- Advertisement -

«Жаңаталаптың» жан жадыратар жұмысы

215

- Advertisement -

Ақтөбе ауылдық округінің аумағында орналасқан «Жаңаталап» шаруа қожалығы бүгінде аяғына нық тұрған ең ірі шаруашылықтардың бірі. Аталған жеке шаруашылық 20 жылға жуық уақыт ішінде өз мүмкіндігін кеңейте отырып, жұмыс көлемін арттыра білді. Сондықтан еліміздің экономикасын нығайтуда, ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуда «Жаңаталаптың» үлесі зор.

Жаңаталап ауылындағы бұрынғы «Октябрьское» әскери совхозы ыдырағаннан кейін 1999 жылы құрылған шаруашылық нан, картоп өсіретін өлкенің лайықты мұрагері ретінде өз ісін ілгерілетуде. Шаруашылық 2005 жылы элиталық тұқымдық картоп өсіруді қолға алады. Сол тұста Алматы тұқым шаруашылығы институтымен бірлесіп, облыс, аудан көлемінде картоп өсіруге күш салған барлық шаруа қожалықтарын супер элиталық тұқыммен қамтамасыз ете бастайды. Ал 2004 жылға дейін «Астра» АҚ-мен бірлесе отырып, Қарағандыдан картоптың голландиялық сұрыбын тасыған. Айта кету керек, осы жылдары аудан тұрғындарының барлығы дерлік жуалылық картоптың ежелгі даңқын қайтару үшін картоп өсірумен тұрақты түрде айналысқан. Содан бері аудандағы көптеген шаруашылықтар картоп өсіруді қолға алғандықтан, мұнда әр жыл сайын 2000-нан астам алқапқа картоп өсіріліп келеді.
– Біздің шаруашылық 2009 жылдан бастап жеке шаруашылық атанды. Бүгінде 12 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал маусым кезінде қосымша 10 адамды жұмысқа тартамыз. Бұдан бөлек, науқан басталғанда тағы 10 адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Картоп алқаптарында тәжірибелі жұмысшылар еңбек етеді. Шаруалар жерге күтім керек екенін жақсы біледі. Сол себепті күз уақытында минералды және органикалық тыңайтқыштарды себеді. Жалпы Жер-анаға қамқорлық жасасақ, ол міндетті түрде біздің еңбегімізді елейді, – дейді «Жаңаталап» шаруа қожалығының негізін қалаушы Жарылқасын Тәжіханов.
Жарылқасын Тәжіхановтың негізгі мамандығы – инженер-механик. Сол себепті ол егіншілер мен механизаторлардың жұмысын жақсы біледі. Мұндай теңдессіз тәжірибесі картоп өсіруде де өз пайдасын тигізіп келеді.
– Картоп – екінші нан. Кез-келген дастархандағы асты онсыз елестету мүмкін емес. Әрине, картопқа лайықты көңіл бөлу қажет. Әйтпесе ол түрлі аурулар мен өзге де зиянкестердің қорегіне айналып кетеді. Бүгінгі күні біз аудандық фитосанитария бөлімімен бірлесе отырып, өнімге зиян келтіретін барлық дерлік аурулардың көзін жоюға күш салудамыз, – дейді тәжірибелі диқаншы.
Бүгінде аталған шаруашылық 1300 гектарға ауыл шаруашылық дақылдарын еккен. Оның ішінде, арпа – 200, бидай – 180, күнбағыс – 20, қант қызылшасы 30 гектарға егілсе, қалған алқаптарда көпжылдық шөптер өседі. Шаруашылық қолда бар резервті пайдалана отырып, уақыт талабына сай болу үшін үнемі ізденісте жұмыс істейді. Бүгінгі күнде жаңа технологияларды енгізуге күш салудың арқасында 50 гектар алқапты тамшылатып суару технологиясымен суарып отырмыз.
– Тамшылатып суару тәсілі бойынша 30 гектар қант қызылшасы мен 20 гектар картоп алқабы суғарылуда. Болашақта суармалы алқаптар көлемін мұнан әрі ұлғайтамыз деген ойдамыз. Біз тамшылатып суару құрылғысын «Қазагроқаржы» арқылы 7 жылға 36 миллион теңгеге сатып алдық. Біз бұл қадамға Қырғызстаннан бастау алатын Күркіреусу өзені құятын «Ақмолда» каналының суы жетпегендіктен бардық. Жергілікті билік каналдың ауданға қарасты бөлігіне 18 миллион теңге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Біздің шаруалар картоп және қант қызылшасын көптеп өсіруді қалайды. Бірақ су тапшы. Сол себепті, бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешетін кез жетті деп ойлаймын. Өткен жылы біз судың тапшылығынан 40 гектар алқапқа егілген картоп пен қызылша өнімдерінен үлкен пайда таба алмадық. Өкініштісі былтыр бұл егіс алқаптары 3-4 есе кем суғарылды. Егер канал біздің мемлекеттің меншігінде болса, мұндай кедергілер болмас еді, – дейді Жарылқасын Тәжіханов.
Есесіне шаруашылық жетекшісі кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан өзге де қолдаулар көп көрсетілетінін айтады. Мәселен, шаруалар бүгінгі күні мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 50 бұқа және 40 жас мал алып, оларды бордақылау базасында бағуда. Шаруашылықта техника да жеткілікті. Екі комбайн, уақытында лизингтік жүйе бойынша алынған әртүрлі маркалы алты трактор егін шаруашылығындағы жұмыстың жандануына өз септігін тигізуде. Өткен жылы тағы бір МТЗ тракторына қол жеткізсе, биыл жаңа қопсытқыш сатып алған «Жаңаталапта» Германиядан арнайы әкелінген қант қызылшасын жинауға арналған комбайн да бар.
– Барлығы да кадрға байланысты. Біздің шаруашылықта қазіргі таңда өз ісінің шеберлері жұмыс істейді. Нұржан Төлешов және оның үш ағасы Мейіржан, Әлімхан, Әділхан Момыналиев – ұста механизатор, ал оның төртінші ағасы Қалмахан – ұста, дәнекерлеуші болып еңбек етуде. Бұлардың барлығы да баға жетпес кадрлар. Кез келген техниканың тілін біледі. Былайша айтқанда оларсыз жұмысымыз тұралап қалады. Бұл жұмысшылар техниканы өздері жөндеп қана қоймай, егін егу және оны жинау жұмыстарына белсене араласады. Сондықтан табыстары да аз емес, – дейді шаруашылық жетекшісі.
«Жаңаталап» шаруа қожалығын-дағы диқандар барлығын дер кезінде орындауды әдетке айналдырғандықтан, әрдайым толайым табыстарға қол жеткізеді. Биыл да күзгі бидай, арпа, басқа да дақылдардан мол өнім алу үшін күн-түн демей жұмыс істеген шаруалар зейнеттің бейнетін көретіндеріне нық сенімді.
– Әрине, мол өнім алсақ, біз де қуанамыз. Бұл дегеніңіз – төккен теріміздің босқа кетпегені. Жалпы, жерге уақтылы өңдеу жұмыстарын жүргізіп, тұқымды дұрыс таңдай білсең, ол еңбегің елеусіз қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, агротехника мен егіншілік ережелерінің тиісті талаптарына сай жұмыс жасаған жағдайда табысқа қол жеткіземіз. Егін екпесең жерге, еңбек етпесең елге өкпелеме деген осы, – дейді Жарылқасын Тәжіханов.

Жуалы ауданы.

Есен Өтеулиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support