- Advertisement -

Тұлға рухына тағзым

330

- Advertisement -

Мерейлі Меркіде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың ескерткіш-бюсті бой көтерді

қазақтың бағына біткен қайраткер, тірісінде ұлтының жоқтаушысына айналған арда азамат, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімі ұлықталды.

Алты алаштың аманатын арқалаған азаматтың жүріп өткен жолы – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сонау бір жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған кезінде іргетасын өзі қалаған Асанбай Асқаров атындағы орталық стадионның алдында таутұлғаның 95 жылдық мерейтойына орай ескерткіш-бюстінің ашылу салтанатының өткізілуінің өзі – біз үшін мақтаныш. Шараны аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков құттықтау сөз сөйлеп ашып, сөз кезегін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері Көпжасар Нәрібаевқа берді. Ол өз кезегінде өнімді ісімен, тұлғалық қырымен ұлтының ұлы атанған Асекеңнің азаматтық болмысы хақында ой қозғады. Тереңнен толғап, тебірене тіл қатты.
Шара барысында Асекеңдей біртуар азаматтың 93 жастағы жұбайы Фатима Асқарова, Алматы қаласынан арнайы келген Мүсілім Дайырбеков, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Исмайл Тұрсынқұлов және Асанбай Асқаровтың бауыры Қабыл Тоқпанбетов Құттықтау сөз сөйлеп, арда туған азаматтың атын ардақтаған меркіліктерге шынайы алғыстарын білдірді. Ескерткіш-бюсті мерейтой иесінің зайыбы Фатима Ғалиқызы мен Көпжасар Нәрібаев ашты. Тұлға есімі ұлықталған шара барысы мәдениет үйіндегі ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.
Конференцияда академик Көпжасар Нәрібаев «Халық қамын ойлаған дана басшы», ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмеков «Тұран – түркілердің рухани қазығы», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев: «Ел дегенде езіледі жүрегім» тақырыптарында баяндамалар оқып, рухы асқақ, тәні бекем Асекең жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, белгілі қаламгер Мархабат Байғұт өзінің «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмалық пьесасы негізінде Асанбай Асқаровтың қилы тағдыры туралы толыққанды баяндама жасады.
Кейіннен Қазақ ұлттық Университетінің баспаханасынан «Өнегелі өмір» атты сериямен жарық көрген Асанбай Асқаров туралы жинақтың тұсаукесер рәсімі болды.
Мерекелік салтанат соңында Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов, Жамбыл, Меркі аудандары мен Тараз қаласынан келген балуандар түйе балуанды анықтау үшін бозкілемде белдессе, аудандық Мәдениет үйінде облыстық филармонияның әншілері әннен шашу шашты.

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген:
Еркін Жасыбаев.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support