Бауырларын жанындай жақсы көретін

Өмір-өзен тоқтаусыз ағып, зымырайды екен. Сол зымыраған жүйрік уақыт кезі келгенде ең жақын адамдарыңнан айырып, өкіндіретіні жаман-ақ. Біздің ардақты ағамыз, халықтың баласына айналып кеткен Сұлтекеңнің өмірден озғанына да бір жыл толып отыр.
Мен белгілі ақын Сұлтан Қалиевтің қарындасы екенімді әрқашан мақтан тұтамын. Қай кезде де ол кісінің бізге көрсеткен жан жылуын, ағалық қамқорлығын жадымыздан шығармайтынымыз анық. Ақын ағаның өңірге келіп кеткенінің өзі біз үшін бір мереке болатын. Ол кісі әр келгенінде өзінің жоспарымен, мақсаттарымен атбасын бұратын. Оқу орындары мен мектептерге соғып, жиі-жиі кездесулер өткізетін. Оның біріне қатысып, келесісіне қатыса да алмай жатушы едік. Бірақ ағаңның елге сондай абыройлы, халықтың алақанындағы адам болғаны біздің жанымызды жадыратып, мерейімізді ұдайы өсіруші еді. Енді ол күндер де оралмайды.
Сұлтан ағаммен мен қызмет атқарған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде де біраз кездесулер өткізілген болатын. Ол кезде колледждің директоры болып Сәуле Мұсаева қызмет атқарды. Біздің оқу орынының оқытушылары мен студенттері ағаға көңілдегі сұрақтарын қойып, өздеріне ұнайтын өлеңдерін оқытып, мәре-сәре болып жататын. Көпшілікке алдымен Сұлтан ағаның қарапайымдылығы, адалдығы, жайдары мінезі ұнайтын десем, қателеспеймін. Кездесу емін-еркін, ашық форматта өтетін.
Аса қадірлі Сұлтан ағай бауырларына да көп көңіл бөлді. Біздерге деген ықыласы бөлек еді. Бәріміздің үйімізге соғып, мейірім шуағын төгіп кетуге уақыт табатын. Алматыға бара қалсақ, бәрімізді ертіп алып, шаһардың ең көрікті жерлерін аралатудан жалықпаушы еді. Сол кездесулерде де Отанымыздың ертеңі, елдің болашағы, балалардың мөлдір әлемі төңірегінде толғанып, үлкен-үлкен ойлар айтатын. Оның барлығынан біздер өте зор әсер алатынбыз. Басқа бір әлемге еніп кеткендей күй кешетінбіз. Осындай Отаншыл, ұлтын сүйетін, ақын азаматтың біздің бауырымыз екеніне тағы да мақтанып қалушы едік.
Уақытты кім тоқтатқан десеңізші. Кезегімен жылдар да жылжып барады. Бауырларына қамқор, жанашыр, мейірімді Сұлтан Қалиев ағамыз енді біздің ортамызда жоқ. Әрине, олай деп айтуға аузымыз бармайды. Ол кісі үнемі біздің ортамызда жүргендей, апта соңында Алматыдан алып-ұшып келіп қалатындай күй кешіп жүретініміз бар. Оның барлығы асыл ағамызға деген қимастықтан, ол кісіге деген құрметіміздің жоғары болуынан ғой. Сұлтекеңді бауырлары ғана емес, бүкіл балалар әдебиетінің өкілдері, барша оқырмандары құрметтеді. Біз оның бәрін жан-жүрегімізбен сезінетінбіз. Республикалық «Ұлан» газеті ол кезде де жоғары сұранысқа ие екенін көріп жүрдік қой. Қазір де бала біткеннің сүйікті басылымы екеніне күмәніміз жоқ. Осы «Ұлан» газетін ұзақ жылдар бойы талмай басқарып, биік белеске көтерген Сұлтан ағаның еңбегі ұшан-теңіз деп есептеймін.
Ағаның жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!

Тұрғанай Мейірманқұлова
(Сұлтан Қалиевтің қарындасы).

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту