- Advertisement -

Қос кәсіпорынның жеңісі

128

- Advertisement -

Елімізде жыл сайын ұйымдастырылатын «Парыз» байқауына өңірден бірнеше кәсіпорын үміткер ретінде ұсынылған-ды. Олардың арасынан екеуі жүлделі орындарға ие болып қайтты. Байқаудың «Ең үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша өңірдегі беделді кәсіпорын – «Бином Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екінші орыннан көрінсе, ал Байзақ ауданындағы «Алди и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қоршаған ортаға және экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында қола жүлдеге ие болды.

Мемлекет басшысы алға қойған асқаралы міндетті абыроймен орындауға бар күш-жігерлерін жұмылдырып келе жатқан «биномдықтар» жылына 4 миллиард теңгеге дейін құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүзеге асыра алады. Серіктестік облыс аумағында әлеуметтік және су шаруашылығына қажетті нысандар салуда. Құрылыс ісін жүргізу үшін арнайы жобасын жасап, материалдарын да өздері өндіріп, оларды кең ауқымда пайдаланады.
Ол компанияның бұл дәрежеге оңайлықпен қол жеткізбегені анық. Ол осыдан он бес жыл бұрын жабылып қалған су шаруашылығы нысандарын салумен шұғылданатын «Агроқұрылыс» кәсіпорны базасында құрылған. Су шаруашылығы нысандарын жөндеуге кіріскен кезде компанияда 10 ескі техника және 20 адам ғана жұмыс істейтін. Бүгінде «Биномның» қолтаңбасын аймақтағы көптеген ірілі-ұсақты нысандардан кездестіруге болады. Мемлекеттік комиссия «биномдықтар» құрылысын жүргізген Тараздағы жобалық-сметалық құны 3,2 миллиард теңгені құрайтын Қан құю орталығы, «Астана» шағын ауданындағы орта мектеп пен балабақша, Жамбыл ауданының Аса ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепке жақсы баға бергені де есте.
Жалпы, бүгінде компанияда тұрақты – 300, ал еншілес кәсіпорындарда 100-ден астам адам жұмыс істейді. Жазда жұмысшылардың саны 500-ге дейін жетеді. Қазір мұнда орташа жалақы – 90 мың теңге көлемінде. Серіктестікте кадр тұрақсыздығы жоқ. Құрылысшылардың 20-30 жылдық еңбек өтілдері бар.
Кәсіпорында сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Шығарылған құрылыс материалдарының барлығы сертификатымен сатылады.
Ал байзақтық кәсіпкер Жамалбек Қожабекұлының «Алди и К» серіктестігі аталған аудан мен Тараз қаласы бойынша қалдықтарды қабылдау, жою, тасымалдау, сұрыптау және тазалық жұмыстарымен шұғылданады. Бір жылдың ішінде бұл компания 1000 тоннадан астам қалдықты жойған. Серіктестік бүгінде «Веста Плюс» Пир – 0,5 К» муфельді пеші арқылы қауіпті қалдықтарды залалсыздандырумен айналысуда. Мәселен, компьютерлік және оргтехникалық корпустарды, пайдаланылған түрлі майларды, фильтрлерді, медициналық, биоорганикалық және құрамында мұнай өнімдері бар қалдықтарды залалсыздандыруы, жалпы, қоршаған ортаға пайдалы. Қоршаған ортаның залалсыз болуы тұрғындар денсаулығына оң әсерін беретінін баршамыз білеміз. Сондықтан Жамалбек Есенқұловтың атқарып отырған жұмысы өте маңызды. Қазіргі таңда ол қалдықтар жиналатын полигон аумағын қоршау жұмыстарын жүзеге асыруда. Серіктестікте 10-нан астам машина-трактор бар. Техника жағы жеткілікті. Кәсіпкер азамат 35 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Жамалбектің Сарыкемерде «Бағлан» мейрамханасы, бірнеше сауда нүктелері халыққа қызмет көрсетуде. «Байқау жүлдегері атанып, Елбасының қабылдауында болғанымды зор бақыт, үлкен жетістік санаймын. Алдағы уақытта да облыс экологиясының тазалығына, қоршаған ортаны зиянды жағдайлардан қорғауға күш-жігерімді жұмсай беремін», – дейді республикалық «Парыз» байқауының қола жүлдегері.

Қарлығаш Есбергенова
Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support