- Advertisement -

Тараздықтар да «қызыл айдың» куәсі болды

304

- Advertisement -

Дәл сол түні Жер шарының басқа нүктесінде нендей оқиға болғанын қайдам, ал қарт құрлықтың қоңыржай белдеуіндегі біз тұрған мекенде өзгеше бір құбылыс байқалған жоқ. Кәдуілгі жаздың тымырсық көп түнінің бірі секілді. Көшенің самаладай жарқыраған шамдары арғы аспан әлеміне көз тастап, қарабарқыт көк жүзіне еркін қарауымызға кедергі келтіргенімен, шығыс жақ жүзін бұлт көлегейлегендей бұлыңғыр тартқан айды анық көрдік.
Алдымен айдың қауынның жұқа тілігіндей бөлігі буалдыр тартты. Түнгі 23.13-тер шамасында баяу басталған құбылыс таң қылаң бергенше жалғасты. Ұйқыға кеш жатып әдеттенген қала тұрғындары түн ауғанша таза ауада сейілдеп далада жүргенімен, айдың тұтылуын көз жазбай бақылағандары аз. Ал жаздың қоңыр самалымен тыныстау үшін далада ұйықтайтын ауыл адамдарының бұл құбылысты тегіс байқағаны анық.
«Айдың тұтылуы түнгі он бірлер шамасында басталды. Үштен асқанда айдың жүзі толық жабылып, қарауыта бастады. Таң ата бестерге қарай қып-қызыл болып тұрды. Бұл сәтте ай бетіне түскен көлеңкеге атып келе жатқан күннің сәулесі араласты, білем», – дейді Луговой ауылының тұрғыны Кеңес Мырзабай.
Мамандардың сөзіне сенсек, осы түні айдың толық тұтылуын жарты ғаламшардың тұрғындары көре алған. Астрофизиктер «Айдың келесі тұтылуы 2020 жылы тағы да қайталанады. Бірақ ол кезде Айдың жарты беті қараңғыланады», – дейді. Жалпы галактиканы зерттеушілер айдың тұтылуы – жыл сайын болып тұратын құбылыс екенін айтады. Бірақ толық тұтылуы сирек. Ғасырда бір рет болуы мүмкін көрінеді.
Аспан әлемін зерттеуші ғалымдар бұл жолы айдың толық тұтылуы сирек әрі уақыты жағынан өте ұзақ болғанын айтуда. Деректерге сүйенсек, негізі күннің тұтылуы оны ай тасалағанда, айдың тұтылуы оған жердің көлеңкесі түскенде байқалады. Егер ай өзінің жер айналасындағы қозғалысында жер мен күннің арасында келіп қалса (бұл тек қана ай туғанда болады), күнді жауып қалады. Бұл – күннің тұтылуы. Жер мен айдың қозғалысы жақсы зерттелгендіктен, толық күн тұтылуының уақыты мен орнын дәл есептеп шығаруға болады. Ал ай жердің көлеңке аймағына енгенде, ай тұтылуы басталады. Айдың тұтылуы тек ай толған кезде, яғни айдың аспанда күнге қарсы нүкте маңайында болған кезінде байқалады. Бұл уақытта ай жерге өзінің барлық жарықталған жарты шарымен қарайды.
Ай батыстан шығысқа қарай қозғалғандықтан, жер көлеңкесіне бірінші болып айдың шығыс сол жақ шеті енеді. Оның бетінде біртіндеп үлкейетін кішкене кетік пайда болады. Көлеңке түскен бөлігі орақ пішіндес. Егер ай өзінің жер айналасындағы қозғалысында толығымен жердің көлеңкесіне енсе, ай толық тұтылады. Егер ол көлеңке шетін жанап өтсе, жартылай тұтылғаны.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support