- Advertisement -

Әдептен аспа, абыройды шашпа!

117

- Advertisement -

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауларында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше назар аударып келеді. Елбасының «Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек», деген сөзі бізге осы саладағы нақты бағыт-бағдарымызды айқындап береді.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер адам баласының дүниеге келгенін тіркеуден бастап, жеке куәлік беру, некеге тұруын тіркеу, мектепке дейінгі ұйымдарға балаларын кезекке қою, тіпті дүниеден озғанын тіркеуге дейінгі, яғни адамзат өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Осы және басқа да көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің ішінде адамның баруын қажетсінбейтіндері бар. Соны толықтай электронды форматқа көшіру – қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағыты болары анық. Тұрғындар үшін мұндай формат өте қолайлы. Облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев пен Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық төрағасы Төлеген Байғұлов осы бағытта атқарылған жұмыстардың барысын саралап, мекемелерді аралап көрді.
Алдымен облыс әкімдігінің мәжіліс залында жергілікті мемлекеттік органның аппарат басшылары, әдеп жөніндегі уәкілдері, тәртіптік комиссия төрағалары мен персоналды басқару қызметінің басшыларымен кездесіп, мемлекеттік қызметтегі әдеп нормаларын сақтау деңгейін көтеру бойынша жүргізіліп жатқан шараларды талқылады. Жиынға облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Тимуржан Нұрымбетов, агенттіктің облыс бойынша департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев қатысты. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Тюлебаев өңірдегі әріптестеріне мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік аппараттың дамуында қолданысқа енген жаңа бағдарларды түсіндірді.
– Кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың нәтижелілігі – әр мемлекеттік қызметшінің іскерлігі мен Әдеп кодексін қатаң сақтауына байланысты. Сондықтан бүгінде мемлекеттік қызметшіге қойылатын талаптар күшейіп отыр. Яғни әр мемлекеттік қызметші электронды үкімет сервисінің белсенді тұтынушысына айналуы қажет. Екіншіден, азаматтық қоғаммен қарым-қатынасты күшейтуі керек. Сол үшін агенттік биылдан бастап қызметкерлерді басқару қызметін жаңғыртуды қолға алуда. Сонымен қатар бүгінде мемлекеттік қызметшінің мәртебесін арттыру және олардың әлеуметтік тұрғыда қорғалуын қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар атқарылуда.
Мемлекеттік қызмет саласында «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі қабылданды. Әдеп нормаларының бұзушылықтарын алдын алуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға бағытталған жаңа әдеп жөніндегі кеңес және әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілді, – деген Равиль Тюлебаев қазіргі таңда Ұлт жоспары өз жемісін бере бастағанын, мемлекеттік қызметшілердің «әдепсіз» қылықтары азайғанын атап өтті.
Жиында күн тәртібіндегі екінші мәселе – жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және Әдеп жөніндегі уәкілдің өткен кезеңдегі атқарылған жұмысы туралы облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Олжас Ақылбаев баяндады.
– Өткен жылдың екінші жарты жылдығында әдеп жөніндегі уәкілдер 90-ға жуық профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуге атсалысты, ағымдағы жылдың 6 айында 195 түсіндіру шарасы өткізілді. Сонымен қатар есепті кезеңде мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша 177 жеке консультативті көмек көрсетілді. Оның ішінде 104 мемлекеттік қызметші, 73 жеке және заңды тұлғалар бар, – деді Олжас Ақылбаев.
Олжас Бақытұлы мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілеріне қатысты түскен өтініштердің өскенін де жасырмады. Айталық, былтыр екінші жарты жылдықта 28 өтініш түссе, биыл алғашқы алты айда ол көрсеткіш 34-ке жеткен. Оның 3-еуі мемлекеттік қызметшілерден болса, 31-і жеке және заңды тұлғалардың шағымы екен. Осыған байланысты тексерулер жүргізіліп, тиісті жауаптар берілген соң, 3 шағымданушының құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтірілген. Қала тұрғындарынан келіп түскен бейнежазбаларды зерделеу барысында қызметтік көлікті жеке мақсатқа пайдаланған бес жауапты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Бұдан соң Равиль Тюлебаев пен Төлеген Байғұлов Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында болып, ондағы кәсіпкерлерді тіркеу, ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталықтарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар қала әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына атбасын бұрған олар, қызмет көрсету сапасын зерделеді. Тақырып аясында брифинг өткізіп, өңірде мемлекеттік қызметтерді көрсетуде сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау бағытында атқарылып жатқан шараларды таразылады. Жас мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, ой-пікір алмасты. Агенттіктің департаменті мен орталық басшысының қатысуымен жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан тыс уақытта үстеме жұмысқа жегу және Тараз қаласының жергілікті полициясымен бірге қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдалану фактілерін барлау үшін рейд жүргізді.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support