- Advertisement -

Мектепте «мама», партада «папа» атанғандар көбейді

180

- Advertisement -

Немесе жасөспірімдер жайындағы жанайқай

Жасөспірімдер жайы дегенде, көз алдыңызға қандай картина келеді? Көпшілігіңіз ата-анасының ортасында уайымсыз отырған ұл-қыздан бұрын, көшеде, базарда түрлі түсті шар және тәттілерін саудалаған жеткіншектерді, аудандар мен шағын қалаларда кеш батқанда тойханаларда қызмет істеп, табанынан таусылып жүретін бұғанасы қатпаған бозбалаларды елестетеріңіз анық. Бәлкім, бұл соңғы уақыттағы балалар еңбегін пайдалану қоғамдағы қалыпты үрдіске айналып бара жатқандықтан болар. Міне, сондықтан беймезгіл уақытта қараусыз жүрген балалар көп. Соған қарай түрлі бұзақылықтар мен келеңсіз оқиғалар орын алуда. Облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында осы төңіректегі өзекті мәселелер талқыға салынуы да бекер емес.

Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында ата-ана мен мұғалімдерге ғана емес, қоғамға қозғау салатын жайсыз мәліметтер айтылды. Бұл – жасөспірімдердің жағымсыз әрекеттерге бой алдыруының алдын алу, келеңсіз жайттарға тосқауыл қою мақсатында қолға алынған жедел шара екені сөзсіз. Себебі ұтылар тұсымыз да уыстан шыққан жастар тәрбиесі болары айқын. Өз сөзінде осыған айрықша тоқталған Ерқанат Нұрбапаұлы келеңсіздіктерді жасырғанмен, оның салдары елге әшкере қылатынын қатаң ескертті.
«Қызға қырық үйден тыйым» салмағанның, кәмелетке толмағандардың ерте жүктілігін жасырудың соңы неге әкеліп соғатынын Жамбыл жұртшылығы жақсы біледі. Облыс әкімі орынбасарының ашына айтқаны да осы жағдай. Жиынның күн тәртібіне облыстағы 2018-2019 жылдардағы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, оның ішінде жыныстық сипаттағы қылмыс пен өз-өзіне қол жұмсаудың, алдын алу профилактикасы жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы шығарылуы да, сондықтан.
Жиында осы мәселелер бойынша баяндама жасаған облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары Рахия Тұрмаханбетова мен Марат Жұманқұлов бірқатар фактілерді алға тартты. Соның бірі – жасөспірімдер жасаған қылмыстың осы жылдың екі айының өзінде 18-ге жетуі. Рахия Сейітбекқызының сөзіне сүйенсек, оның 10-ын оқушылар жасаған. Бір жеткіншек өз өмірін қиған. Мектеп, колледж әкімшіліктерінің ықпалымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес, яғни ата-аналардың немесе олардың заңды өкілдерінің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін өз деңгейінде орындамағаны үшін 26 ата-ана жауапкершілікке тартылған. Тағы 39-ына осы кодекстің 442-1-бабы бойынша балаларының түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүруіне жол бергені және 754-іне 442-2 бапқа сай түнгі 23.00-ден кейін үйінде болмағаны үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті.
Жеткіншекті қараусыз қалдырудың, бақылаусыз бетімен жіберудің соңы неге әкеліп соғатынын білсе де, кейбір отбасылар әлі де тәрбиеге дұрыс көңіл бөлмеуде. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар жанындағы тиісті комиссиялар арнайы жұмысшы тобын құрып, түрлі рейдтер жүргізіп, шара қолдануға мәжбүр. Қаңтар-ақпан айларындағы құқық қорғау органдарымен бірлескен сондай профилактикалық «Түнгі қаладағы балалар» акциясы кезінде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 128 жасөспірім жеткізілген. Кейін оның 108-і ата-анасына қайтарылса, біреуі арнайы мектепке жіберіліпті. Жыл басынан бері 22 ата-ана құқығынан айырылған.
Осы дерекке қарап-ақ, жеткіншек-тердің неліктен қылмысқа баратынын, өрімдей қыздардың ерте жүктілігінің себебін шамалай беруге болатын секілді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратып үлгермеген жасөспірімдер қызық қуып жүріп, келеңсіздікке тап келері анық. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың мәліметінше, биылғы 2 айдың есебі бойынша облыс емханаларында кәмелетке толмай жүктілігі бойынша есепке алынған жеткіншектердің жалпы саны 68-ге жеткен. «Мешкей деген – жаман ат» демекші, бұл көрсеткіш 2017 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5-ке азайғанымен, бұны қалай жөн дерсіз.

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 128 жасөспірім жеткізілген. Кейін оның 108-і ата-анасына қайтарылса, біреуі арнайы мектепке жіберіліпті. Жыл басынан бері 22 ата-ана құқығынан айырылған.

Марат Сейітбекұлы ерте жүктілік фактісі Байзақ ауданында былтырғымен салыстырғанда артқанын, осындай 11 жағдай тіркелген Қордай ауданы облыста алда тұрғанын айтты. Ал Жамбыл ауданында осы кезеңдегі жағдай өткен жылғыдан еш өзгермегені, Меркідегі деректің біреуі ғана кемігені мәлімделді. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова 7 жағдай да колледж студенттері арасында тіркелгенін, оның басым көпшілігі күрд, түрік ұлтынан екенін, олар қыздарын ерте тұрмысқа беретінін айтты. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін нақты бір нұсқаулықтар жоқ екені әрі осындай мәселеге қатысты талап қойып, тыйым салу мүмкін еместігі де сөз болды. Бұған қатысты ардагер ұстаз Нүркен Қасымова өз пікірін білдіріп, жас жеткіншектер тәрбиесінде бірлескен іс-қимыл қажет екенін алға тартты.
Басқосуда мектеп инспектор-ларының жетіспейтіндігі, көпшілігінің тәжірибесі аз жас маман екені, олардың ұзақ уақыт бір орында тұрақтап, жұмыс істемейтіні айтылды. Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Қуанышбек Қалжанов биыл инспекторлыққа 30 адамның жаңадан келгенін, оның 15-і қала мектептеріне жіберілгенін айтып, тәжірибелі мамандар мұндай жұмысқа келмейтінін түсіндірді. Ал облыс прокурорының аға көмекшісі Еркін Қуанышев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда бірлескен шаралардың нәтиже беретінін, сондай жоспарлы жұмыстардың арқасында бірқатар көрсеткіштердің төмендегенін тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған Ерқанат Манжуов көше мәдениетін қалыптастыру үшін қоғамдық сананы өзгертетін жобалар әзірлеп, жастарға өнегелі аға буынның өмір жолын таныстыру үшін лекторлар байқауын ұйымдастырып, беделді тәлімгерлерге іріктеу жүргізу туралы ұсыныс айтты. Иә, мұның да өз мәні бар, жеткіншектер көп жағдайда үлкеннен көргенін қайталайды. Сол себепті оларға ақыл айтудан бұрын өнеге көрсеткен дұрыс.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support