- Advertisement -

Тараздың атын тегіне тіркеген хас талант

215

- Advertisement -

Халық жазушысы Әкім Әшімұлы туған жер топырағына тәу ете келді

«Жазушы келе жатыр. Әкім Таразимен кездесу болады екен» дегенде өткен күндер еске түсті. Бекен ағам кітапты көп оқитын. Жоқ жерден уақыт табатын. Оның ішінде Әкім ағаның «Басынан Қаратаудың…» деген повестер мен әңгімелер жинағы да бар. Ағамнан алып, мен оқимын. Талдаймыз. Сөйтіп, екеуміз де ғажайып жазушының кітабымен «ауырамыз».
Бұл – алыс ауылдағы арманшыл екі баланың ғана қызығушылығы. Әр ауылда қаншама бала Әкімнің әңгімелерін, повестерін оқып әсерге бөленді, тәрбиеленді десеңізші! Содан бері де отыз жылдан асып кеткен екен. Ал жазушы Әкімнің қолынан қаламы түспей келеді. Ол – жиырмаға жуық әдеби көркем кітаптардың, 13 драманың авторы. «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері.
Кеше жамбылдық жергілікті ақын-жазушылар мен ардагерлер Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Кафка атындағы сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Әкім Таразиді Жамбыл Жабаев атындағы облыстық «Руханият» орталығының алдынан үлкен құрметпен қарсы алды. Белгілі жазушымен бірге жұбайы, белгілі жазушы Роза Мұқанова мен Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев еріп келген екен. Қадірлі меймандар алдымен «Руханият» орталығының көрме залын аралады. Оларды орталық қызметкері Айніл Әбуәлі рухани құндылықтармен таныстырып өтті. Мұнан соң Әкім Тарази орталықтың естелік кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Мұнан соң Әкім Тарази бастаған астаналық қонақтар мен жамбылдық зиялы қауым екінші қабаттағы мәжіліс залына жайғасып, келелі әңгімеге кезек берді. Жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли ашып, жүргізіп отырды. Ол Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында оқып жүрген кезінде Әкім Таразидің шәкірті болғанын, ол кісі сабақты еркін өткізетінін айта келіп, бүгінгі жүздесудің ашық сипатта өтуін қалап, көпшілікті ауқымды әңгімеге, пікірлесуге шақырды. Сөйтіп, кездесу иесіне сөз берді.
Қаламгер алдымен жұртшылықпен жылы амандасып, жағдай сұрасты. Туған жердің ыстық екенін, Жамбылға келсе арқа-басы кеңейетінін, өзін баладай сезінетінін толғана жеткізді. Келесі сәтте ақын Шырын Мамасерікова: «Сіз шығармаларыңызда сонау 675 жылдары Болгарияда хандық құрған Аспарух хан туралы жаздыңыз. Болгарияда Дулат көшесі бар екені рас па?» деп сауал қойды. «Ол жағы рас. Болгарияда болғанымда «Сіздерден осындай текті, тарихи адам шыққанын білесіздер ме?» деп жергілікті зиялылар сұрады. Бас изедік. Ол сыбырлап сөйлесетін кез ғой. Кеңес одағының дүрілдеп тұрған шағы. Бірақ кеудемді мақтаныш кернеді», – деп жауап берді Ә.Тарази. Мұнан соң ақын Ғайни Әлімбекқызы жазушының «Арман – атаман» шығармасын есіне салып, «Аға, сондағы кейіпкерлер жүрегіңізде ме?», – деді. «Ол – Арман өзім ғой», – деп күлді қаламгер. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ертеректе Әкім ағаның республикалық радиодан орысша ой толғағанын, оған өзінің сол кездегі партия қызметкері ретінде таңданғанын айта келіп, «Сіз «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша тілшісі болдыңыз. Қиын болған жоқ па? Орыс тілінде шығармалар жаздыңыз ба?» – деп сұрады. Жазушы оған: «Орталықтан ешқандай қысым, қиындық көрмедім. Орысша кітаптар жаздым», – деді. Мұнан соң жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы «Сіз жайлы Қалихан, Шерхан ағалар айтты, Қалихан, Шерхан ағалар жайлы сіз үнемі айтасыз. Қазір де естеліктеріңізбен бөліссеңіз. Содан кейін Семейден Талаптан деген талантты таптым дедіңіз. Талаптан Ахметжанмен кейінірек біз де дос, сырлас болдық. Ол өмірден ерте озды. Сіз Талаптанды таныдыңыз, талантты көре білдіңіз. Талантты тану қиын ба?» – деді. Жазушы осы сәтте толғана сөйлеп: «Маған дос болғысы келгендер аз болмады. Сол ықыласты пайдаланып Рамазанды, Амантайды, Сайынды, Қалиханды достастырдым. Әйтпесе, олардың арасында келіспеушілік бар екен. Бірге ел аралатып, татуластырып жібердім. Қалихан облыстардың бірінде мен үшін біреумен жаға жыртысты. Ол өзі сондай заман еді. Талаптан талантты еді. Оны да әдеби ортаға қосуға ықпал еттік. Әріптестерді қолдау, жақсылық жасау жағында жүрдім», – деді.
Мұнан соң ақын Қайырбек Асанов Алматыда жүргенде Әкім Тарази ағамен сыйлас, сырлас болғанын, тіпті Жазушылар одағына өтуіне осы кісі себепкер болғанын айта келіп, жазушыға ұзақ ғұмыр, денсаулық тіледі. Драматург Болат Бекжанов Әкім Таразидің ертеректе жазылған «Жәке, Жәкетай» пьесасының күні бүгінге дейін маңызын жоймағанына тоқталды.
Жиын соңында жазушы Әкім Тарази Жамбыл жеріне жақсылық тіледі. «Адам сыйластықты да, қиындықты да, ашуланшақ мінезді де жастық кезінде қабылдайды. Кезінде ҚазМУ, ҚазПИ-ге сабақ беріп жүргенімде басқалар 8 рет жұмыстан кетуімді қалады. Юрий Гризман деген декан 8 рет қорғап, жұмыстан босатпай алып қалды. Адамгершілік пе, адамгершілік! Өзіміз де қай кезде де басқаға жақсылық жасауға ұмтылдық. Қазір сол игіліктерім алдымнан шығып жатыр. Ортамызда отырған Сенат депутаты Абдалы Нұралиев маған інілік ізетін аяған емес. Өмірлік жолдасым, жазушы Роза Мұқанова да барынша ардақтап, құрметтеп келеді. Бұл – бақыт. Елімнің өркендегеніне, Астананың ажарланғанына қуанамын. Халқымыздың осы бақыты ұзағынан болып, елімнің тыныштығы тұрақты, адамдары аман болғай! Жақсылықта жүздесіп жүрейік», – деп сөзін түйіндеді жазушы.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support