- Advertisement -

Бірлігі күшті ел озады

912

- Advertisement -

Аймақтық қауіпсіздік және татулық деген кезде, жұдырық болып жұмылған, ынтымақ-бірлігі жарасқан ұлттар мен алауыздығы жоқ ел еске түседі. Қай ұлт, қай ел болсын бейбітшілік пен ашық аспанды, бақытты, терезесі тең, керегесі кең болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қазақстан бүгінде өзіндік саяси және экономикалық жүйесі қалыптасқан, әлем елдері мойындаған егеменді, тәуелсіз мемлекет. Біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талқысына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді.
Егемен еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ толғағы жеткен мәселелермен бетпе-бет келді. Сыртқы күштердің ықпалына түскен кейбір топтар сепаратистік, шовинистік, қоғам дамуын тығырыққа тірейтін пиғыл байқатты. Аталған күрделі жағдайға қарамастан Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап «Әуелі экономика, одан кейін саясат» деген қағиданы берік ұстанып, елдің экономикалық ахуалын көтеруге бел шеше кірісті. Ел билігі бейбітшілік пен келісім саясатын басты ұстаным ретінде жариялады. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың сеніміне ие болды. Мұнда бүгінгі таңда өзара татулық пен келісімде жүзден астам ұлттар мен этностар, этникалық топтар өкілдері тұрады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай «Біздің ортақ Отанымыз – Қазақстанның қарыштап дамып отырғаны – елімізді мекендеуші барлық этностардың ынтымағы мен бірлігінің арқасы. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге шығаратын да біздің осы қоғамдық татулығымыз. «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дейтін даналықтың шындығына бүгінде бәріміздің де көзіміз жетіп отыр», — деп бүгінде мемлекетімізде ұлттар достығы берік сақталып отырғанын жеткізді.
Елдегі ұлтаралық келісім мен жарастық мәселелеріне үлкен ықпалын тигізіп келе жатқан ұйымдардың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясы болып табылады. Жиырма жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан осы қоғамдық институт халықтар мен ұлттардың біртұтастығын сақтауды қамтамасыз етудегі басты міндеттерді тиімді түрде шешіп келеді. Бұл ұйымның алдына қойған мақсат-міндеттерінің бірі – нәсіліне, ұлтына, дінге қатысына, қандай әлеуметтік топқа жататындығына қарамастан республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының теңдігін, халықтар достығы мен ұлтаралық келісімді нығайту мен сақтау болса, бұл міндеттер табысты түрде іске асуда.
«Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі – ұлтаралық және конфессияаралық келісім, өзара түсіністік мен сыйластық. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген «өзге ұлттардың» бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері көпұлтты мемлекет болып шыға келді. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір Тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Ел тарихының едәуір бөлігі — оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының тарихы. Бұл ретте Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыт тынысымен сабақтасып келеді.
Еліміз жаңа XXI ғасырға, жаңа мыңжылдыққа адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді қастерлеп сақтай отырып, қадам басты. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана экономикалық және мәдени дамуды, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», — деп ерекше атап өткені белгілі.
Бұл жолдар біздің кеудемізде мақтаныш сезімін туғызады. Ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай! Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілейміз.

Абдуғаффар Алимбетов,
М.Х. Дулати атындағы ТарМУ «Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support