- Advertisement -

РИО-2016: Мырзағали Айтжанов түн ортасында боксшыларды шығарып салуға келген халыққа ризашылығын білдірді

50

- Advertisement -

Халықтың бізге деген ықыласынан қаншалық үміт артып отырғанын байқадым. Бұл туралы бүгін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов боксшыларды Бразилияға салтанатты түрде шығарып салу рәсімінде ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

«Біз ел намысын қорғауға Олимпиадаға бара жатыр дегенді естіп, әуежайға қаншама халық жиналғанын көріп тұрмын. Бұл біріншіден бізге деген халықтың құрметі. Екіншіден халықтың бізге деген ықыласы. Осыдан-ақ, еліміз боксшылардан қаншалық үміт күтетінін байқауға болады. Бұйыртса осы сенімді ақтауға бар күшімізді саламыз», — деп атап өтті бас бапкер.

Сондай-ақ, түн ұйқысын төрт бөліп, түн ортасында арнайы шығарып салуға келген жанкүйерлерге алғысын білдірді.

«Мен өз атымнан және осы құрамадағы барлық боксшылардың атынан бізге ақ жол тілеп, шығарып салуға келген барлық жанкүйерлерге, БАҚ өкілдеріне рахмет айтамын. Ал біздің міндет ел үмітін ақтап, жоғары жетістікпен оралу», — деді бас бапкер.

Ол Бразилияға жақсы дайындықпен бара жатқанын айтты.

«Дайындығымыз да, көңіл күйіміз де жақсы. Боксшылардың барлығы бабында. Астанадағы соңғы жаттығуымыз да жақсы өтті. Қанат Ислам шақыртқан АҚШ боксшылары және өзіміздің 2-3-нөмерлі боксшылар жаттығуларда жақсы көмектесті. Енді Риоға барып, дайындығымызды пысықтаймыз. Бұйырса, жігіттеріміз 6 тамыздан бастап, шаршы алаңға шығады», — деді бас бапкер Айтжанов.

Боксшыларды Астана әуе жайынан аттандырып салуға боксшылардың ағайын-туысы, дос-жарандары және жергілікті жанкүйерлер мен бірге БАҚ өкілері қатысып, сәт-сапар тіледі.

Ерлер құрамасы мен әйелдер құрамасы құрлықтың арғы бетіне бірге аттанды.

Осыған дейін хабарлағанымыздай боксшыларымыз Риода жарысты 6 тамыз күні бастайды. Осы күні сағат жергілікті уақытпен 11:00-де (Астана уақыты бойынша 20:00) 60 келі салмақта бірінші болып шаршы алаңға Б. Әбдірахманов шығады. Ал 17:00-де (Астанада 7 тамыз, 02:00 болады) 81 келі салмақтағы боксшымыз Ә. Ниязымбетов пен 91 келі салмақтағы В. Левиттың өнерін тамашалай аламыз.
Жарыстың екінші күні 7 тамызда 11:00-де (Астана уақытымен 20:00) осымен Олимпиадаға үшінші рет қатысқалы отырған ең жеңіл салмақ — 49 келідегі Б. Жақыпов өнер көрсетеді. Ал 17:00-де (Астана уақытымен 8 тамыз, 02:00) 81 және 91 келідегі боксшылар сынға түседі.
Тамыздың 8-і күні 11:00-де (Астанада 20:00) Қазақстан ұлттық құрамасының команда капитаны 69 келідегі Д. Елеусіновтің жекпе-жегіне куә боламыз. Осы күні сағат 17:00-де (Астанада 9 тамыз, 02:00) тағы бір батырымыз Ж. Әлімханұлы шаршы алаңға шығады.
Тамыздың 9-ы күні 11:00-де (Астанада 20:00) 60 келі салмақтағы боксшылар арасындағы іріктеу жарыстары өтеді. Ал 17:00-де (Астана уақытымен 10 тамыз, 02:00) 75 келі салмақтағы боксшылар мен +91 келідегі боксшылар арасындағы жекпе-жектерді тамашалайтын боламыз. Бұл күні қазақ боксшыларының арасындағы аса ауыр салмақтағы И.Дычко өнер көрсетеді.
Тамыздың 10-ы күні сағат 11:00-де (Астанада 20:00) 49 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылардың ширек финалдық бәсекелері басталады. Осы күні сағат 17:00-де (Астана уақытымен 11 тамыз, 02:00) қазақ боксшыларынан 56 келідегі Қ.Ералиев пен 64 келідегі А. Жүсіпов шаршы алаңға шығады. Сондай-ақ, 81 және 91 келі салмақтағы боксшылар арасында ширек финалдық бәсекелер өтеді.
Тамыздың 11-і күні 56, 64, 69, және 81 келі салмақтағы боксшылар арасында іріктеу сындары жалғасады. Тамыздың 12-сі бокстан қыздар арасындағы жекпе-жектер басталады. Бұл күні сағат 11:00-де (Астанада 20:00) 51 келі салмақта өнер көрсететін қарындасымыз Ж. Шекербекованың өнерін көре аламыз. Ал 13 тамызда 11:00-де (Астанада 20:00) 52 келі салмақта О. Сәттібаев шаршы алаңға шығады. Осы күні сағат 17:00-де (Астана уақытымен 14 тамыз, 02:00) 69 келідегі боксшылар арасында ширек финалдық додалар өтсе, 91 келі салмақта жартылай финалдық бәсекелер өтеді. Ал +91 келі салмақтағы боксшылар арасында іріктеу ойындары ары қарай жалғасын табыды. Тамыздың 14 күні сағат 11:00-де (Астанада 20:00) екінші боксшы қызымыз Д. Шакимова шыршы алаңға көтеріледі. Ал тамыздың 15-і күні сағат 11:00-де (Астанада 20:00) 52 және 75 келі салмақтағы бокысшылар арасында іріктеу ойындары жалғасады. 69 келіде жартылай финалдық ойындар өтеді.
17:00-де (Астана уақытымен 16 тамыз, 02:00) 91 келі салмақтағы боксшылар арасында финалдық ойындар өтеді. Тамыздың 16-сы күні бокстан әйелдер арасында 51 келі салмақтан ширек финалдық жекпе-жектер өтетін болады. 17 тамыз сағат 14:00-де (Астана уақытымен 23:00) 75 келі салмақтағы қыздардың ширек финалдық бәсекелері өтеді. Ал тамыздың 18-і күні әйелдер арасында 51 келі салмақтағы боксшылардың жартылай финалдық жекпе-жектері өтеді.
19 тамызда сағат 14:00-де (Астана уақытымен 23:00) 75 келі салмақтағы қыздар жартылай финалдық жекпе-жектерін бастайды. 20 тамызда 14:00-де (Астана уақытымен 23:00) 51 келі салмақтағы боксшы арулар арасындағы финалдық додар басталады. 75 келі салмақтағы қыздар арасындағы боксшылардың финалдық жекпе-жектері 21 тамыз сағат 14:00-де (Астана уақытымен 23:00) басталады.

 Ақпарат көзі: ҚазАқпарат

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support