірілген өнімдермен қамтамасыз етуді бірінші кезекке қойып отырмыз. Елбасының Жолдауында айтылғандай, өңірдегі азық-түлік мәселесіне зор жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Бізде мол көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп отырған Жамбыл, Байзақ, Қордай аудандарының шаруалары қоймалары болмағандықтан, өнімдерін төмен бағамен алқап басынан өткеруге мәжбүр. Міне, осының барлығы бүгінгі таңда өнімді сақтайтын қоймалардың санын көбейтуге тікелей әсер етуде. Қыс айларында облыс халқының көкөніс пен жеміс-жидекке деген сұранысы 168 мың тоннаны құрайды. Осы көлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдері облысымыздағы 45 қоймада сақталуда. Яғни облыста қоймамен қамту 51 пайызды құраса, алда оны 100 пайызға жеткізуді жоспарлаудамыз. Соның бірі, міне Жаңа жыл қарсаңында ашылып отыр. Бұл қойма алдағы уақытта облысымыздағы жеміс-жидек бағасы тұрақтандырылуына, сондай-ақ жеткілікті жеміс- жидек қоры сақталып, халықты отандық сапалы өніммен қамтуға өз септігін тигізбек. Сондай-ақ кәсіпкер көкөніс өңдейтін цехтар ашуды да жоспарлаған екен. Мұның бәрі өңірдегі шаруаларға оң септігін тигізеді деген сенімдемін, – деді.
Бұдан кейін жиналғандарды облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері Оңласын Есіркепов пен Шолпан Дауытов құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Жаңа жеміс-жидек қоймасының кермесін облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев пен аудан әкімі Бақыт Қазанбасов қиып, ақ жаулықты әжелер шашу шашты.

Жамбыл ауданы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support