- Advertisement -

Ораза айы туралы ой қозғады

273

- Advertisement -

Бүгін айлардың сұлтаны саналатын, мұсылман жамағаты сарыла тосатын қасиетті Рамазан айы басталды. Қасиетті айдың қадірін насихаттау мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Рамазан – рахым айы» атты баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңіріміздегі өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев қатысып, ауыз бекітудің сауабы, пайдасы, тәртібі жөнінде ой қозғады. Рамазан айының артықшылықтары туралы кеңінен әңгімеледі.
– Рамазан – он екі айдың сұлтаны. Берекелі, кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдар атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Бұл айда жұмақтың есіктері ашылып, Ібіліс кісенделеді.
Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту ғана емес, Жаратушы разы болмайтын барша істерден бас тарту. Пайғамбардың «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген салмақты ескертуі бар. Ал тарауық намазына қатысудың сауабы мол, – деді Данияр Әлимұхамедұлы.
Сондай-ақ облыстың бас имамы қасиетті айда мешіттердің атқаратын міндеті мол екенін айтып, діни қызметкерлердің дайындығына да тоқталды. Әр тарауық намазынан соң екі үлкен мешітке тегін автобустар қойылатын болады. Атап айтқанда облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінен екі автобус жүреді. Тарауық намазынан кейін ол автобустың бірі жамағатты ықшам аудандарға тасымалдаса, келесісі Жамбыл даңғылын бойлап, автобекетке дейін жүреді. Қалалық «Кеңесхан ата» мешітінен бір автобус намазға келушілерді темір жолдың арғы бетіне тегін тасымалдайды деп көзделіп отыр.
Жиын соңында облыстың бас имамы Данияр Жұмабаев БАҚ өкілдерінің сан түрлі сұрақтарына жауап беріп, ораза ұстаудың тәртібінің қыр-сырын егжей-тегжейлі тілге тиек етті.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support