- Advertisement -

«ЦИФРЛЫ АЛТЫННЫҢ» ҚҰПИЯСЫ

189

- Advertisement -

a_c4f167c6 Бақтияр АЛДАШОВ, 
облыстық мәслихаттың депутаты, ТИГУ профессоры.

«Ақылды экономикаға»

бет бұру

BitcoinsЕкінші мыңжылдықтың алғашқы онжылдығында түрлі елдердің саяси көшбасшылары экономиканың кезекті, алтыншы технологиялық құрылысқа өтуі туралы ойларын айта бастады. Бұл құрылыс дәл қазір (2010-2020 жылдары) біртіндеп жүзеге асуда, ал нағыз кемеліне келіп, іске қосылар шақ – 2040 жылға таяу. Бұл ретте 2020-2025 жылдары жаңа ғылыми-техникалық және технологиялық төңкеріс нәтижесінде цифрлы экономика алғы шепке шығып, «ақылды экономиканың» немесе криптоэкономиканың дәуірі тумақ. Ал, «ақылды экономика» міндетті түрде жаңа заңнамаларды және әлемдік нарықтағы жаңа стандарттар мен жаңа ережелерді, сондай-ақ, жаңа ақшаны талап ететіні белгілі. Технологиялық көзқарас тұрғысынан алып қарайтын болсақ, криптовалюта түріндегі жаңа ақша идеясы компьютер пайда болған кезде-ақ айтыла бастаған. Бүгінде бұл бастама өз жолын тауып, заңдылықтары жетілдіріліп, стандарттары бекітілуде. Дәл қазір заң тұрғысынан реттеусіз-ақ, биткоин криптовалютасының «тіршілік етуін» мойындаған елдердің қатарына Аустралия, Бельгия, Бразилия, Ұлыбритания, Дания, Индия, Ирландия, Италия, Қытай, Колумбия, Пәкістан, Сингапур, Словакия, Түркия, Филиппин, Чехия, Эстония және Оңтүстік Африка Республикасы кіреді. Биткоинды электронды ақшаға теңестірген елдер сапына Аргентина, Болгария, Гонконг, Исландия, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Финляндия, Франция, Хорватия, Оңтүстік Корея және Жапония жатады.
Айта кетерлігі, биткоинға Ресей, Бангладеш, Эквадор, Тайланд, Вьетнам сынды елдердің бірқатары түбегейлі, кейбірі ішінара тыйым салған. Ал, Қазақстан билігі әзірге әлемдік тәжірибені зерттеп көруде. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қазірдің өзінде криптозаңнамалар жобасы, ұлттық криптовалютаның (криптотеңге) айналымға енуі және арнайы венчурлық қор мен биржаның құрылу барысы талқылануда. Осы орайда Мемлекет басшысы «Халықаралық-есептесу-төлем бірлігін енгізу мәселесімен шындап айналысатын уақыт жетті. Бұл әлемді валюталық соғыстардан, делдалдықтан сақтап, сауда қатынастарындағы ауытқулардан арылуға және нарықтағы құбылмалы құбылыстардан құтқаруға мүмкіндік береді» деп атап көрсеткені белгілі. Елбасының пікірінше, әлемдік бірыңғай криптовалюта оны тұтынушылар басқара алатын «ақша шығарудың қарапайым ашық тетігі» болуы керек. Мүмкін, әңгіме әзірге «цифрлы алтын» деп шартты атау алған халықаралық қосалқы валюта төңірегінде өрбіген шығар.

«Цифрлы алтын»
идеясы – ғаламдық қаржылық жүйені қайта жаңғыртуға жетелейтін жол

Криптовалютаны жаппай ресми қолданысқа енгізу ерте ме, кеш пе ғаламдық қаржылық жүйенің қайта жаңғыруына әсер ететіні анық. Ал, бұл үдеріс өте нәзік әрі ауыртпалығы көп, себебі ол ең алдымен әлемдегі ірі держава – АҚШ мүддесінің «жанды жеріне» тиіп кетеді. Өйткені, әлемдік қаржылық жүйенің басты тіректерінің бірі – доллар қысымда қалғалы тұр.
Еске салсақ, бір кездері экономикалық катаклизмдер мен доллардың девальвациялануы «алтын стандарттан» (Бреттонвуд валюталық жүйесі) бас тартуға, 1976-1978 жылдардағы Ямайка жүйесінің құрылуына, яғни, әлемдік қаржы жүйесіндегі нағыз «төңкеріске» алып келген еді. Оның басты мәні – астарында алтын менмұндалап тұрған тиянақталған валюталық курстан «құбылмалы» курсқа өту болды. Бұл оқиға халықаралық қатынастардың жаңа дәуіріне – жаһандану дәуіріне жол ашты. Жаңа үлгінің кереметтігі сол – «ғаламдық доллардың» көмегімен экономикалық проблемаларды өндірістік дамыған елдерден дамушы елдерге ысыра салу тетігі жасалды. Алғашқысының мемлекеттік қарыздары мен халықтың өмір сүру деңгейі өссе, екіншісінің де қарыздары көбейгенімен қоймай, оған көпшілігі әлі күнге шешімін таппаған ішкі әлеуметтік-экономикалық түйткілдер қосылды. Әлемдік экономиканың көшбасшы елдерінің (АҚШ, Еуропалық одақ, Қытай) жиынтық қарыздары 2017 жылы шектен тыс көбейіп кеткен, түрлі есептеулерге сүйенсек, ол берешек 50 триллион долларға жуықтаған. Бұның соңы қалай боларын, енді не істеу керектігін ешкім дөп басып айта алмайды. 2008-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыс тығырығынан шығу жолында әлемдік саяси және іскер топтардың арасында доллардың ендігі басымдығынан бас тарту қажеттігі туралы мәселе өткір талқыланды. Ғаламдық қаржы жүйесіндегі күйреу қаупі тұрақсыздыққа әкеліп тіресе, бір жағынан ұлттық үкіметтер доллардың «алтын эталонын» ұстап қаламыз ба, әлде жаңа «үлгіні» ойлап табамыз ба деген екіұшты таңдаумен бас қатырды.
Көптеген сарапшылар ендігі дүниежүзілік дағдарыс шабуылына доллар төтеп бере алмайды деген ортақ пікірде қалды. Ұлттық үкіметтер бұл түйінді түрліше тарқатуға тырысып бағуда. Мәселен, бірнеше жоба ұсынылған, атап айтсақ, Еуропалық одақтың сәтті жүзеге асқан еуросынан бастап, М.Каддафидің орта жолда қалған «алтын динары», Солтүстік-Америкалық одақтың (АҚШ, Канада, Мексика) «амеросы» мен Еуразиялық экономикалық одақтың (Ресей, Беларусь, Қазақстан, Армения, Қырғызстан) «алтыны».
Біраз талдаушылар «ақылды экономика» дәуірінде дамыған елдердегі шарықтаған қарыз мәселесін алтынға еш қатысы жоқ болса да тек «цифрлы алтын» ғана шешуге қабілетті екеніне көз жеткізген. Ал, «цифрлы алтынның» нағыз алтын еместігін ескерсек, бұл арада да әжептәуір тәуекел жатыр. Айталық, әлемдік криптовалютаға бір мезетте өтудің соңы ұлттық мемлекеттердің қаржы ресурсын ыдыратса, ал ақша шығару (эмиссия) ұлттық орталық банктердің бақылауынан шығып кетеді. Ұлттық үкіметтердің неліктен қауіптеніп отырғанын осыдан-ақ ұғуға болады. Десек те әлем ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында электронды төлем жүйесін жаппай заңдастырудың және дәстүрлі ақшаның «цифрына» өтудің бастапқы кезеңінен өтіп қойды. Сонда да, биткоинға деген көзқарас адамдарда әлі екіұдай күйде тұрғаны да рас.

Сатоши Накамотаның әмиянының құпиясы неде?

Ақшаның тек есепті ғана емес, тыныштықты да жақсы көретіндігі баршамызға аян. Қаржы әлемінде кездейсоқ өзгерістердің орын алуы екіталай. Сондықтан да 2008-2009 жылдардағы дағдарыс шарықтау шегіне жеткен тұста әлі күнге дейін аты беймәлім Накамота ғаламторды пайдаланушылар үшін биткоин атты валютаның жаңа түрін ұсынды. Алыпқашпа әңгімелер алғашқы электронды ВТС-әмиянды көзге көрінбейтін адам жасап шыққанын айтады. Ал, онымен алғашқы қаржылық операцияны (транзакция) 2008 жылдың қазан айында Хэл Финли есімді азамат жасаған. Шынында, Сатоши Накамота есімімен байланыстырылатын нақты тұлға жоқ деп жорамалдауға негіз бар. Ұйымдасқан арнайы топ Дэвид Чауманың (1983) шифрланған транзакция төңірегіндегі бірқатар инновациялық ізденістерін, Адам Бэктің «Hashcash» атты спамдарға қарсы күрес жүйесін, Нико Сабоның «Bingold» қаржы жүйесін орталықсыздандыру жобасын пайдалана отырып, биткоинды жасап шыққан.
Алайда, авторлық құқық мәселесіне ерекше назар аударылғанын ескере отырып, нарықтық экономикада «бөгде» адамның шығармашылыққа деген «шексіз сүйіспеншілігі» осындай озық технологияның «пайда болуына» ықпал етті деуге сене қою қиын. Оның үстіне, биткоинның транзакциясын тұтынушылар тегін пайдалана алады. Ал, электронды төлемнің дәстүрлі жүйесінде ақша аударымдары үшін қомақты соманың комиссия ретінде ұсталатындығы мәлім. Мәселен, Visa және Mastercard жүйелері банктер арасындағы аударымдардағы комиссия есебінен жылына 30 миллиард доллар табыс табады екен. Әлемнің кез келген түкпірінен қаржы аударымдарын ұйымдастыратын америкалық «Western Union Company» компаниясының былтырғы жылдық табысы 253,2 миллион долларды құраған. Бұл 2015 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 3,3 есеге төмен көрсеткіш.
Бәрінен бұрын криптовалютамен жүргізілетін тегін аударымдар алдамшы болып келеді. Мұндағы басты мақсат – жаңа өнімді тұтынушылар мен инвесторлардың санын арттыру. Қазірдің өзінде криптовалюта өзінің төңірегіне криптовалютаны «өңдеуге» арналған құрал-жабдықтар саудасы, арнайы биржалар, криптосақтандыру қызметтері, криптомаркетинг, цифрлы тауарлар мен қызметтерді сату сынды бірнеше бизнес-бағыттарын топтастырып үлгерді. Бүгінде биткоинмен интернет арқылы күнделікті қолданыстағы доллармен, еуромен, рубльмен, теңгемен, гривнамен және тағы сол сияқты ұлттық валютамен саудаласқандай, кез келген сауда-саттық түрін жасауға болады. Оның үстіне биткоинды электронды биржалар арқылы «қолма-қол» ақшаға немесе қолма-қол ақшаны биткоинға айырбастап алудың да мүмкіндігі бар. «Криптовалюта» термині криптографиядан қорғалған виртуал валюта деген мағынаны береді. Ал, криптография ұғымы ежелгі грек тілінен аударғанда «жасырын» және «жазу» дегенді білдіреді. Яғни, биткоин бұл тек қана ғаламтор арқылы ғана пайдалануға болатын «қорғалған» валютаның жаңа буыны. 1 биткоин 100 000 000 сатошиге тең. Басқаша айтқанда 1 сатоши 0,00000001 биткоинды құрайды.
2011 жылдың ақпанында ВТС курсы 1 АҚШ долларын құрады. Сол тұста көпшілік ВТС-тің жаңа үлгідегі тренд екендігіне мойынсұнбастан, оның қымбаттауы мүмкін деген пікірге күдікпен қарады. Бірақ, сол жылдың мамыр айының өзінде ВТС-тің бағасы 28 есе қымбаттап шыға келді. Күн сайын «цифрлы алтын» арқылы 300 мыңнан астам аударым жасалады. 2017 жылдың 7 қазанында ВТС үшін орташа курс долларға шаққанда 4 760,37 АҚШ долларын құрады.
Электронды ақша аударымдарында криптовалютаның биткоиннан бөлек 800 түрі есепке алынған. Бірақ, ВТС-тің капитализациялануы жоғары, курс бағамы құбылмалы болып келеді. Сондықтан да виртуалды биржада биткоиндардың AsicCoin, AuroraCoin, BatCoin, Elacoin, GameLeagueCoin, FutCoin, Isracoin, LiteCoin, TeslaCoilCoin, TopCoin, SHACoin, Skeincoin, UtaCoin, XauCoin сынды түрлері сатылымға шыққан. Бұл қатарда LiteCoin-ға ерекше назар аудару керек. Оны ойлап тапқан Чарли Ли LiteCoin-ды күмістің құнымен теңестіре алды. Ғаламторда Ethereum, DigitalCash, Ripple, ZeroCash және Monero сынды криптовалюталар көп қолданысқа ие әрі «үлкен болашағы» бар деп саналады.

Эмиссия неліктен 21 000 000 ВТС-тен аспайды?

Биткоинды жасаушылар оның технологиясын әр кезекті өңделген сайын потенциалды «олжаланған» ВТС төмендеп, ал болуы мүмкін виртуалды монетаның жалпы саны шексіз емес және ол 21 000 000-нан аспайды. Биткоинның хаттамасы мен бағдарламалық кодына транзакцияның кезекті блогы блокчейнге әр 10 минут сайын жазылып отыратындай етіп енгізілген. Яғни, сағатына – 6, ал тәулігіне 144 блок жазылатындай есептелген. Алғашқы 4 жылда 10,5 миллион биткоин «олжаланса», одан кейінгі 4 жылда тағы да 5,25 миллион биткоин қоржынға түскен. Қысқасы, алғашқы 8 жылдың қорытындысына қарасақ, 15 миллион 750 мың биткоин «табыс» түскен. Сәйкесінше, «олжаланған» биткоин көлемі әр 4 жыл сайын 2 есеге төмендеп отырады. Яғни, биткоинда әлдебір төртжылдық «олжа» кезеңі (циклы) жүріп тұрады. Бұл дегеніңіз – 33 төртжылдық кезең немесе 132 жыл. Қорытындысында соңғы сатоши 2140 жылы «қоржынға түседі». 33 төртжылдық кезеңнің 33 символдық биткоин-мекен-жайға қатысты нақты дерегі жоқ философиялық пайымдар бұл алгоритмнің кездейсоқ еместігіне жетелейді. 33 – әлемдік ірі діндер мен тылсым қоғамдардың салттық саны.

Бір «тізбекке» байланған…

Биткоиндар (одан өзге де танымал криптовалюталар) транзакциясының негізі ретінде «бірге-бір» немесе теңқұқылы айырбас мағынасын беретін пирингтік технология (A Peer-to-Peer Electronic Cash System, «peer-to-peer», P2Р) – «blockchain» жүйесін (ағылшын тілінде block – блок, chain – тізбек) айта аламыз. Виртуалды ақша жүйесінің бірсанатты құрылғысы қаржы делдалдарын, оның ішінде мемлекеттік институттарды айналып өтіп, қатысушылар өз араларындағы «сенім арқылы» электронды транзакцияларды жүргізе беруге мүмкіндік береді. Эмиссия (ақша шығару) математикалық есептеулерді жүргізетін арнайы бағдарламалардың көмегімен әлемдегі миллиондаған компьютерлердің жұмысы арқылы атқарылады.
Заң тілімен түсіндірсек, Р2Р – бұл заңгерлік саладағы екіжақты келісім тұжырымдамасы және қисынға негізделген абсолютті құқықтық қатынас жүйесі. Қолданушылар арасында ВТС-ке өту биткоиннің әр алдыңғы және әр кейінгі иесінің электронды қолтаңбасы бар жүйеленген сипаттама түрінде тіркеледі. ВТС транзакцияларының (блоктарының) реестрі өзіне Bitcoin пирингтік клиентін орнатып алған әр қолданушыда болады. Бұл қосымша әрдайым 1-ден басталып, кездейсоқ сандар мен әріптерден тұратын (орташа алғанда 33 символ) биткоин-мекен-жайларды құруды қарастырады. Тізбектегі ақпаратты қайта тексеруге болады, ал түзетуге болмайды. Қолданушылардың бір бөлігі блоктардың верификациясымен (есептеумен) айналысып, ол іске өздерінің ресурстарын (арнайы қондырғысын, процессорлық уақыт және электр) енгізіп, есесіне сыйақыға – жаңа биткоиндарға ие болады. Биткоин алтынға ұқсағандықтан, бұл процесті «майниг» (ағылшын тілінен аударғанда «mining» – «олжа») деп атады. Блоктардан алған сыйақыны тек 120 мақұлдаудан кейін ғана пайдалануға болады.

Бір монетаның
төрт кейпі

Осы күнге дейін биткоин мағынасы нені білдіретініне қатысты сұраққа нақты жауап жоқ. Бірқатар сарапшылар ол туралы жасырын пайда мен табыс көзі, қолды болмауға кепіл беретін, пайдалану жеңілдігі, аударым жеделдігі бар, орталық банктер мен қаржы жүйесіндегі барынша әділетті құрылғы деп жақсы пікірін білдірсе, бір тобы оны халықаралық мафияның валютасы, трансшекаралық қылмыстық «тірліктердің» тиімді құралы деп есептейді. Ал, үшінші топ бүкіл адамзаттың қаржысы мен қорын цифрлау мақсатында ойластырылған болашақ қаржылық бақылау жүйесінің жоғары технологиялық жобасы деген кесімін айтты. Мәселен, Ресей Сбербанкінің басшысы Герман Греф «blockchain» технологиясына әбден көзі жеткен маман ретінде «Биткоин – ол жарып шығатын технологиялардың бірі де бірегейі» деген еді. Алайда, нақты нені «бұзып-жарып» шығатынын Сбербанк топ-менеджері нақты айтпады.
Жоғарыда айтылған тұжырымдардан биткоинның кем дегенде төрт «кейпін» анықтауға болады: 1) жарып шыққан жаңа технология; 2) айырбас және төлем құралы (цифрлы ақша); 3) инвестиция құралы (немесе нарықтағы делдалдық) және 4) ғаламдық қаржылық реттеудің жаңа құралы.

Криптотеңгенің
келешегі

Барлық мемлекеттік құрылымның арманы – биткоинды тек заңдастырып қана қоймай, оның анонимділігін жою, жеке және заңды тұлғалар транзакциясының артында тұрғандарды «су бетіне шығарып», оларды қатаң қадағалауға алу, салық төлеуге мәжбүрлеу. Үкімет виртуалды мәміленің қос тарабында кімдердің жүргенін білуге аса құлықты. Шын мәнінде олар биткоинды бойына өзіне тән қасиеттері жиналған (анонимділігінен басқа) әдеттегі қолма-қол емес ақшаға айналдырғысы келеді. Дегенмен, бұл мәселе төңірегінде әлі пікірталас жүріп жатыр. Көпшілігі мұндай «ашықтық» қолданушылар арасында қызығушылықтың жоғалуына әкеліп соғады десе, бір тобы криптовалютаны жария ету қаржылық нарықты бағындыру мәселесінде баянды болашақ қалыптастыратынына сенімді.
Мұның ақиқатына әлі ешкім жете қойған жоқ. Бастысы – Қазақстан дұрыс бағытта алға жылжып келеді. Әлемдік тәжірибені, жалпы криптовалютаны қолданудың мүмкіндіктерін, оның ішінде «мемлекеттік» криптовалютаны айналымға шығарудың перспективасын сараптап, бақылап көруде. Әлемдік валюта жүйесіндегідей ақша табиғатының шарасыздықтан ауысу процесі кезінде криптотеңгені жарыққа шығару стратегиялық сипатқа ие болады. Жаңа валюталық жүйе мемлекеттік эмитенттерден қолдау тауып, қорғалып, ғаламдық бәсекеге түсетін мемлекеттік криптовалюталар тобынан құралуы әбден мүмкін. Егер бүгін дәстүрлі теңгеге доллардың, еуро немесе рубльдің қырымен қарайтын болса, онда ертең криптотеңге заңды мәртебесін ала отырып, посткеңестік елдердегі тұңғыш криптовалюта атанып, тіпті әлемдегі әлеуетті инвесторлар үшін аса қызықты актив болуы бек мүмкін. Одан бөлек, күн сайын блокчейн-технологияны енгізіп, оның тілін білетін білікті мамандарға деген сұраныстың арта түсетіні де сөзсіз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support