- Advertisement -

Өңір драйверіне айналған оқу орны мерейтойын атап өтті

110

- Advertisement -

Биыл М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын облыс орталығында Қазақ химия технология институтының филиалы ашылған болатын. Аталған жоғары оқу орнына жүктелген міндет – облыс орталығындағы қант, ет комбинаттары, «Жамбыл аяқ киім фабрикасы» сияқты жеңіл және тамақ өнімдері өнеркәсіптерін мамандармен қамтамасыз ету. Ол 1963 жылы жеңіл және тамақ өнеркәсібі Жамбыл технологиялық институтына айналды. Ал 1962 жылы гидромелиоративтік-құрылыс және 1996 жылы Жамбыл университеті ашылып, кейін үш оқу орны М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті болып бірікті.

Аталған оқу орнының түлектері бүгінде әр өңірде, экономиканың сан саласында еліміздің дамуына үлес қосып, еңбек етіп жүр. Бүгінде 60-тан астам мамандық бойынша кадрлар даярлайтын университет қазіргі кезде шетелдердегі іргелі оқу ордаларымен қарым-қатынас орнатып, халықаралық байланысты нығайтқан. Бір сөзбен айтқанда, материалдық-техникалық базасы мықты, оқу-тәрбие ісіндегі жетістіктері кеңінен танылған іргелі оқу орны. Осы оңтүстік өңірдегі жоғары оқу орындары көшбасшыларының біріне айналған білім ордасы жақында өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтті.
Мерейтойға орай халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен түрлі басқосулар ұйымдастырылып, оған елімізге танымал ғалымдар шақырылды. Солардың қатарында «Дулати мұралары және әлем руханияты» тақырыбында өткен конференцияны атап өткен жөн. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан бас корпустағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті залындағы университеттің Байқау кеңесінің отырысы және ТарМУ-дың технологиялық кешенінің алдында бой көтерген «Университет шежіресі» монументінің ашылу салтанаты 60 жылдыққа арналған салтанатты шаралар шеңберіндегі маңызды жиындардың бірі болды.
Мемлекеттік хатшы университет ұжымын және студенттерді мерейтоймен құттықтап, бүгінде елімізде жастардың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отырғанын атап өтті.
– Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында білім сапасын арттыру мәселесін ерекше атап көрсеткені баршаңызға мәлім. Бүгінгі күнге дейін және келешекте де жастардың білім алуына мемлекет тарапынан жағдай жасала беретін болады. Қазір осы университетте білім алып жүрген жастардың егемен еліміздің мықты азаматтары болатынына, алға қойған мақсаттарына қол жеткізетініне сенімім мол. Бұл университеттің тарихы өте бай. Кезінде осы жерден білім алған азаматтар бүгінде әр салада жемісті қызмет атқарып келе жатқаны – соның дәлелі, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Бұдан бөлек Мемлекеттік хатшы ТарМУ спорт кешенінің ашылу салтанатында университет ректоры Махметғали Сарыбековпен бірге жаңа нысанның лентасын қиды. Сонымен қатар жаңадан бой көтеретін студенттер жатақханасының алғашқы тасын қалау рәсіміне қатысты. Университет ректорының айтуынша, 500 адамға арналған жатақхананың құрылысы 2019 жылы басталып, 2020 жылы аяқталуға тиіс.
Мерейтой аясында университеттің дамуына қосқан зор үлестері үшін ректорларға арналған ғылыми орталық пен аудиториялардың да тұсаукесері өтті. Атап айтар болсақ, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын 1972-1987 жылдары басқарған химия ғылымдарының докторы, профессор Тасболат Мұхаметқалиевтың атында – «Физика-химиялық зерттеу» ғылыми орталығы (Технологиялық кешен, 2.3. 1-қабат), осы институттың 1991-1998 жылдар аралығында ректоры қызметін атқарған т.ғ.д., профессор Ө.Мәдиев атындағы аудитория (Гидрокешен, 6.1.146) және Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының 1992-1998 жылдары ректоры болған, т.ғ.д., профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ж.Сүлейменов атындағы аудитория (Гидрокешен, 6.1.142), М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін 2001-2008 жылдары басқарған заң ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Ә.Е.Бектұрғанов атындағы аудитория (Гидрокешен, 6.1.114) ашылды.
Екі күнге жалғасқан мерейтой ТарМУ гидрокешенінде өткен шарамен түйінделді. Салтанатты жиында университет ректоры Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, оқу ордасының тарихына, жеткен жетістіктеріне тоқталып, университет ардагерлеріне сый-сияпат жасады. Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов университет ұжымын 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

 

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support