- Advertisement -

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды қолға алсақ

98

- Advertisement -

Облыстық қоғамдық кеңес Байзақ ауданының аграрлық саласындағы кәсіпкерліктің дамуы жағдайы мен мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.
Отырысты облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы ашып, жүргізді. «Біз қоғам дамуының аса жауапты кезеңінде ғұмыр кешіп келеміз. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде қазақ елін бүкіл әлем таныды. Сексеннен астам халықаралық ұйымдардың, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болды. Азиялық ел бола тұра Қазақстан Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік ұйымын басқарды. 160-тан астам елден мойны озық шығып, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу мәртебесіне ие болды. Жас мемлекетіміз осылайша дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Сарыарқаның сайын даласында елордамыз еңсесін тіктеді. Мұның барлығы қазақ елін елдікке бастаған Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асты. Ел Президентінің бес халықтық реформа: «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, «Мәңгілік Ел» идеясы дамуымызға жаңа серпін беріп отыр. Ал күні кешегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосатын негізгі қозғаушы күшке айналатынына бек сенімдіміз», – деді ол.
Одан әрі ол қоғамдық тыңдау барысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерге сәйкес Байзақ ауданының аграрлық саласындағы кәсіпкерліктің дамуы жағдайы мен мәселелері қаралатынын жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Д.Сұлтанбеков ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер, кәсіпкерліктің дамуы, дихандар мен мал өсірумен шұғылданатын шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер, керісінше кездесетін проблемалар және алға қойған мақсаттар туралы кеңінен баяндап берсе, облыстық қоғамдық кеңестің аграрлық саясат, ауылдық аумақтарды дамыту, табиғатты және жер ресурстарын пайдалану және техногендік үрдістер мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы С. Сейдәзімов жылдың басты құжатының басымдықтарына тоқталып, кеңес тарапынан жүргізілген сараптама жұмыстарының нәтижесін мәлім етті. Аудандағы аграрлық саланың жетістіктерімен қатар, кейбір кемшін түскен тұстарды ашық айтып, оларды шешу жолдарын түсіндірді.
Қоғамдық тыңдауда аудан тұрғындары тарапынан туындаған сауалдарға кезек беріліп, оларға облыс әкімдігінің басқармалары және кредиттік ұйым басшылары жауап берді.
Аудан әкімі Р. Рахманбердиев агроөнеркәсіпті дамытуға Елбасының әр жылғы Жолдауларында ерекше мән берілетінін, осыған сай еңбек етудің және шаруашылықтар мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартудың маңыздылығын, өңірдегі шешімін күткен басқа да мәселелерді атап көрсетіп, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Қоғамдық тыңдауға облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыс әкімдігі басқармаларының кредиттік ұйымдардың басшылары, фермерлер, түрлі агроқұрылымдардың жетекшілері, мамандары, облыстық, аудандық қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің мүшелері қатысты.

Айдана Шотбасова,
журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support