Ақындар сөз қағысты сахнада

Қазақтың Кенені – жалғыз. Бұл жөнінде «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенекем айтып, өзіне-өзі баға беріп те кеткен. Таутұлғаның артында қалған мұрасы ұшан-теңіз. Кенен Әзірбаевтың дүниеге келгеніне биыл – 135 жыл. Қазақ өнерінің тарланы Кенекеңнің тойын қордайлықтар назардан тыс қалдырған жоқ.
Кенен ауылында «Ән кемеңгері – Кенен» атты екі күндік іс-шара өтіп, оның аясында ақындар айтысы да ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздің бірқатар аймағынан айтыскер ақындар қатысты. Аламанды аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов сөз сөйлеп ашып, Кенекеңнің мәңгілік мұралары жөнінде ой сабақтап, айтыскерлердің барлығына сәттілік тіледі. Сөз сайысын Кененнің ұрпақтарының бірі Бекзат Сәкенұлының әдемі жүргізгенін айта кеткен жөн.
Айтыстың алғашқы жұбы ретінде құландық Асхат Қылышбек пен қордайлық Талайбек Бұғыбаев шықты. «Ей, қырғыздың көрдім ақынын» деп екпіндеп сөз бастаған Асхат ел мен жердің жағдайын, Кененнің ұлағатты өмірін жақсы жырлады. Оның:

«Жұрттар бір ақынды жеңсе, мен Талайды жеңем»

дегенін де жездесіне деген ғажайып әзілі, тапқырлығы деп түсіндік.
Екінші жұпта Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрманов таластық Есет Досалымен сөз сайысына түсті.

«Әкеңіз шопан болған екен аға,
Өзіңді шопан емес, ақын еттің.
Әкеңменен жабылып шын айтыңыз,
Қанша малын қымқырдыңыз өкіметтің»

деген Нұрлыбектің әзіліне Есет ақын:

«…Әкем жайлы сен жеңіл әзілдеме,
Сан рет сақтап қалды суықтан малды.
Жесе өзінің ақ адал малын жеді,
Әдет етіп көрген жоқ сұқтанғанды.
Айтқыш болсаң, Нұрлыбек, айтпайсың ба,
Түйені түгіменен жұтқандарды»

– деп бүгінгі жол, тұрғын үй құрылысының сапасыздығын, нанның қымбаттағанын айтып, тектінің мекені болған жердің қасиетін де жырлай білді.
Біз әңгімелеп отырған аламан Жамбыл ауданынан келген Айтмұханбет Исақов пен байзақтық Алтынкүл Қасымбекова арасындағы жарасымды қалжыңмен қыза түсті. Республикалық, облыстық айтыстардың бірнеше дүркін бас жүлдесін алған бұл екі айтыскерді облыс жұртшылығы жақсы білетіні анық. Айтмұханбеттің:

«Алтынкүл мен білемін жайыңды анық,
Бар қазаққа жүрдің сен мойындалып.
Тойға піскен тоқаштай томпақ едің,
Жайылып болыпсың-ау жайын балық»,

– деп әзілдегеніне Алтынкүл:

«Ағаның айтқан назы бұл, көңілімнің сазы бұл,
Ойыңызда Алтынның он бес жасар кезі жүр.
Айтыстың жүзген көлінде «Алтынкүл қазір елуде,
Қайтадан жас қыз болмаймын, енді маған бәрібір»,

– деп қалжыңына қалжыңмен жауап берді. Тәжірибелі Айтекең:

«Алтынкүл сондай жасқа келсеңіз де,
Өмірдің заңдарына көнсеңіз де.
Бес бала туып, өсіріп берсеңіз де,
Біз үшін қылықтарың он сегізде»,

десе Алтынкүл:

«Алтын, Алтын дегенге,
Қызынып кетер ме екенмін.
Ауға түскен сазандай,
Сүзіліп кетер ме екенмін.
Қыпша белім қиылып,
Үзіліп кетер ме екенмін»,

– деп қалжыңға дес бермейтінін байқатты.
Қарағанды облысынан келген Ботакөз Мұхиддин мен шулық Бақытбек Жұмабековтің арасындағы айтыс та әдемі әзілімен есте қалды.

Кененнің сөзі үлгі, өзі үлгі,
Айтысып жолын қуған адамдарға.
Бойдақ жігіт кездесер деп келіп ем,
Бақытбекке кездессем шарам бар ма?
Түріңіздің қаралығы ерекше ғой,
Бетіңді ағартпайтын «загар» бар ма?
Бұйырғаны өзіңіз болғаннан соң,
Жарты сағат болады амалдауға»,

деген Ботакөзге Бақытбек:

«Шошыдың неге мені көріп мұнша,
Ботам деп ағаң жырын өріп тұрса.
Жүрегімнің ақтығын көрсеңізші,
Ағаңа арта бермей айып мұнша.
Ағайын, осы қызды алып қалшы,
Басына ақ орамал салып қалшы,
Бұйырып аяғымен кеп тұрғанда»,

– деп жақсы жауап бере білді.
Байзақтық екі ақын Әсет Дүйсебаев пен Дидар Басықараев та жарасымды айтыс жасай білді. Әсеттің:

«Ақындардың қиын ғой мінездері,
Дидаржан үйің толы ақынсыңдар.
Екі ақын жанжалдаспай, айқайласпай,
Бір үйде қалай тұрып жатырсыңдар»

деген әзіліне Дидар:

«Екі ақын бірін-бірі көрмеу үшін,
Жұмыс істеп жүреміз «сменменен»

– деп тапқыр жауап беріп,

«Кененнің ауылына келген кезде,
Күйші де ақын болып кетеді екен»

– деп тақырыпты да жырлай білді.
Қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен Бөрібай Оразымбетов соңғы жұпта айтысты. Екеуі де жарасымға, сыйластыққа толы шынайы айтыс жасады. Күміскүл:

«Кененнің жолын басқан бір қызымын,
бұл ауылдың бәрі таныс, бәрі достар»

– деп өзінің туған жеріне деген құрметін жеткізе білді.
Кеш барысында Руслан Мамытов «Жаса, қазақ!» әнін шырқап берсе, қорлайлық Қуаныш Ахметов пен байзақтық Дидар Басықараев арасындағы күй тартыс та көпшіліктің арқасын қыздырып, қиқулатты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов қорытындылап, барлық айтыскерге сый-сияпат жасап, алғысын білдірді.

Е.Жаңабайұлы.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту