- Advertisement -

Жаңа сұрып – өнімділік пен тиімділік кепілі

236

- Advertisement -

Егін шаруашылығы саласында тұқым шаруашылығын дамыту, жоғары өнімді жаңа сұрыптарды өндіріске енгізу маңызды рөлге ие. Оларды қолдану арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапасы ғана артып қана қоймай, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі де өседі.
Саладағы маңызды буынның бірі – Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын сынау жөніндегі Жамбыл облыстық инспектурасы». Мекемеге қарасты 5 сұрып сынау бөлімшесі 5 топырақ-климаттық және әкімшілік аймаққа бөлінген. Бұл бөлімшелерде ауыл шаруашылығы дақылдары мен жеміс-жидек дақылдарының 40-тан астам түріне және 270-тен астам сұрыптар мен гибридтеріне сынау жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптарын мемлекеттік сынақтан өткізу жүйесінің басты мақсаты – барлық ғылыми-зерттеу институттары мен селекциялық тәжірбиелік мекемелерде шығарылған дақылдардың түрлері мен гибридтеріне жан-жақты объективті және дәл бағасын бере отырып, өнімділігі мен сапасы жағынан жоғары және басқа да қасиеттері мен белгілері жақсы сұрыптар мен гибридтерді таңдап, Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылған селекциялық жетістіктері Мемлекеттік тізіміне кіргізу, яғни ресми түрде аудандастырып, өндіріске енгізу.
Облыстық инспектура бойынша сынаққа қойылған ауыл шаруашылығы дақылдарының сұрыптары мен гибридтерінің саны жыл сайын артуда, 2012 жылы сынаққа 214 сұрып пен гибридтер қойылса, 2016-2017 жылдары бұл көрсеткіштің саны 322-ге жетті. Оның 114-і отандық болса, 168 сұрпы мен гибриді шетел селекциясын құрайды. Облыстық инспектура бойынша 2012-2017 жылдар аралығында сұрыптарды сынау тәжірбиелерінің қорытындылары нәтижесінде өнімділігі мен сапасы жөнінен аудандастырылған және теңестірілгендерден асып түскен 73 ауыл шаруашылығы дақылдарын аудандастыруға шешім қабылданды. Яғни бес жылдың ішінде 73 сұрып өндіріске жол тартты. Оның ішінде дәнді дақылдардан – 4, жүгеріден – 10, дәнді бұршақ дақылдардан – 4, көкөніс және бақша дақылдарынан – 40, жемшөптік дақылдардан – 5, майлы дақылдардан – 5, қант қызылшасынан – 2.
Сынақтан өтіп, өндіріске енгізілген жаңа перспективалық сұрыптардың тұқымдарын көбейтіп, суперэлита, элита ретінде аттестатталған тұқым шаруашылықтарына беру керек. Сондықтан біздің облыста аудандастырылған сұрыптардың тұқымын көбейту үшін бастапқы тұқым шаруашылығы жұмыстарын ғылыми-зерттеу институттары мен бірегей тұқым өндірушілер жүргізуі қажет. Ал біздің сұрып сынау бөлімшелеріміз тұқымды көбейтумен айналыспайды, біздің жұмыс оларды тәжірбие-сынақтан өткізуге бағытталған.

Сәкен Аптиялиев,
облыстық ауыл шаруашылығы
дақылдарының сұрыптарын сынау жөніндегі инспектурасы мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support