- Advertisement -

Анау-мынау деп елден ақша ұстай беру дұрыс па?

204

- Advertisement -

Жаз шыға темір жол көлігі қызметін пайдаланушылардың қатары көбейетіні белгілі. Себебі қызметтің бұл түрі көпшілік үшін тиімді. Дегенмен жазда жолаушылардың көптігі соншалық, алдын ала жол жүру билетін сатып алып қоймасаңыз, жеме-жемге келгенде түк таппай қиналып қалатын кездер де болады. Кейде жолға ертерек қамданып, пойызға алдын ала билет сатып алғаныңызбен түрлі себептермен жоспарланған сапарыңызды кейінге қалдыруға тура келеді. Мұндай жағдайда не істеу керек? Әрине онда ертерек сатып алған билетіңізді қайта өткізуге мәжбүрлісіз.
Ал биыл 19 маусымнан бастап билеттерді қайтару үшін комиссиялық алымның жаңа мөлшері енгізіліп отыр. Енді жол жүру билетін қайта өткізсеңіз, жұмсаған қаржыңыздың біраз бөлігін жоғалтатын боласыз.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның хабарламасында бұл жағдай былайша түсіндірілген. «Компания 2018 жылдың 19 маусымынан бастап жол жүру құжаттарын (билеттер) қайтару үшін комиссиялық алым мөлшерін қосылған құн салығын қоса есептегенде 1000 теңгеге дейін өсіргенін хабарлайды. Бұл шара жолаушылардың қитұрқы әрекеттерге жол бермеу, кірістерді жоғалту қаупін азайту және тұтастай алғанда қоғамның табыстылығын арттыру мақсатында қабылданды». Біз мәселенің мән-жайын «Жолаушылар тасымалы» АҚ Жамбыл аймақтық филиалы билет кассаларының меңгерушісі Бағдат Тлеуленовадан сұрадық.
– «Бұған дейінгі талап бойынша бізде бір сөткеге дейін жолаушы билетін тапсырған жағдайда алынатын салым бір билеттен 55 теңге болатын. Ал бір сөткеден кем болса, плацкарттың билет бағасынан 50 процентін ұстайды. Алдын ала сатып алынған билетті пойыз жүріп кеткеннен кейін бір сағаттың көлемінде тапсыратын болса, вагонының санатына қарай билет құнының жарты бағасы ғана қайтарылатын.
Бүгінде жаңа ережеге сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаулының көшірмесі Жамбыл темір жол бөлімшесіндегі жолаушыларға анық көрінетін жерлерге ілініп қойылған. Билетті қай күні, қай сағатта тапсырса да тасымалдау ережесіне сәйкес қолданылмаған жол жүру құжатын (билеттерді) кассаға қайтару кезінде жолаушыдан: пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағаттан кешікпей – жол жүру құжатының толық бағасы, пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағат ішінде, бірақ 6 сағаттан кешікпей – билет құнын және плацкарт құнының 50 пайызы, пойыз жөнелтілгенге дейін 6 сағат ішінде және пойыз жіберілгеннен кейін 1 сағаттан кешікпей – билет құны, бірақ плацкарт бағасы ұсталады.
Сондай-ақ бұған қоса жолаушыдан комиссиялық алымның жаңа мөлшері 1000 теңге алынады. Ал қайтарылатын билет құны 1000 теңгеден аз болса, комиссиялық алым ұсталмайды. Тағы бір айта кетерлігі, билетті кері қайтаруға жолаушы азаматтың өзі міндетті түрде, құжаттарының көшірмесімен келуі керек. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда таныстарына немесе туыстарына өз қолымен сенімхат жазып, құжаттарының көшірмесін беріп жіберуі тиіс, – дейді Б. Тлеуленова.
Біз жоғарыдағы ережеге байланысты жолаушылардың пікірі қандай? Жаңа талап тұрғындар үшін қаншалықты тиімді, – деген сауалды алға тартқанымызда тараздықтар мен қала қонақтарының берген жауабы төмендегідей болды.
– Жай жолаушылар үшін бұл талап қиын. Билетті ертерек сатып алмасаң, жолға шығарда таппай қалуың мүмкін. Керісінше, билетті алдын ала сатып алып, пойыз уақыты жақындаған кезде жоспарыңыз өзгеріп кететін болса, қайта өткізуге тура келеді. Мәселен, бір отбасынан бес адам немесе үш адам жолға шығуды жоспарлап, белгілі себептермен жол жүру билетін қайтаруға тура келсе, отбасылық бюджетке әжептәуір салмақ түсіреді. Демек, билетті ерте алып, жоспарлаған жеріне бара алмай қалса да, ертерек қамданбастан билетсіз қалатын болса да жолаушыдан басқа ешкім ұтылмайды. Сондықтан мен өзім бұл талапты дұрыс емес деп есептеймін, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ерболат Қуандықов.
Өзін Астана қаласының тұрғынымын деп таныстырған Данияр Байтеміров те: «Мен өзім Тараз қаласына іссапармен келдім. Осы уақытқа дейін алған билетімді қайта өткізіп көргенім жоқ. Дегенмен бұл жүйе жолаушылар үшін ыңғайсыз», – дейді.
Жамбыл темір жол бекетінде көпшілікпен тілдесу барысында өзін Бақытнұр Аманжолова деп таныстырған жолаушы: «Мен осы айдың 11-і күні Алматыға бір билет алғанмын. Бірақ бара алмай қалдым. Енді кассаға келсем маған 400 теңге ғана қайтармақшы», – деп шағым айтты.
Бұл мәселеге байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ Жамбыл аймақтық филиалы билет кассаларының меңгерушісі Б.Тлеуленова: «Сіз жол жүру құжатын бір тәулік бұрын тапсырсаңыз 1000 теңге жоғалтар едіңіз. Сіздің билетіңіз 11-і күні түнгі 24:00-де. Сіз болсаңыз 11-і кешкі 20:00-де келіп тұрсыз. Сонда бір тәуліктен кем болып тұр емес пе? Сол себепті біздің мекеменің жаңа ережесіне сәйкес билетіңіздің жарты бағасы автоматты түрде жойылып кетті. Онымен қоса 1000 теңге комиссиялық алым ұсталынып отыр. Нақтырақ айтсақ билетті бір мың тоғыз жүз тоқсан екі теңгеге сатып алдыңыз. Одан комиссиялық алым мен пойыз жөнелтілгенге дейін 24 сағат ішінде, бірақ 6 сағаттан кешікпей келгеніңіз үшін – билеттің және плацкарт құнының 50 пайызы ұсталып тұр. Нәтижесінде билетке жұмсаған қаржыңыздың 400 теңгесі ғана қайтарылады. Сіздің қолыңыздағы билетте жол жүру құжатын қайтаруға келген уақытыңыз жазылып тұр. Нақты қайтарылған сома түбіртегіңізде көрсетілген», – деп жауап қайтарды.
Осылайша маусым айының екінші жартысынан бастап темір жолда жүру билеттерін қайтару үшін комиссиялық алымның жаңа мөлшері енгізіліп, жүзеге аса бастады. Жаңа ережеге сәйкес жолаушы артық шығынға батпауы үшін, «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» жөн болар деп ойлаймыз.

Тараз қаласы.

Алпамыс Қазыбаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support