- Advertisement -

200 көшеге қайта атау беріледі

154

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Облыс тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі 97,4 пайызды құрайды. Ал мемлекеттік қызметшілердің және мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейі «Қазтест» жүйесі арқылы анықталады. Биылғы сәуір айында 2037 қызметкер тестілеуден өтсе, оның 419-ы мемлекеттік қызметшілер. Ал қыркүйек айының соңына таман тағы 305 мемлекеттік қызметші «Қазтест» бойынша тестілеуден өтеді деп жоспарлануда. Бұл мәселелерді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова кеңінен баяндады.

Сұлушаш Сәтбекқызы айтып өткендей, басқарма мемлекеттік тілді меңгеру, мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдалану аясын кеңейту, тіл мәдениетінің деңгейін арттыру, лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Облыста тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында 40-тан астам іс-шара өткізілсе, қазақ тілінде таза сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін көпшілікке таныту мақсатында «Jambyl» телеарнасында арнайы бағдарламалар ашылыпты. «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының да маңызы зор. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ономастикалық комиссиялардың жұмысына тұрғындардың қанағаттануы нысаналы индикатор болып белгіленіпті. Биыл бұл меже 96,4 пайызға (негізгісі 85 пайыз) артығымен орындалып отыр. Комиссия отырысында 1 ауылдық округ, 2 елді мекен,150 көше атауын өзгертуге оң қорытынды берілген. Сондай-ақ Тараз қаласында атауы жоқ 1 шағын аудан мен 25 көшеге атау беру, 200 көшеге қайта атау беру туралы облыс әкімдігінің №152 қаулысы мен облыстық мәслихаттың №26-3 бірлескен шешімі қабылданыпты.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аталған басқармада Тараз қаласы және барлық аудан әкімдерімен келісім жасасып, негізгі көрсеткіштер бойынша межелер белгіленіпті. Алғашқы алты айлықтың қорытындысы бойынша аталған меже 2 пайызға артық орындалған.
Облыста идеологиялық жағынан мағынасы ескірген бірнеше атаулар жаңартылу үстінде. Дегенмен әлі жергілікті жерде осындай 16 атаудың өзгеруі кешеуілдеуде. Атап айтқанда, Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандары олқылықты түзеуге асығатын емес. Басқарма тарапынан тексеріс барысында жарнамалардың орналасуы мен атаулардың жазылуы бойынша аудандарда 200-ден астам, Тараз қаласында 1117 кемшілік кеткен. Бұл олқылықтар түзеліп келеді.
Басқарма басшысы латын әліпбиіне көшу барысында облыста жүзеге асқан жұмыстарға да тоқталып, алдағы уақытта белгілі ғалымдардың ұсынысымен 3-4 әріпте өзгерістер болуы мүмкін екендігін айтты. 2019 жылдан латын әліпбиіне көшу кезеңінің алғашқы сатылары басталып, 2024 жылдың желтоқсанында толық аяқталады деп күтілуде екен.
Жиын соңында Сұлушаш Құрманбекова БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support