- Advertisement -

«Руханият» орталығындағы риясыз кездесу

112

- Advertisement -

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында зиялы қауым өкілдерін және белсенді ардагерлерді қабылдады.

Облыс басшысы өз сөзін жыр алыбы Жамбыл бабамыздың ұрпаққа мұра болып қалған тағылымды ой-тұжырымдарымен бастады. Жыл өткен сайын дамыған өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын саралаған ол барлық жетістіктер тәуелсіздігіміздің арқасында, Елбасының ерен еңбегінің нәтижесінде келгенін тілге тиек етті.
– Ағымдағы жылдың басында Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыруды басты бағдар етіп алдық. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланды. Мақала аясында рухани кемелденуімізге бастайтын бірнеше бағыттар белгіленді. Оның барлығы біздің өңірде де белсенді түрде жүзеге асырылуда. «100 жаңа есім» жобасы бойынша біздің өңірден 8 азамат жеңімпаздар қатарынан көрінді. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іс жүзінде қолға алып отырмыз. Латын гафикасына негізделген әліпбиге көшуді облыстың барша тұрғыны қызу қолдап, жаңашылдыққа ұмтылып отыр. «Туған жер» бағдарламасы аясында қазірдің өзінде кәсіпкер азаматтар өз ауылдарына қамқорлық көрсете бастады. Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Дөненбаевтың ауылына 95 орындық балабақша, мешіт үйін салғанын, өзге де ауқымды істер атқарып жатқаны соған дәлел.

Қордайлық кәсіпкер Қайрат Молдасейітовтің өз ауылына жасаған жақсылығы талайға үлгі. 2 миллиард теңгеге Тараздан жаңа үлгідегі «Атлетик» спорт кешенін салып берген Манарбек Ағайдаровқа да алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Биыл облыстың өндіріс саласында 330 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша жалпы құны 568 миллиард теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылуы көзделіп, 6085 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тараз қаласында және барлық аудандарда өндіріс, ауыл шаруашылығы салалары бойынша өркендеу бар. Біздің облыс алдағы уақытта индустриалды-аграрлық өңірге айналатын болады. Баламалы энергия көздерін өндіру бойынша да республикада көш бастап келеміз. Биылдың өзінде өңіріміздегі 1225 отбасы жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлады. 2015 жылы жерлесіміз Мұқаш Ескендіровке Қазақстанның Еңбек Ері жоғары атағы берілгенде ерекше қуандық. Сол атақты биылдың өзінде екі жерлесіміз Асанәлі Әшімов пен Жақсылық Үшкемпіров Елбасының қолынан алып, мерейімізді тасытты. Біздің өңірдің келешегі зор. Қай салада болсын өркендеуге зор мүмкіндік бар. Сондықтан, баршаларыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Сіздермен жүздесу бір ғанибет. Былтыр ғана арамызда жүрген Арғынбай Бекбосын ағамыз осындайда ойға оралады. Мереке құтты болсын, денсаулықтарыңыз мықты, жазарларыңыз көп болсын! – деді облыс әкімі К.Көкірекбаев.
Сөз соңында Жаңа жыл қарсаңында облыс қаламгерлерінен құралған делегация Алматыда тұратын жерлесіміз, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, марқұм Бақытжан Бауыржанұлының шаңырақтарына барып, сәлем беріп, жағдай сұрап, құттықтап қайту жөнінде ұсынысын айтып, бұл сапарды ұйымдастыруды Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосыновқа тапсырды.
Мұнан соң Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, жазушы Несіпбек Дәутайұлы қаламгерлерді, өнер адамдарын құрметтегені үшін облыс басшысына алғысын білдірді.
Соңынан облыс басшысы бір топ зиялы қауым өкілдеріне қаржылай сыйлық тапсырды.

Есет досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support