- Advertisement -

МАЙДАНГЕР ӘКЕМ — МАҚТАНЫШЫМ!

169

- Advertisement -

Менің әкем Қали Есентаев 20 жасында білім іздеп Алматыға барады. Аңсап барған мұғалімдер техникумына жасының үлкендігіне байланысты оқуға алмайды, сондықтан ол құжатындағы туылған жылының соңғы 1905 санын 1909 деп өзгертуге мәжбүр болады. 1925-1929 жылдары мұғалімдер техникумында білім алған уақытын әкем «Ең бақытты кездерім» деп еске алатын. Қала тіршілігі, басқа орта, театр, кино, мерзімді басылымдар мен кітаптар, зиялы қоғам оның сана-сезімінің өсуіне, ой, көзқарастарының өзгеруіне, азаматтық ұстанымдарының қалыптасуына зор ықпал етті. Ауылдан шыққан қарапайым бала қазақ елінің болашағы, ұлттық бірлікті нығайту, ағартушылық қызмет, өнер-білім тарату, кітапханалар ашу, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласу, әлеумет істерінде ұлт мүддесі үшін күресу туралы терең ойлана бастайды.

Техникумға атақты жазушылар мен қоғам қайраткерлері жиі келіп, жастарға дәріс оқыған. Ол бір оқиғаны жиі есіне алатын. Бірде мектепке дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин келеді. Көркем, аққұба жүзді, сәнді мұрты бар, үнемі иіссу сеуіп, талғаммен киінген, мәдениетті жазушы ол кісіге ұмытылмастай әсер қалдырған. Атақты адамның ықпалы ма екен, әкем өмірінің соңына дейін талғаммен киініп, иіссу сеуіп жүргенді ұнататын еді.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде алғашқылардың бірі болып, өз еркімен соғысқа баруға жергілікті әскери комиссариатқа бірнеше рет өтініш жазады. Қызыл Армия қатарына 1942 жылдың 18 қаңтарында шақырылады. Білімді азамат ретінде Түрікменстанның Серхетабад қаласындағы Кушка елді мекенінде орналасқан әскери училищеге үш айға артиллериялық бағыттаушы мамандығын игеруге оқуға жіберіледі. 1942 жылы 1 сәуірде негізгі армияға қосылып, Оңтүстік батыс майданда Сталинград шайқасына қатысады. II Украин, IV Украин фронтына 227-атқыштар дивизиясының 777-атқыштар полкінің 57-атқыштар отрядының құрамында 1945 жылдың сәуір айына дейін Украина, Молдова, Румыния, Словакия, Венгрия, Чехия жерлерін азат етуге қатысқан.
Әкем соғыс туралы бізге айтқан естеліктерінде әскерде тіс, іш ауруы, ыстық көтерілу, дизентерия сырқат қатарына жатпаған. Осындай себеппен ұрысқа қатыса алмаған солдатты сол жерде атып тастаған дейтін. Ресей мен Еуропада жиі жаңбыр жауатын, үш-төрт күн окопта, белге дейін судың ішінде отыруға мәжбүр болған, басыңды көтерсең зуылдап атылып жатқан оқ.
Ал Сталинград түбінде болған шайқас туралы былай дегені есімде: «1942 жылы 27 қыркүйекте дұшпан қорғаныс шебімізді бұзып, шабуылға шықты. Жауынгерлер мен атқыштар зеңбірегі фашист танктері мен жаяу әскерінің қоршауында қалды». Қатты жараланып, окопта жатқан әкемнің үстінен неміс танктері басып өткен. Ол ес-түссіз окопта үш күн жатқан. Тек үшінші күні автоматының дүмімен басып қалған топырақты қазып шыққан оны өлді деп ойлаған командир тірі екенін көріп, тез арада госпитальға жіберген. Бұл оның алғашқы жарақаты еді.
Соңғы ауыр жарақатын Милотице аумағында болған шайқас кезінде 1945 жылы алып, Австрияның Вена қаласындағы госпитальға жеткізілген. Соғыстың біткенін сол жерде естиді.
«Қызыл жұлдыз» орденінің, III дәрежелі «Даңқ» орденінің, II дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденінің иегері. Кеңес Одағының Маршалы Сталиннің Алғыс хатын алған, 5 рет жараланған соғыс мүгедегі әскерге жарамсыз деп табылады.
Соғыстан кейін Оңтүстік Қазақстан облысында мұғалімдік жұмысын жалғастырды. Мектептер аштыруға ұйытқы болып, оның жұмысын ұйымдастырумен айналысады. «Темірлан», «Шұбарсу», «Тұрлан», «Коммунизм», «Құс фабрикасы» және «Жеміс-жидек» совхоздарында білім ошақтарын аштыртып, көп жылдар бойы мектеп директоры болып қызмет атқарды. Бейбіт өмірдегі өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған асқар тау әкеміз1988 жылы 22 қарашада өмірден өтті. Жыл сайын Жеңіс күні өзіңнің рухыңа тағзым етемін, жан Әке!

Айткүл ЕСЕНТАЕВА,
Жамбыл атындағы №5
мектеп-гимназиясының кітапханашысы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support