- Advertisement -

Алтыннан алқа таққан ару

175

- Advertisement -

Алтыннан алқа таққан арудың жаны нәзік, бітім-болмысы нәркес жаратылса да спортқа деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында асқақ асулардан, биік белестерден асып келеді. Бүгінде екі дүркін Азия чемпионы атанып үлгерген тараздық талдырмаш каратэші Гузалия Гафурованы елімізде танымайтын жан кемде-кем шығар.
Иә, Гузалия бүгінде байрақты бәсекелерде облыс, ел намысын абыройлы қорғап, көк туымызды биіктен желбіретіп жүр. Жақында ғана Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында каратэден әйелдер арасында 68 келі салмақта жеңімпаз атанғаны – осы сөзіміздің дәлелі. Бұл – Гузалияның Азия ойындарында екінші рет биік тұғырдан көрінуі.
Оның осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен додада да қарсылас шақ келтірмегені естен шыға қойған жоқ. Биыл да аталмыш жарыста алтын медаль үшін өткен ақтық айқаста отандасымыз 2014 жылғы қытайлық қарсыласы Танг Линлинмен тағы да кездесіп, 2:0 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп ел қоржынына алтыншы алтын медальды салып берді.
Әлбетте, Гафурованың үлкен спортта бұдан басқа да жетістіктері аз емес. Десек те біз әңгімені спортшы қыздың спортқа қалай келгенінен бастағанды жөн көріп отырмыз. Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылында туып-өскен ол 12 жасынан бастап спортпен шұғылданған екен. Алғашында ауылда өзі қатарлы құрбыларымен бірге үш жылдай би үйірмелеріне қатысып, кейіннен спорт секциялары ашылып, каратэмен айналысуға ден қойыпты. Жаны нәзік болғанымен, намысқой, алған бетінен қайтпайтын, талапшыл болып бой жетуіне спорттық мінездің тигізген әсері көп.
Ол балауса шағында-ақ ер балалармен бірге ойнап, жарысқа түссе солардан асып түсуге тырысады екен. Содан болуы керек, спортқа деген ынтасы, жетістікке жетуге деген ұмтылысы оны өзгелерден дараландырып тұрғандай. Оның бойындағы бұл қасиетін тап басып тани білген жаттықтырушысы Дулатбек Құсбеков оған әу бастан-ақ зор сенім артып, үлкен үміт күткен еді. Білікті жаттықтырушының тәлім-тәрбиесінің арқасында Гузалия көп кешікпей айтулы жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, өзінің алғырлығын байқатады. Сол кезден басталған жеңісті жорық әлі де жалғасып келеді.
Бұл – ел артқан үміттің ақталғаны. Десек те Гузалия бұл жеңісіне марқайып, болдым-толдым дегеннен аулақ.
– Осы бағындырған биігімде қалып қойғым келмейді. Одан әрі өңірімізде каратэ спортының дамуына өз үлесімді қоссам деген ойым бар. Оның үстіне каратэ олимпиадалық ойындардың тізіміне еніп жатыр. Бұйыртса, Токио Олимпиадасына қатысып, спортшы үшін ең биік шың саналатын төртжылдықтың басты додасының жоғары мінберінен көрінуді арман етемін. Ол үшін тыңғылықты дайындалып, республика көлеміндегі және шетелдердегі жарыстарда топ жаруым керек. Сонда ғана бір нәтиже шығатыны анық. Осы орайда айта кетейін, мен спортқа келгеніме ешқашан өкінбеймін. Өйткені спортпен шұғылдану арқылы денсаулығыма зиян әдеттерден аулақ болдым. Сондай-ақ кез келген жағдайда өзімді қорғай аламын және спорт арқылы елімнің дамуына тамшыдай үлесімді қосуға мүмкіндік туды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді ол.
Гузалия мектепте озаттардың қатарында болды. Ол ТИГУ-де қос мамандықты меңгеріп шықты. Өз ана тілі – татар тілінен басқа, орыс, қазақ тілдерінде де еркін сөйлейді. Мұны бауырмал қазақ еліне деген құрметінің бір белгісі деп біледі спортшы. Бос уақытында кітап оқуды да дағдыға айналдырған ол спорт пен білімді қатар алып жүруді жөн көреді.
Инчхондағы ойындардан кейін шаңырақ көтеріп, нәрестелі болған Гузалия – араға екі жыл салып спортқа қайта оралып, «шын мықтыға тұсау жоқ» екенін тағы бір дәлелдеген қайсар қыз. Оның жұбайы да осы спорт түрінен бірқатар жетістіктерге жетіп жүрген каратэші.

 

Жанғазы АХМЕТ

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support