«РЭО»-ға барамыз деп маңдайымыз тасқа тигендей болды

87

немесе ол темір есік қойылып, қатаң күзетілетіндей түрмеге айналған ба?

Тараз қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалына қарасты бөлімдердің халыққа қызмет көрсетулеріне риза болатынбыз. Қай бөлімге бас сұқсаң да қызметкерлері жылы шыраймен қарсы алып, келген шаруаң бойынша қажетті талоныңмен күту залындағы таблоға қарап, нөмірің бойынша қызметкер қыз-жігіттердің алдына барып, шаруаңды тез-ақ бітіріп шығасың. Ал Төле би даңғылының күн батыс жағындағы осындай мамандандырылған бөлімге барғанымызда маңдайымыз тасқа тигендей болды.

Осы жылдың 18 маусым күні cағат 16.00 шамасында осы бөлімнің екінші қабатында орналасқан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасына қарасты ел аузында «РЭО-ГАИ» аталып кеткен емтихан алу және тіркеу бөліміне кіріп-шығуымыз қиямет-қайым болды. Темір есіктің алдында тұрған еңгезердей күзетшіге қызметтік куәлігімізді көрсеткенімізбен, арғы жаққа өткізбек түгілі маңайына жақындатар түрін көрмедік. Оған куәлігіміздегі Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының «Журналистің ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, алуға және таратуға құқы бар» деген 20-бабын көрсеткенімізбен, міз бағар емес. Біздің сондағы бар білмек болғанымыз – бөлім басшылығынан темір есік пен оған қатаң күзет неге қойылғанын сұрау еді.

Күзетші аты-жөнін айтпақ түгілі теріс қарап, темір есіктен бірнеше бөгде адамдарды құжатын да тексермей кіргізіп жатты. Нысан мамандандырылған бөлімнің құзырында болғандықтан, басшыларын іздестірдік.
Сапырылысқан жұртшылықта есеп жоқ. Адамның көптігі сонша келушілер орын жетпей тас еденде отыр. Талон алған азаматтардың кезегі келгені хабарланғанымен, ол үн құлақ тұнар шудан естіліп те жатқан жоқ. Жөнін айтар бір жан таба алмай, ары-бері сенделумен болдық. Әупірімдеп жүріп тілдескен бөлім қызметкерлерінен сұрағымызға нақты жауап ала алмадық.
Бөлім басшысы Руслан Мұхтар жоғарыдағы басшыларына қайта-қайта қоңырау соғып жатып, сұрағымызға жауап беруге әрең рұқсат алғандай болды. Бөлімнің атқаратын міндеті көлік құралдарын тіркеу мен жүргізуші куәлігін беру екен. «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қызмет алушы мен қызмет берушінің арасында байланыс болдырмау үшін темір есік орнатылып, күзетші қойылған. Бір терезе қағидасы бойынша халыққа көрсетілетін қызметтің барлығы мына бірінші қабатта көрсетіледі»,– деді ол. Екінші қабаттағы емтихан алу және тіркеу бөлімінде құжаттар өңделеді, сондықтан онда бөгде адамдар кіруге болмайды екен. «Ал бөлімде еңбек ететіндерден бөлек кіріп жатқандар осы ғимараттың артындағы автоматтандырылған электрондық алаңға өтіп, жүргізуші куәлігіне суретке түседі, басқа да талаптарды орындайды», – дейді. Күзетші олардың құжатын да қарамай кіргізіп жатқанына қарағанда бұл жерде бір кілтипанның шеті қылтиғандай болды. Күзетшінің аты-жөнін айтудан бас тартқанын, оның жөнсіз қылығын айтқанымызда күзет фирмасы осы нысанды күзетуге жарияланған тендерді жеңіп алғандықтан, олардың жұмысына араласа алмайтынын жеткізді бөлім басшысы.
– Бөлім 2013 жылдың 20 желтоқсанында пилоттық жобада ашылған, содан бері халыққа қызмет көрсетіп келеміз. Бұрынғы полиция мектебінің ғимараты болғандықтан, тар. Бұл мәселені талай рет көтергенбіз. Қала шетінен жаңа ғимарат сұрап та жүрміз. Әсіресе дүйсенбіден бастап, аптаның төрт күнінде халық көп келеді. Бүгін дүйсенбі, базарлар істемейтіндіктен, адамдар көп. Жексенбі күні көлік базарынан көлік сатып алғандар құжаттарын рәсімдеуге келеді, – дейді Р.Мұхтар.
Жарайды, жаңа ғимарат мәселесі шешілер, алайда сыбайлас жемқорлықпен темір есік орнатып, қатаң күзет қойып күресуге бола ма? Емтихан алу және тіркеу бөлімі темір есік қойылып, қатаң күзетілетіндей жабық мекемеге айналған ба?

Амангелді ӘБІЛ

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту