Үйіңізге жылу берілді ме?

70

Қоңыр күз бел ортадан ауа бере жерге қырбық қар да түсіп үлгерген. Соның әсерінен кейбір мекемелер іші қоңырсалқындау тартып, суып кетті. Тоңсирақ күй кешіп жатқан осындай мекемелер қатарында біздің редакция да бар. Кейбіреулеріміз электр пешін қосуға мәжбүрміз. Ондай құрылғыны жаппай қосуға да болмас. Жылу беріліп қалар деп күткенбіз. Күтумен бір күн, екі күн өтті. Жылу жүйелеріне жылу жүгіріп жатқан жоқ, бірақ. Болмаған соң, қаладағы «Таразтрансэнерго» жылу беру мекемесіне қоңырау шалдық. Ондағы қабылдау бөлімінің хатшысы салған жерден бізге жылу мәселесі бойынша қоңырау шалып тұрған боларсыз, сірә деп қалды. Соған қарағанда, таңнан бері мазасызданып қоңырау шалушылар біз ғана болмағанымыз ғой. Обалы не керек, ол бізді түсініп, бірден диспетчерлік бекетпен жалғай қойды.
Қоңыраудың ар жағындағы өзін «диспетчер Бауыржан Әділовпін» деп таныстырған азаматқа сұрақ дегеніңізді қарша жаудыра бастадық. «Aq jol» газетіненбіз» деп ауыз ашып үлгергенімізше, ол: «Сүлейменов – 5 пе? Облыстық «Aq jol», «Знамя труда» газеттерінің редакциялары орналасқан ғимаратқа жылу кеше берілген еді ғой! Қалай болғанда да сіздің тапсырысыңызды тіркеп қойдым. Қазір жігіттер барып, тексеретін болады», деп әлдекімдерге дауыстап тапсырма беріп те жатты. Қоңырауға қайта келгенінде «Бауырым, біздің айтайын дегеніміз ол ғана емес, жалпы қалаға жылу берілу жайын сұрамақ едік. Соның жайы қалай болып жатыр?» деп бастырмалата жөнелдік.
– Тараздағы тұрғын үйлер жылу жүйесіне 100 пайыз дерлік қосылды ғой. Қалаға жылу берілді. Беріліп те жатыр. Жөндеу жүргізілген кейбір тұрғын үйлер болмаса. Олар қалай жөндеу жұмыстарын бітіріп, тапсырыс береді, солай жылу жүйесіне де қосылады, – деді диспетчер Б. Әділов.
Оның айтуынша, шаһарымызда мұндай шамамен 30 үйдей бар. Ал мекемелердің элеватор желісі (құдық) арқылы жылу жүйесіне өздері-ақ қосылуына мүмкіндіктері бар көрінеді. Тапсырыс беріп, арнайы жылу беру ұйымдарының көмегіне жүгінулеріне де болады. Осылай мекеме қызметкерлерінің аздаған бұйымтайын бір ғана қоңырау арқылы «шешіп» көңіл жайланған секілді.
Осы мәселеге байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен хабарласқанымызда, мамандар мына төмендегі жайларды мәлім етті. Олардың айтуынша, бүгінгі күні бюджеттік, сондай-ақ көп қабатты тұрғын үйлердің барлығы жылыту маусымына 100 пайыз көлемінде дайын. Нақтылай айтқанда, облыс бойынша жылумен қамту көздеріне бюджеттік және көп қабатты тұрғын үйлердің 3250-і, әлеуметтік нысандардың 3221-і, яғни 99,1 пайызы қосылған. Тараз қаласы бойынша жылыту маусымы 10 қазаннан, ал Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларында 15 қазаннан бастау алғанын да айта кеткен жөн.
Тараз қаласы бойынша 1212 көп қабатты тұрғын үйдің жылуға қосылғаны 1183 немесе 97,6 пайызды құрайды. Қалған үйлер тұрғындар тарапынан жертөледегі құбырларға жөндеу жұмыстары уақтылы жүргізілмеуіне байланысты жылу жүйесіне қосылмаған. Аталған мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, қысқа мерзім ішінде тұрғын үйлерге жылу жеткізіледі деп күтілуде.
Бюджеттік мекемелер толықтай қажетті қатты отынмен (көмірмен) қамтылған. Ал жеке тұрғындарға қажетті көмір жоспар бойынша 332,9 мың тонна, жеткізілгені – 241,2 мың тонна немесе көрсеткіш 72,5 пайызды құрап отыр екен. Көмір тасымалдау жалғасуда. Сондай-ақ кәсіпорындарда резервтік мазут отынының нақты қоры 2,5 мың тонна көлемінде, бұл жалпы тапсырыстың 87,9 пайызына тең.
Сонымен қатар ҚР Энергетика министрлігінің тасымалдау кестесіне сәйкес, облысқа алдағы жылыту маусымына 2018 жылғы қазан – 2019 жылғы ақпан айлары аралығында бағасы тоннасына 80,0 мың теңгені құрайтын 69,1 мың тонна әлеуметтік мазут бөлінген.
Жалпы, өңіріміздегі жылыту маусымына дайындық жұмыстары күнделікті бақылауда ұсталынып отыр.

Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту