- Advertisement -

Еңбекпен тапқан нан берекелі

177

- Advertisement -

Айтпайын-ақ деп едім. Шаһардың орталық алаңынан әріде, Абай көшесімен оңтүстікке қарай жүрсеңіз, жанарын жерден алмай, алдындағы қағаз қорапқа телміріп екі-үш адам отырады үнемі. Қара қарғаның миын қайнатардай аптап ыстықта да, ызғары бойыңды билетпей бүрсең қақтырар қыстың суық күнінде де сол бір көрініс. Қашан көрсең де қаңтарылған аттай, қимылсыз қарап отырғаны. Ары-бері өткен жүргіншілердің де бұған көзі үйреніп, еті өліп кеткен бе дерсің. Бірлі-жарымы болмаса, қалтасын қарманып жатқаны аз.

Осы жерден өткен сайын ойға шомамын. Пендешілік сананың үстемдік құрып тұрғанын іштей мойындағанда, бойыңды дәрменсіздік билейді екен. Барлық кінәні кеңестік кезеңдегі теңгермешілік, біркелкілік секілді құбылыстардың, «үкімет өлтірмейді» деген жалпақ ұғымның салдарынан іздейтін әдет қой баяғы. Бойкүйездік, немқұрайдылық, жалқаулыққа итермелейтін масылдық қой санамызды билеп алған. Әйтпесе аяқ-қолы бүтін, дені сау адамның кісіге қол жайғаны қайбір оңған тірлік дейсіз. Бірақ…
Олардың жанына үңіліп көрген кім бар? Бәлкім, бірде ащы, бірде тәттісін алма-кезек ұсынар тағдырдың сынына төтеп бере алмай, морт сынған болар. Әлде барар жер, басар тауы қалмады ма? Мүмкін, қиналғанда демейтін, қысылғанда қолұшын беретін жан таба алмады ма? Оңай жолмен нәпақасын айырғанды жөн көретіндер де жоқ емес шығар. Жарға жыққан қайратсыздығы ма екен? Осындайда хакім Абайдың он жетінші қара сөзі еске түседі. Бүгінде кей пенденің ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстай алмауы – ғылымға, яғни білуге, үйренуге деген құштарлықтың аздығынан ба?
Қайратсыздық дегеннен шығады ғой, ерік-жігері мықты адам кез келген қиындықтан шығар жолды табуға ұмтылады емес пе?! Сондай қажыр-қайраты мол жан осы көшенің қарама-қарсы бетінде, аялдаманың артқы жағында отырады. Ұлты басқа, арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жанның кәсібі – ескі кітаптарды сату. Оған бұл іске көмектесетіндер бар шығар. Әйтпесе, бір өзіне осы жерге кітаптар тиелген арбаны итеріп әкелудің өзі оңайға соқпайтыны анық. Ол кітаптарын қолжетімді бағаға саудалайды. Әлем әдебиетінің көптеген классиктерінің туындыларын, орыс жазушыларының көп томдықтарын 5-6 мың теңгеге сатып ала аласыз. Қол жайып, қайыр сұрамай, тіршілігінде тірнектеп жинаған том-том жауһарларды сатылымға шығарып, табыс табады.
Қайыр сұрау мәжбүрліктен туатын әрекет десек те, мұндай құбылыс қазаққа жат. Қилы-қилы кезеңдерді бастан өткерсе де, туыстық, рулық қарым-қатынасты берік ұстанған халқымыз ешқашан жетімін қаңғыртып, жесірін жылатпаған еді. Қара су ішіп, бөстек төсеніп жатса да, еңбекке жалданып, нәпақасын айырған. Бүгінгідей қол жайып, дала кезіп кеткені жоқ еді. Қайран қазаққа бұл бөтен «мінез», бөгде «қылық» қайдан жабысты? Осының бәрі ұлттық рухымызды жоғалтып алғанымыздың кесірі емес пе?
Рас, дамыған мемлекеттердің өзінде қайыршылар көп. Дерекке сүйенсек, жер шарында 100 миллионға жуық қайыршы бар көрінеді. Олар әсіресе, үлкен қалаларды көп паналайды. Тіпті, әлемді аузына қаратқан АҚШ-та да қайыр сұрайтындар қаптап жүр. Кейбір дамыған елдерде өктем топтар қайыршылықты бизнес көзіне де айналдырып алған. Қол жаюды кәсіп санайтын ұлттар да жоқ емес. Біздің барлық кесір мінезді келмеске кеткен кеңестік кезеңге телитін әдетіміз ғой. Ал сол Кеңес одағы кезінде қайыр сұрау пайдалы еңбекпен айналысудан жалтару, арамтамақтық ретінде деп саналған еді. Бұл үшін олар әкімшілік жауапкершілікке де тартылатын.
Бұл тақырыпты қозғап, айтпайын деп едім. Бірде сол маңнан өтіп бара жатып, ақсақалды қарияның қайыр сұрағаннан еңсесін тіктей алмай, жанарымен жер шұқып отырған әйелдің қасына барып, мұндай күйге қалай тап болғанын сұрап жатқанын байқадым. Жүрісімді баяулатып, әңгімелеріне құлақ түрдім. Оның не деп жауап бергенін естімедім. Бірақ, қарт кісінің: «Осылай отыра берсең, ауру табасың. Денсаулығың ауыр жұмыс істеуге жарамаса, арнайы мекемелерге барып, кеңес алып, өзіңе қолайлы іспен айналыссайшы. Еңбекпен тапқан нанның берекесі бар», – деген қамқор үні құлағымда көпке дейін шыңылдап тұрып қалды.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support