- Advertisement -

Әр мәселенің өз шешімі болады

103

- Advertisement -

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ғимаратында бір күнде бірнеше басқарманың 2017 жылы атқарған жұмыстарының есептері тыңдалды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев қатысты. Онда қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру, табиғи ресурстарды тиімді, орнықты пайдалану, орман-тоғайлы аумақтарды ұлғайту және өсімдіктер мен жануарлар әлемінің биоалуандығын сақтау бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Сапаралиев баяндама жасады.

Оның айтуынша, басқарманың 2017 жылғы бюджеті 1887,3 миллион теңгені құраса, биылғы бюджеті 1 285,1 миллион теңге көлемінде. Бүгінде орман қорының аумағы өңірдің 30,8 пайызын алып жатыр. Ал оның орманмен көмкерілген аумағы 15,47 пайызды құрайды. Бұл – республика бойынша ең жоғары деңгейдегі көрсеткіш. Баяндамашы өздерінде атқарылған жұмыстарға былтыр және биыл қанша қаржы бөлініп, оның қандай мақсаттарға жұмсалғанына, сондай-ақ орман өртінің алдын алу және жою шараларына да тоқталып өтті. Есепті кезеңде орман қоры аумағында өртке қарсы жаңадан 2000 шақырым минералды жолақтар жасалыныпты. Өртке қарсы пайдаланылатын 57 автомашина, 39 трактор соқасымен, 14 әмбебап цистерна, арқаға асылатын 97 өрт сөндіргіш және 580 шыртылдақ дайындалған. Орман қоры аумағында 38 өрт бақылау мұнарасы мен 16 бекет орналастырылыпты. Былтыр көктемде 1700 гектар жерге көшет пен орман ағаштары отырғызылып, күзде 3300 гектар жерге сексеуіл тұқымы себілген. Сексеуіл ағаштарын заңсыз тасымалдағаны үшін 27 жеке тұлғаға қылмыстық іс қозғалыпты.
Ж.Сапаралиев облысқа ағын судың 80 пайызы қырғыз елінен жеткізілетінін де атап өтті. Осы орайда «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 49,0 миллион текше метрді құрайтын 3 су қойма салу жоспарланып отыр екен. Баяндамашы теңгерімінде 73 су қоймалары мен бөгеттері бар «Жамбыл су қоймалары» КММ-нің жұмысын тиімді жүргізу мақсатында қосымша 10 қызметкер және техникалар мен шаруашылық заттарын алуға 99,0 миллион теңге қаржы қажет екенін айтты. Баяндамада облыстың экологиялық мәселелері де қамтылған. Оның ішінде тұрмыстық қалдықтарды орналастыру және өңдеу, Тараз қаласындағы ағынды су тазартатын биологиялық толық кешенді стансаның, Мойынқұм және Қордай аудандарында уран кеніштеріндегі рекультивация жасалынған аумақтарда радиациялық қауіпсіздік бойынша мемлекеттік мониторингтің болмауы, Билікөл көлінің ластануы мәселелері де сөз болды.
Бұдан кейін Фермерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Ж.Дайрабаев мал шаруашылығымен айналысу үшін жалға берілген жерлердің тарифтерін төмендету мүмкіндігі туралы сұрақ қойды. Баяндамашы оған: «Қоғамдық кеңесте талқыланып, ары қарай құзырлы мекемелермен келісіп, осы жылдың мәслихат сессиясына тарифті төмендету бойынша ұсыныс енгіземіз. Қазіргі таңда нақты қанша теңге болатыны белгісіз», – деген жауап қайтарды. Сондай-ақ «Мойынқұмдағы шіріген сексеуілді арзандатып сатуға және жинауға ертерек қыркүйек, тамыз айларында рұқсат беруге бола ма?» деген сауалға «2019 жылға дейін сексеуілді сатуға, таратуға мораторий жарияланған» деген жауап берілді. Жиында «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қ.Құдайбергенұлы қосымша баяндама жасады.
Ал келесі кезекте есеп берген облыстық ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров 2017 жылы эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге республикалық бюджеттен 1 миллиард 234 миллион 822 мың теңге бекітіліп, тікелей аудандық бюджеттерге берілгенін жеткізді. Соңғы жылдары ветеринариялық-санитариялық шаралардың күшеюіне байланысты сібір жарасы тіркелмепті. Тараз қаласы мен аудандарда қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулайтын 24 бригада құрылып, бұл мақсатқа 52 миллион 566 мың теңге бөлінген. Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау және қадағалау бойынша 13 стационарлық, 6 жылжымалы ветеринариялық-санитарлық зертхана тиісінше жұмыстар жүргізуде екен. Ауыл шаруашылығы жануарларына вакцина егу және қан сынамаларын алу жұмыстарын оңтайландыру мақсатында есепті кезеңде Жуалы ауданында – 8, Шу ауданында – 5, Мойынқұм ауданында 12 елді мекенде мал қамайтын орындар, жылжытпай ұстайтын қондырғылар орнатылыпты. Баяндамашы мұндай жұмыстардың басқа аудандарда да қолға алынуы қажет екенін тілге тиек етті. Мал қоралары мен ауруларды залалсыздандыру жұмыстарына ДУК автокөліктері қолданылуда. Биыл облыстық бюджет есебінен олардың қатарын 5 бірлікке арттыруға қаржы бөлініпті. Өткен жылы мұндай екі көлікті Мойынқұм ауданы өз бюджеттері есебінен сатып алған.
Облыс әкімінің орынбасары М. Мұсаев жергілікті бюджеттен ветеринариялық пункттерді қызметтік ғимаратпен қамту, елді мекендерде мал қамайтын орындар, жылжытпай ұстайтын қондырғылар орнату үшін кезең-кезеңімен қаржы қарастыру, ветеринариялық пункттердегі интернет жүйелерінің жылдамдығын көтеру, мүйізді ірі қара малдарын шомылдыратын душтар салу, қолданыста болған бұрынғы тоғытпаларды іске қосу, жаңа тоғытпалар салуды жалғастыру, базарларға түскен мал өнімдерінің ветеринариялық ілеспе құжаттарының болуын және сараптамадан өтуін тұрақты бақылуға алу сынды тапсырмалар берді.
Басқосу бұдан әрі облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының есебімен жалғасты. Басқарма басшысы Бейбітбек Жайлыбаев өзінің баяндамасында 14 миллион 426 мың гектардан астам облыс жері аумағының 72 пайызы тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы екенін атап өтті. Облыстың жер есебінде 17,2 мың гектарды алып жатқан 103 қосалқы шаруашылық тіркеліпті. Олардың бар-жоғын анықтау, түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 81 қосалқы шаруашылық орнында бар екендігі анықталған. Енді жұмысын тоқтатқан шаруашылықтардағы 12062 гектар пайдаланусыз қалған жерлер мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін құжаттамалық түгендеу барысында егістік жерлер көлемі 14,9 мың гектарға, оның ішінде суармалы алқаптар 11,5 мың гектарға ұлғайыпты. Мемлекет басшысының суармалы егіс алқабын 40 пайызға ұлғайту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 2017-2018 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітіліп, мұндай санаттағы жер көлемі 2017 жылы 1176 гектарға, 2018 жылы 1502 гектарға ұлғайтылуы көзделіп отыр екен. Бұл жоспарды есепті кезеңде Сарысу, Талас аудандары орындай алмапты. 2017 жылы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлығы 827,5 гектар жер бөлінген.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Мәден Тоқтарбайұлы: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сондықтан бүгінгі көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына тиісті мемлекеттік органдардың барлығы да атсалысуы керек», – деп, Тараз қаласы мен аудандар әкімдеріне, бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Қарлығаш Есбергенова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support