- Advertisement -

Жарқын жеңіс

116

- Advertisement -

«Астана арландары» жаңа маусымды сәтті бастады

Бүкіләлемдік бокс сериясының жаңа маусымы қазақстандық команда үшін сәтті басталды. Аталмыш жобаның үш дүркін чемпиондары – «Астана арландары» бокс клубы Қарағанды төрінде Үндістанның «Индиан тайгерс» командасын қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл күні шаршы алаңға С2 санатындағы боксшылар көтерілді. «Құрамы жаңа боксшылармен толыққан қазақстандық команда қалай өнер көрсетеді?» деген сауал көкейде атой салғаны анық. Дегенмен алғашқы қарсыластарымыз жоба дебютанты болғандықтан, отандастарымыздың жеңісіне шүбә келтірген жоқпыз.
Бокс кешін 60 килограмм салмақ дәрежесіндегі сайыпқырандар бастап берді. «Астана арландарының» намысын қорғаған Серік Теміржанов қарсыласы Анкуша Дахьюді екі мәрте нокдаунға жіберген сәтте-ақ үндістандықтың қуаты таусылғанын түйсіндік. Дегенмен ол бес раундты түгел өткізді. Қарсыласын жойқын соққыларымен әбден әбігерге салған Серіктің жеңісін төрешілер бірауыздан мақұлдады. Шаршы алаңға екінші болып көтерілген 69 килограмда үмітіміз Бекболат Құрамысовтың бірінші жекпе-жегі көпшілікке ұнай қойған жоқ. Қазақтың төл салмағы саналған 69 килограмда сынға түскен Құрамысов пен Дуриодхан Неги арасындағы шайқас үшінші раундта үндістандық боксшының жарақат алуына байланысты тоқтатылып, жеңіс 2:1 есебімен қазақстандық боксшының еншісіне жазылды. Алайда Бекболаттың үш раунд ішінде қажетсіз соққылар жіберіп алғаны көңілге кірбің ұялатты.
«Астана арландарына» командалық жеңісті 81 килограмдағы Нұрдәулет Жарманов тарту етті. Ол бес раунд қорытындысы бойынша Бриеш Ядаваны ұтып, есепті 3:0-ге жеткізді. Сондай-ақ 91 килограмнан жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен жамбылдық жампоз Нұрсұлтан Аманжолов Парвин Кумарды 3:0 есебімен еркін жеңсе, 52 килограмм салмақтағы Ақниет Балтабаев Кавиндер Битшуге 1:2 есебімен есе жіберді. Қорытынды есеп – 4:1. «Астана арландарының» пайдасында. Қазақстандық команда екінші кездесуді Көкшетау қаласында ресейлік «Патриот боксинг тим» командасына қарсы өткізеді.

Замира Андас

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support