Ата Заң аясында: дерек пен дәйек

• Қазақстан Республикасының Конституциясы – Қазақстан мемлекетінің Ата Заңы. 1995 жылы 30 тамызда Республикалық референдум өткізу жолымен қабылданды. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі өзінің егемендік құқығын баянды етті. Негізгі заң қабылданған күн демалыс – мемлекеттік мереке, яғни Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланды.
• Бұл – Қазақстанның жаңа Ата Заңы (1926, 1937, 1978, 1993 және 1995 жылдар). Оның құрылымы кіріспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады.
• Жаңа конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Мұның өзі Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтік-құқықтық актілердің нормаларынан үстем екендігін көрсетеді.
• Кейінгі екі Конституцияның алдыңғыларынан елеулі айырмашылығы сол – бұлар тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсіздікті, егемендікті және Қазақстан халқының толық билігін бекітіп, одан әрі орнықтырды.
• Жаңа Заңда құқықтық мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, идеологиялық және саяси әр алуандығы, халық билігін жүзеге асыратын демократиялық амалдар, экономикалық қатынастардың қызмет етуі әлемдік талаптарға сәйкестендірілген.
• Қазақстан Республикасының Конституциясының кіріспесінде Ата Заңды қабылдаудың себептері мен мақсаттары былай түсіндірілген: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».
• Еліміздің Басты құжатына 1998 жылы 7 қазанда өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
• 2007 жылы 21 мамырда Конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң қабылданды.
• 2017 жылы наурызда Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
• Қазақстан Конституциясының даму кезеңдері:
І. 1926 жылғы 18 ақпандағы Қырғыз Советтік Социалистік Республикасының Конституциясы.
ІІ. 1937 жылғы 26 наурызда Советтердің Х Бүкілодақтық сьезінде қабылданған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Конституциясы.
ІІІ. Қазақ ҚСР-ның кезектен тыс ІХ шақырылған Жоғарғы Кеңесінің сессиясында 1978 жылдың 20 сәуірінде қабылданған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Конституциясы.
IV. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды.
V. Қолданыстағы Негізгі құжат осыдан 24 жыл бұрын 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданғанымен, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді.

Дайындаған Альмира ОМАРОВА.

Comments are closed.