- Advertisement -

Жарыс алаңында журналистер

277

- Advertisement -

Жамбыл облысы әкімінің кубогін «Апорт» командасы иеленді

Бұған дейін Шымкент пен Талдықорғанда, Астанада журналистер арасында шағын футболдан түрлі республикалық турнирлер ұйымдастырылып тұратын. Сол үрдіс Тараз төрінде де жалғасын тапты. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен Конституция күніне орайластырылып, БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық аламан өткізілді.

«Тараз-Арена» спорт кешенінде өткізілген доданың ашылу салтанатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли сөз сөйлеп, мереке күніне жоспарланған журналистер жарысының мәніне тоқталды. Мұндай додалар БАҚ өкілдерін жақындастыратынын да атап өтті. Бұдан соң облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков сөз алып, турнирге қатысушы командаларға сәттілік тіледі. Кейіннен «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес те аламанға қатысушы командаларды айтулы мерекемен құттықтап өтті. «Осындай жарыстар журналистердің достығын нығайта түсетіндігі анық. Жалпы тілшілер арасында тұрақты өткізіліп тұратын турнирлер жеткілікті. Бұйыртса, ендігі турнирді Қызылорда қаласында өткіземіз деп отырмыз. Бүгінгі доп додасында үздіктер жеңіс тұғырынан көрінетіндігіне бек сенімдімін», деді ол.
БАҚ өкілдері арасындағы доданың ресми ашылу салтанаты аяқталған соң командалар ойынға кірісіп кетті. Турнирге 11 команда қатысты. Астанадан «Хабар» телеарнасы, Түркістан облысының «Түркістан», Шымкент қаласының «Шымкент», «Ернияз» ұжымдары, Алматы қаласынан «Апорт», Талдықорған қаласынан «Тұран», Қызылорда облысынан «Ақмешіт», біздің облыс атынан «Jambyl tv», «Тараз-пресс», «Блогерлер», «Әулиеата» командалары бақ сынады. Үш топқа бөлінген командалар алдымен топтық ойындарда өзара кім мықтыны анықтады. Ширек финалға екі топтан үш, бір топтан екі команда жолдама алды.
Тілшілер арасындағы турнирді «Jambyl tv» телеарнасының ұжымы мен «Блогерлер» командасы ашып берді. Ойын барысында басымдылық танытқанымен, телеарналықтар блогер жігіттерге 1:2 есебімен жол берді. Екінші ойында «Jambyl tv» жігіттері «Ақмешіт» командасымен 1:1 есебімен тең түсті. Бұл топтан «Ақмешіт» пен «Блогерлер» ширек финал жолдамасына ие болды.
Екінші топта бақ сынаған «Тараз-пресс» командасы бірінші кездесуінде Талдықорғанның «Тұран» командасынан 2:0 есебімен айласын асырды. Екінші ойында Шымкенттің «Шымкент» командасымен 1:1 есебімен ұпай бөліскен «Тараз-пресс» ойыншылары үшінші ойында Алматының «Апортымен» 0:0 есебімен тең түсті. Нәтижесінде топтан «Шымкент» және «Апорт» командаларын жеңген «Тұран» бірінші орынмен шықса, «Тараз-пресс» екінші орынмен, 4 ұпай иеленген Алматының «Апорты» үшінші орынмен шықты. Үшінші топтан «Хабар», «Түркістан», «Ақмешіт» командалары плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Ширек финалда «Тараз-пресс» командасы «Блогерлерден» 3:2 есебімен басым түсті. Топтық кезеңнен әупіріммен шыққан Алматының «Апорты» ширек финалдан бастап жасындай жарқырады. Турнирдің басты фавориттерінің біріне телінген «Хабар» телеарнасына қарсы сауатты ойнай білген «Апорт» хабарлық қақпашының қателігін ұтымды пайдаланып, 2:0 есебімен жеңіс тойын тойлады. Талдықорғанның «Тұраны» Шымкенттің «Ернияз» командасына ойын соңындағы пенальтиден есе жіберді. «Ақмешіттің» жігіттері «Түркістан» командасын 4:1 есебімен ұтып, жартылай финалдың соңғы жолдамасын иеленді.
Жартылай финалдағы ойындар тартысқа толы болды. «Ақмешіт» пен «Апорт» 1:1 есебімен тең түсіп, ойын соңындағы пенальтиге жүгінді. Құрамында Тастанбек Жұмахан, Алмас Найманбай секілді тіс қаққан ойыншылары бар «Апорт» пенальти сериясында басымдық таныта білді. «Тараз-пресс» пен «Ернияз» арасындағы ойында да негізгі уақытта жеңімпаз анықталған жоқ. 2:2 есебімен тең түскен екі команда да пенальтиге арқа сүйеді. Футбол лотореясында «Тараз-пресс» қақпашысы Балқаш Ақылбаев қарсылас команда соққысын сәтті қайтарып, командасын финалға алып шықты.
Үшінші орын үшін өткен ойында «Ернияз» командасы «Ақмешіттен» басым түсіп, доданың қола жүлдесін иеленсе, финалда «Тараз-пресстен» 3:0 есебімен айласын асырған «Апорт» командасы бірінші орын, «Тараз-пресс» ұжымына екінші орын бұйырды.
Жарыс соңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли жеңімпаздарды марапаттады. Турнир жеңімпаздары «Апорт» командасына облыс әкімінің кубогін және 700 мың теңгенің, екінші орын алған «Тараз-пресс» командасына 400 мың теңгенің, үшінші орын иеленген «Ернияз» командасына 200 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Сондай-ақ амплуалар бойынша үздік деп танылған ойыншылар да жүлдеден тыс қалған жоқ. «Ақмешіт» ойыншысы Әділбек Жақанов «Үздік шабуылшы», «Хабар» ойыншысы Нұрсұлтан Құрманов «Үздік ойыншы», «Түркістан» командасының намысын қорғаған Еркеғали Балажан «Үздік қорғаушы», «Тұранның» қақпасын күзеткен Ілияс Сайлаубайұлы «Үздік қақпашы» атанып, 25 мың теңгенің сертификаттарына ие болды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support