Күзетшілер де жаңа әліпби ережесімен танысты

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен облыстық тілдерді оқыту орталығында латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиін үйрететін Qazalipbi.kz онлайн бағдарламасын түсіндіру мақсатында іс-шара өтті. Бұл басқосу «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинетінде Ашық есік күні аясында ұйымдастырылды.
Жиынға облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері шақырылды. Оларға тәжірибелі маман Перизат Маханова жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін жан-жақты түсіндірді. Сабақ барысында күзет қызметкерлері өздері түсіне алмай жүрген бірқатар мәселелердің жауабын тапты. Тіл маманы оларға жаңа әліпби ережелерін тез меңгерген сайын мемлекеттің тіл саясатын қолдауға үлес қоса түсетіндерін жеткізді. Біз өз кезегімізде мекеме басшысын сөзге тартқан едік.
«Астанадағы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ғылыми практикалық орталығында 78 сағаттық тренерлік тәжірибе сабағынан 10 қызметкеріміз өтті. Сондай арнайы сертификат алған маманымыздың бірі – Перизат Маханова. Алдағы уақытта тренерлік тәжірибеден өткен басқа да мамандарымызға осындай жұмыстарды жүктейтін боламыз. Мақсатымыз – 2025 жылды күтіп жүрмей, көпшілікке ертерек жаңа әліпбиді меңгертіп, ұғындыру», – дейді облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова.

Comments are closed.