- Advertisement -

Басы ауырып, балтыры сыздамаса да…

182

- Advertisement -

«еңбекке жарамсыздық» қағазын алушылар көбейді

Бірде қоғамдық көлікте келе жатып, екеудің әңгімесін құлағым шалып қалды.

– Шаршап жүрмін. Жұмыста да өнбейтін тірлік, үйде де сол. Бір жаққа барып, екі-үш күн демалсам қайтеді деп ойлап қоямын. Бірақ…
– Шаршасаң, демал. Сол да сөз болып па?! Екі-үш күнің аз, 3-4 мың ақшаңды қиып, бір аптаға «больничный» аштырып ал.
– Солай ма? Сен өзің жолын білетін сияқтысың ғой, маған берген көмегің болсын, жасатып берсеңші соны.
Құрбысына мұңын шағып отырған жанның жүзіне еріксіз жалт қарадым. Жаңа ғана қабағы бір түйіліп, бір жазылып, аса қатты қиналып тұрғандай еді. Осыны айтқанда екі көзі күлімдеп шыға келді.
Ойланып қалдым. Кейбіреулер сартап болып сарғайса да, күні-түні жанын жеген аурудан айығып, ел қатарлы еңбек етсем деп армандайды. Ал базбірі басы ауырып, балтыры сыздамай-ақ «демалып» алғысы келіп тұрады.
Иә, қазіргі нарық заманында бәрі сатулы. Бұған етіміз үйреніп кеткені соншалық, еш нәрсеге таңданбайтын болдық. Керісінше, көрсетілер «қызметтің» құны қанша тұратынын сұрап, қызығушылық танытамыз. Ақшасына келіссеңіз, өнімсіз тірлігіңіз әп-сәтте алға басады. Тіпті, басыңыз ауырмай, балтырыңыз сыздамай «больничный» аштыра алады екенсіз…
Бұл жолы мені әуестік жеңді. Ақыры ақылы «больничный» аштырып көрмек болдым. Алдымен қаладағы ең үлкен әрі сәулетті №5 емханаға бардым. Келушілер көп екен. Терапевт-дәрігерді осы маңнан табамын-ау деп шамалап, тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұрған есікке жақындағам. Қателеспеппін.
Бірақ, кезекті ұзақ күтуімізге тура келді. Бір науқасты қабылдап, қажетті тексерулерден өтуге кеңес беруге, оның қағаздарын толтыруға ең кемі 20-25 минут кетеді екен. Алдымда әлі қаншасы бар. Түске дейін қабылдауға кіре алмайтынымды түсініп, қарап отырғанша деп қасымдағылардан жайлап жөн сұрастыра бастадым. Байқасам, мұнда тұрған жиырма шақтының ішінде төрт адам «больничный» мәселесімен келіппіз. «Қашан қабылдайсыздар, «больничный» аштыруым керек. Кезек күтіп отырып, дұрыстап емделмейтін де болдық қой», – деп ашуға булығып, ара-тұра медицина қызметкерлерін тықсырып алып тұрған кісінің есімі Гүлнар екен. Қалаға көшіп келгелі біраз болыпты. Бірақ, әлі тұрақты тіркеуге тұрмаған көрінеді. «Қазір емхананы, дәрігерді таңдау еркі берілгені жақсы болды ғой. Тұрғылықты мекеніңе қарамастан, жеке куәлігіңді көрсетіп, өзіңе ұнаған емханаға тіркеле аласың. Сондықтан, тұрақ-жайың бойынша қалада тіркелмегенмін деп уайымдама. Ал ақшасына келісу үшін бір жақсы таныс тапқаның дұрыс. Қазір, ашықтан-ашық келісе бермейді», – деді ол.
Аурушаңдық қағазы мәселесімен кезек күтіп отырғанның біреуі Гүлнар сияқты емес, бейқам отырғандай көрінді. Тіпті, кезегі келген сәтте өзінен кейін келгендерге жол бергеніне қарап, дәу де болса, осы «ақылы» қызметке жүгінген жан шығар дедім іштей. Расында ол әлдекімді күтіп отыр екен. Бірақ, дәрігер бөлмесінен шыққан адам сырт киімде тұрғандықтан оның емхана қызметкері ме, таныс «делдал» ма ажырата алмадым. Әйтсе де, соңынан қуып жетіп, сол кісіден көмек сұрадым. Бас-аяғымды бір шолып өтіп, көмектесетінін айтты. «Ертең түстен кейін құжатыңды алып кел» деген…
№8 емханадағы жағдай да тура сондай болды. Гүлжанат керек кезде «больничный» алып тұратынын айтты. «Шұғыл жұмыстары шығып қалғанда жұмыстан сұранып жүрмеу үшін осылай жасауға тура келеді. Әрине, ең қысқа мерзім болғандықтан, үш күнге арзандау. Бір аптаға 3-4 мыңға келіседі», – деді ол. Бір-екі емханада таныстары бар көрінеді. Бірақ, қай емханалар екенін, дәрігерлердің аты-жөндерін атаудан бас тартты. Қажет болса, келісіп жасатып берейін дейді.
Сұрастыра жүріп, білгенім осы болды. Кейбір емханаларда «больничныйдағы» әрбір күн 500 теңгеге бағаланатынын естідім. Жұмыс күніңіз бес күндік болса, бір аптаға 2500 теңге төлейді екенсіз. Ең қиыны әрі қымбаттау түсетіні «бюллетеньді» өткен күнмен ашқызу дейді келіссөздерге баратындар.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «бюллетеньге» қатысты «ақылы» қызметін жарнамалап, электронды поштаға хабарлама жіберетін «делдалдар» да пайда болғанын да білеміз. Қалай десек те, бүгінде барлық нәрсеге жүрдім-бардым жеңіл қарайтын жандар көп. Жұмыстан қашып, «сценарий» бойынша ауырғанымен қоймай, олар қоғамдағы жемқорлықтың өршуіне себепкер болуда.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА, 
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support