- Advertisement -

Кәсіпкерлік қызметті реттеу жетілдірілмек

197

- Advertisement -

Бұрнағы күні «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия жанындағы құқықтық кеңестің «Кәсіпкерлік қызметті жетілдіру: заңнамалардың төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы маңызды өзгерістері» тақырыбы аясында кеңейтілген отырысы өтті. Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мен «Нұр Отан» партиясы жанындағы құқықтық кеңесінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен, аталған кеңес мүшелерінің, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес мекемелердің өкілдері, отандық ғалымдар мен сарапшылар қатысуымен өткен жиында Парламент Мәжілісіне талқылауға ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жан-жақты талқыланды.
Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин баяндама жасап, кәсіпкерлікті жетілдіру мақсатында 13 кодекс пен 100 заңға барлығы мыңға жуық түзетулер енгізілетінін атап өтті. Заң жобасы бизнес шығындарын қайта реттеу және азайту, әкімшілік тосқауылдарды жою және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бағыттарын қамтиды. Алдағы уақытта Кәсіпкерлік кодексі мен салалық заңдарға мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау бойынша «кемшілікті анықтау және жаза қолдану» саясатынан «алдын алу және ескерту жасауға» көшу туралы өзгерістер де енгізілмек. Реформалаудан кейін кәсіпкерлік нысандарын тексеру жұмыстары, яғни тәуекелдерді бағалау жүйесі және жоспардан тыс тексерулер 30 күннен 10-15 күнге дейін қысқаратын болады.
Ашық райлы жағдайда өткен жиында ел өңірлеріндегі кәсіпкерлік құрылымдары өкілдері ауыл шаруашылығы кооперативін құру кезінде туындап отырған, сондай-ақ жұмысқа қабылдарда мамандар біліктілігінің төмен болуына, кадр біліктілігін арттыруға қатысты түйткілді мәселелерді де сөз етті.
Осы орайда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында жиынға онлайн режімінде қатысу, тыңдап, көру ұйымдастырылды. Біздің облысымыздың қатысушылары атынан сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Валерий Ромашенко Қордай ауданындағы Қарақоңыз шатқалынан бал өндірушілер қалашығын ұйымдастыру, Масаншы, Қарақыстақ ауылдарын туризм нысанына айналдыру бойынша кәсіпкерлік бастамалар шекаралық аумақтағы шектеулер әсерінен аяқсыз қалып қойғандығын алға тартып, алдағы уақытта өздеріне отандық туризмнің дамытылуына үлес қосу мақсатындағы кәсіпкерлік қызметтеріне қолдау ретінде жоғарыда аталған мың түрлі шөптің мекені саналатын ерекше қорғалымдағы қорықтар аумағынан арнайы жер телімдерін бөлу жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Іс-шара қорытындысында тиісті министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың аталған заң қабылданғаннан кейін ондағы жаңа өзгерістер туралы тұрғындар мен кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруы керектігі ескертіліп, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support