- Advertisement -

Тарихымызды әлемге кеңінен танытатын кез алыс емес

178

- Advertisement -

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы баршамызға аса зор жауапкершілік жүктегені сөзсіз. Аталмыш мақалада «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» жасақтау мәселесі жан-жақты айтылған болатын. Бұл мәселе бойынша барлық өңірлерде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны анық. Оның ішінде біздің облыс та бар.

Қазіргі кезде облысымызда 3 мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш тіркеуге алынған. Олардың 711-і жергілікті, 25-і республикалық, 5-еуі халықаралық, қалғаны алдын ала тізімге алынып отыр.
ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбесіне Жамбыл облысы аумағындағы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары мен Ақыртас сарай кешені енгізілген.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында, ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығын құрып, «Қазақстанның киелі жерлерінің картасын» жасау жобасын бекіткен-ді. Осы бағыттағы жұмыстар бойынша республика көлемінде киелі жерлердің тізімі жинақталды. Аталған жобаны өңірімізде жүзеге асыру бойынша құрамында өлкетанушылар, тарихшылар, археологтер бар жұмысшы топ құрылып, облыс көлемінде экспедиция ұйымдастырылды. Нәтижесінде облысымыздан ерекшелігі мен құндылығына және бірегейлігіне қарай бірқатар тарихи-мәдени нысандар «Қасиетті Қазақстан» орталығына сараптамаға жолданған болатын.
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрған ұлттық сарапшылар өңірімізден «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» тізіміне 8 жалпыұлттық және 27 өңірлік деңгейдегі тарихи-мәдени нысандарды енгізді.
Атқарылған жұмыстарды жалғастыру мақсатында бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Әулиеатаның киелі жерлерінің картасы» жобасы іске асырылуда.
Жобаны жүзеге асыру үшін облыс көлемінде орналасқан ескерткіштерді саралауға еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен Ұлттық университеттері және жергілікті ЖОО тарихшы, этнограф, өлкетанушы ғалымдарынан тұратын сарапшылар кеңесі мен жұмысшы тобы құрылды. Жасақталған жұмысшы топқа жергілікті атқарушы органдарының өкілдері (архитектура, жер қатынастары және т.б) де тартылып отыр. Олар ғылыми экспедиция мүшелері жинаған материалдарға, халық арасында кеңінен танымал киелі орындарға жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Ескерткіштің аумағы мен хронологиялық мерзімі анықталып, олардың фотосуреттері, сызбалары, аэрофотолары, архивтік құжаттары және аңыз әңгімелері жинақталып, цифрлы нұсқасы әзірленеді.
Киелі орындар туралы ақпарат алуды ыңғайлы ету үшін арнайы сайт іске қосылады. Сайттың негізгі мақсаты – цифрлы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып киелі жерлерге ғаламтор желісі арқылы қолжетімділікті қамтамасыз ету мен кез келген уақытта өңірдің киелі орындары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік туындайды. «Әулиеатаның қасиетті орындарының» 3D форматы және олардың мультимедиялық өнімдері дайындалып, Әулиеатаның киелі жерлеріне қатысты ақпараттық материалдар, бейнематериалдар, ескерткіштер туралы бейнероликтер, фотосуреттер және өзге де ақпараттар орналастырылып, қасиетті жерлердің виртуалды онлайн картасы жасалады. Бұл виртуалды картада нысандарды геоақпараттық кортографиялауға мүмкіндік беретін деректер қоры жинақталады. Өңірлік деңгейдегі қасиетті жерлердің жекелеген цифрлы төлқұжаттары дайындалады.
Жинақталған деректер негізінде «Әулиеатаның киелі жерлерінің» жинақ кітабы дайындалып, 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) баспадан шығарылатын болады. Аталмыш кітап оқырмандары өңірімізде орналасқан қасиетті нысандарға байланысты сан түрлі аңыз әңгімелермен танысып қана қоймай, оның шығу тарихын біледі, тарихи деректерді шынайылықпен саралап, оны зерттеуші ғалымдардың аталмыш бағыттағы көзқарастары туралы толыққанды мәліметтер алады. Ең негізгісі өскелең ұрпақтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігі артып, алдағы жылдары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ететін болады деп күтілуде.
Жоғарыда аталған жұмыстарды жүзеге асыру арқылы біз Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 24 сәуірдегі бекіткен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын («Қасиетті Қазақстанның» 3Д форматта виртуалды картасын жасау) іске асыратын боламыз.
Жоспарға сай жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде аймақ көлемінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің танымалдығы артып, олардың туристік нысан ретінде қалыптасуына жағдай туындайды. Осындай іс-шаралар негізінде облыс көлеміндегі тарихи орындар мен киелі мекендерді өзара сабақтастыра отырып, қасиетті жерлерді ұлт жадында біртұтас кешен ретінде қалыптастырамыз деген ойдамыз.

Асхат ТАЖАЯҚОВ,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support