- Advertisement -

Рухты оятып, сананы сілкіндірді

396

- Advertisement -

Елбасының тарихи публицистика жанрында жазылған, еліміздің өткені мен болашағына қатысты ой толғамдарынан тұратын «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы егемен еліміздің энциклопедиясы ретінде бағалануда. Шын мәнінде бұл – әсте ұмытылмауға тиіс айрықша елеулі оқиға, тағылымға толы аяулы тарихымыз.

Бұл кітаптың әрбір жолы, әрбір сөзі – біздің күнделікті өміріміздің тарихы. Тәуелсіз, жас қазақ мемлекетінің, Ұлы Дала елінің дүниежүзі халықтары тағылым етерлік өркениеттік үлгі-өнегесі де. Аталған туындыны парақтай бастаған сәтте кім-кімнің де көз алдына өзінің жүріп өткен өмірі келеді. Оны оқи отырып, киелі тәуелсіздігіміздің қаншалықты қымбат екенін, мемлекетіміздің қалыптасу кезеңіндегі шешімдердің қаншалықты дұрыс, ұтымды болғанын ұғып түсінеді.
Біз еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін мақтан тұтамыз. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында алға қойылған экономикалық, саяси және рухани жаңғыру бағытында белгіленген міндеттерді орындай отырып, ұлы мақсаттарымызға қол жеткізетінімізге де кәміл сенеміз. Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан этносаралық келісімнің бірегей моделі – бүгінде әлем елдеріне үлгі. Өз еңбегінде Президент мұны тәуелсіздіктің ең басты табыстарының бірі ретінде атап өтеді. Шыны да солай ғой! Еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілдерінің бір мүдде, ортақ мақсат аясына тығыз топтасып, ұлы міндеттерді нақты іс жүзіне асырып, Қазақстанның қарыштай алға ілгерілеумен келе жатқаны бұған айқын дәлел боларлықтай емес пе?!
Тәуелсіздік 1991 жыл болғанымен, оған деген ұмтылыс неден басталды? Қандай ауыр жолдардан өттік? Отыз жылдан астам уақыт ішіндегі айтулы оқиға, өзгерістер қамтылған ауқымды еңбекте мұның бәріне де жауап бар. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қол жеткізген 33 жетістігі де тәптіштеліп жеткізіледі. Онда тек саяси-экономикалық нәтижелер ғана емес, сондай-ақ ұлтаралық татулық пен спорт, денсаулық сақтау сынды түрлі саладағы қомақты табыстарымыз да айрықша көрініс тапқан. Атап айтқанда, еліміздің 1991-2017 жылдар аралығында әлем қауымдастығы мойындаған реформалар мен ғаламдық бастамалар көшбасшысына, бірқатар халықаралық беделді ұйымдарға жетекшілік жасаған заманауи қуатты мемлекетке айналғандығы, ел жетістіктерін дамушы елдер қызығушылықпен зерттеу үстінде екендігі, еліміз өзінің ұлттық тарихында тұңғыш рет халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекараға ие болғандығы, соның нәтижесінде барлық шекаралық дау-дамайлар қаупіне тосқауыл қойылғаны атап өтілген.
Сондықтан да бұл кітапты әрбір қазақстандық мұқият оқып, танысып шығуы тиіс деп ойлаймын. Елбасы еңбегі Қазақстанның таяу он жылдықтардағы экономикалық келешектегі даму мүмкіндіктері қолмен қойғандай, анық та қанық түрде жазылуымен, тек тарихшылар мен саясаткерлерге ғана емес, ел ертеңіне бейжай қарай алмайтын кез келген азамат үшін де айрықша құнды. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ» демекші, біз еліміздің, әсіресе тәуелсіздігіміздің тарихын әсте ұмытпауға, керек болса, оның қадіріне жетіп, әрбір кезеңінен тағылым түйіп, ұлықтап, құрметтеуді болашақ ұрпақтарымызға аманат етіп тапсырып кетуге міндеттіміз.
Ең бастысы, «Тәуелсіздік дәуірі» рухты, ұлттық намысты оятады, сананы сілкіндіреді, жаңа жетістіктерге де жігерлендіреді. Сондықтан да аталған туындының тәуелсіздігіміздің тұғыры берік те мығым, болашағымыз баянды болуына зор септігін тигізетініне бек сенімдіміз.

Динара ЖҮНІСОВА,
Жамбыл жоғары политехникалық
колледжінің оқытушысы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support