- Advertisement -

Жұлдызы жанған жампоздар

116

- Advertisement -

Облыс әкімі ел мерейін асырған саңлақтарды қабылдады

Биылғы жыл өңір спортшылары үшін толайым табыстарға толы болды. Сайыпқырандарымыз халықаралық деңгейдегі аламандарда қатарынан оза шауып, көк байрағымызды көкте желбіретті. Жыл бойы айтулы додалардан жүлделі қайтқан оғландарымызды облыс әкімі қабылдап, сый-сияпат тапсырып, талабын ұштап келді. Әсіресе Германияда бокстан өткен әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралған Әбілхан Аманқұл пәтер кілтіне, еркін күрестен Париждегі әлем біріншілігінен қола медальмен оралған Ақжүрек Таңатаров қомақты сыйақыға ие болғанын жанкүйерлер басылым бетінен оқып-біліп отырды.

Жыл жабылар тұста да облыс басшысы қалыптасқан үрдісті сәтімен жалғастырып, бірқатар сайыпқырандарымызды қабылдап, қаржылай сыйлық табыстады. Олардың қатарында таяуда ғана жүзу спортынан Мексикада өткен әлемдік сында 50 метр қашықтықта алтыннан алқа тағынған (мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында еркін стильден) Зүлфия Ғабидуллина, паратаэквондодан Ұлыбританиядағы әлем чемпионатында жасындай жарқырап, топ жарған Өмірәлі Нышан, самбо күресінен Ресейде өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген Аида Карчаева, кикбоксингтен Түрікменстандағы жабық кешенде жалауы желбіреген Азия ойындарында алтын жүлде иеленген Ақерке Наурызбаева мен Мақсат Үсіп бар.
Қандай жарысқа қатысса да, жүлдесіз қайтпай жүрген саңлақтармен жүздескен Кәрім Нәсбекұлы алдымен Мексикада әлем чемпионы атағына қол жеткізген Зүлфия Ғабидуллинаны зор қошеметпен қарсы алып: «Талай сында сыр бермеген біздің Зүлфиямыз жақында ғана Мексикада өткен әлемдік додада тағы да чемпион атанды. Жарайсың, Зүлфия! Жамбыл жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын!» – деп, даңқты спортшыға ризашылығын білдірді. Бұдан кейін облыс әкімі спорт саңлақтарына түрлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап, Жамбыл жерін әлемге танытып жүргендері үшін алғыс айтып: «Барлықтарыңызды шын жүректен құттықтағым келеді. Сіздер облысымыздың ғана емес, еліміздің де мақтанышысыздар. Ата-аналарыңа, бауырларыңа менен дұғай сәлем айтыңыздар. Келе жатқан Жаңа жыл табысты болсын!» – деген ізгі ниетін жеткізді.
Кәрім Нәсбекұлы Мексикадағы әлем чемпионатында алтын жүлдегер атанған жүзу спортының шебері Зүлфия Ғабидуллина мен паратаэквондодан Ұлыбританиядағы әлем біріншілігінен жеңімпаз атанып оралған Өмірәлі Нышанға 1 миллион теңгенің, қалған спортшыларымызға 500 мың теңгенің сертификатын табыстады. Өз кезектерінде спортшылар алда тұрған байрақты бәсекелерде тағы да ел мен өңір намысын абыроймен қорғауға бар күштерін жұмсайтындарын айтып, әрқашан спорттық бабын жоғалтпауға тырысатындықтарын сөз етіп, облыс әкіміне алғыстарын жеткізді.

Табиғат абаилдаев

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support