- Advertisement -

«Қазақпыз ғой» дегенді қашан қоямыз?

130

- Advertisement -

Өмір деген қызық қой, шіркін. Таяуда Ақтөбе қаласына жолым түсті. Соңғы жылдарда қала көп өзгеріпті: жаңа көрікті мөлтек аудандар бой түзепті. жергілікті кәсіпкер Кенжебек қаланың көрікті жерлерін біраз аралатты. Еліміздің көптеген аймақтарында іссапарларда болып жүрміз ғой. Талай кереметті де көрдік. Дегенмен қаланың қазіргі сәулеті адам қызығарлықтай екен: көшелері кең, ғимараттары еңселі, зәулім, көшелерге көптеген жас шыбықтар, жасыл шыршалар отырғызылыпты. Тіпті, өңірдің дәрігерлері бірлесіп, «Батыс-2» шағын ауданынан тұңғыш рет медицина қызметкерлерінің «Денсаулық» скверін ашыпты.

Алғашқы деп айдар тағуымның мәні бар. Себебі Ақтөбеден кейін мұндай денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған демалыс орны Шымкент қаласында ғана ашылған. Өзге өңірлерде жоқ. Бұл дегенің – денсаулық сақтау қызметкерлеріне деген құрмет қой. Еңбектерін қадірлеп, мамандықтарын ардақтағаны.
– Аға, ауылдан қалаға келгеніме 25 жылдай уақыт өтті, – деп бастады әңгімесін жол бастаушым. – Әр салада еңбек еттім. Алғашқыда құрылыста дәнекерлеуші болдым, бірте-бірте өз кәсібімді аштым. Қазір енді өз бизнесім бар. Онда інім, жиенім және бірнеше таныс адамдар жұмыс істейді. Тұрғындарға ұсынатын қызметіміз – Ресейден газбен қыздырылатын қазандықтар (котелдар) алып келіп, үйлерге, пәтерлерге орнату. Төрт-бес жылдың ішінде осы кәсіпке әбден төселіп қалдық, ісіміз дөңгелеп жүріп берді. Құдайға шүкір, қазір Ақтөбеден ғана емес, Ақтау, Атырау өңірлерінен де сұраныс түсіп тұрады. Талабы бар жанға жұмыс табылады екен. Тек алғашқы қиындықтарға шыдамдылық танытса болғаны. Менің айтайын дегенім бизнес жайы емес, қоғамдағы қалыптасқан кереғар көзқарастар туралы. Шүкіршілік ететіні, қазір қазақ жастары шетел асып, небір мамандықты игеріп жатыр. Бірақ, әлі де қазақ мамандарына күдікпен қарау, сенімсіздік сейілмей тұр.
Біздің қазандықтар сататын дүкенімізде екі қазақ, бір орыс жігіті қызмет істейді. Дүкенге келетіндер негізінен жергілікті қазақтар. Ал байқайтыным – келушілер қазақ сатушыға жоламайды. Әлгі орыс жігітін төңіректеп, білмегенін содан сұрап, кеңес алып жатады. Тіпті тілі күрмеліп, орысша сөйлей алмай тұрса да сонымен кеңескісі келеді. Бұл не сонда?
Қазандығы бұзылғандар да көмек сұрап, телефон шалады. Өзара келісім жасасқан соң, әлгі тапсырыс берушілердің көбі: «Кімді жібересіз?» деп сұрайды. Аты-жөнін атасаң, телефонның ар жағындағы кісі: «Не, сіздерде орыс шеберлері жоқ па?» – дейді тағы. Біз бір-ақ орыс жігітіміз бар екенін, оның тапсырысы көп екенін түсіндіреміз. Әлгілер: «Онда кеш болса да, түн болса да соны жіберіңдер. Басқаларының керегі жоқ. Қазақтарды білеміз ғой…» – деп шыға келеді. Қазақ жігіттерінің де қолынан көп іс келетінін, олардың да жақсы тәжірибелері бар, өз кәсібінің шеберлері екенін айтып ұғындыра алмай қойдық, – деп күрсінді Кенжебек.
Өзді-өзін мансұқ еткен қайран жұрт. Өзгенікін таңсық көретін әдет қалмайды-ау осы. Неге біз қазақ мамандарына сенімсіздікпен, күдікпен қарап, менсінбейміз? Неге өзімізді-өзіміз төмен санаймыз? Құдайға шүкір, қазір қазақ жігіттері техниканы, жаңа технологияларды біркісідей-ақ меңгеріп алды. Компьютер десең, оны да шашып-жинай алады. Ғарышқа да ұшып жатыр. Білімі де ешкімнен кем емес. Базбір салалар бойынша, тіпті оза шауып жүргендері бар. Әртүрлі шетелдік компанияларда, алыс-жақын елдерде ұлтымыздың қаншама талантты, дарынды жігіттері жемісті еңбек етуде. Бірақ, сол баяғы ескі түсінік қалар емес қыр соңымыздан өкшелеп.
Алысқа бармай-ақ, таяуда өзім куә болған мына бір жайтты айтып берейін. Дәрігер болған соң, көп таныстарым әртүрлі мәселемен күн демей, түн демей телефон шалып жатады. Әрине, дәрігерлік кеңес алатындары басым. Жақында бір танысым қоңыраулатып, келінінің аяғы ауыр екенін, босануға уақыты жақындап қалғанын айтты. Өтініші – перзентхананың бірінен жақсы бір акушер-гинеколог тауып беру. Өзім жақсы білетін бірнеше тәжірибелі таныс дәрігерлердің есімдерін атадым. Тыңдап болып: «Татьяна Николаевна деген дәрігер бар екен ғой. Соны танымайсыз ба?» – дегені. «Иә, білемін, ол да тәжірибелі, білікті дәрігер…» деп, – жауап бердім. «Ендеше, шынына көшейін, келінім сол дәрігерді таңдап отыр. Сол кісімен бізді таныстырып, біздің проблемалары­мызды шешіп беруге көмек етсеңіз…». «Ол перзентханада Татьяна Николаевнадан да білімді, білікті, тәжірибелі мамандар бар ғой. Неге таңдау дәл соған түсті?» – деймін мен. «Келініммен бірге қызмет істейтін орыс әйелдері әлгі акушер-гинекологті жер-көкке сыйғызбай мақтап, сол дәрігердің қолына түссең, бәрі жақсы болады деп әбден құлағын көтеріп қойыпты. Ниеті әлгі дәрігерге қатты ауған, нанымы солай болып тұр. Сондықтан біз не істейміз, сол Татьяна Николаевнаны іздестіріп жатырмыз, айып етпеңіз…», – деді.
Әлгі перзентханада ондаған тәжірибелі қазақ дәрігері жүр. Олардың арасында Татьянаны білімі, тәжірибесі жағынан да он орап алатындары бар. Бірақ солардың бәрін менсінбей, Татьяна Николаевнаны іздегендерге не жорық? Бұл не? Сонау кеңестік кезеңде пайда болған қасаң түсініктен қашан арыламыз? Біз қашан ішкі дүниемізді өзгертеміз?
Тағы бір қазаққа көлеңкедей жабысып, қалмай келе жатқан жағымсыз сөз бар. Ол бір кемшілік болса, «қайтесің, қазақпыз ғой…» деген сөз. Сөйтіп, қайбір іске кешіріммен қарап, көңілімізді жұбатамыз. Ойланыңызшы. Неге «қазақпыз ғой» деп, қонаққа шақырған жерге кешігіп баруымыз керек? Неге ырғалып-жырғалып той иесін және оған жиылғандарды 1,5-2 сағат күттіреміз? Кемшілікке «қазақпыз ғой» деп неге кешірім жасаймыз? «Өзбекпіз ғой» немесе «қырғызбыз ғой», немесе «орыспыз ғой» деп, өздерінің теріс қылығын жуып-шайып, басқалардың алдында «өтірік» ақталып жатқан кімді көрдіңіз? Керісінше, өз ұлтын мақтан етіп, құрметтейді, сыйлайды. Ал біз болсақ өзімізді-өзіміз төмендетіп, тәртіп­сіздігімізді, кемшілігімізді дабырайтып көрсетеміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз қаласы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support