Істің көзін тапқан, табыстың өзін табады

Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің жұмыс сапарымен 10 ауданда болып, тұрғындармен кездесіп, олардың тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысқаны газет бетінде жарияланған болатын. Әрбір кездесуінен соң аймақ басшысы бақша салып, мал бордақылап, сүт сауып, жылыжайдан табыс тауып отырған аулаларды аралап, олардың үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықты қалай дамытып отырғандығын жүрген жерінде ауыл әкімдеріне үлгі ретінде айтып отыруы көп нәрсені аңғартса керек. Жалпы, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауыл халқының белсенділігін арттырып, үй жанындағы қосалқы шаруашылықты жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын үйлестіріп, тұрғындардың əл-ауқатын арттыруды көздеген іссапарлар барысында талай жақсы нәрсені көз көрді. Мұндай істен жуалылықтар да кенде емес екен.

Айнагүл ауласында құс өсіруде

Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Айнагүл Ахмадбекова бүгінде өзінің үйі ауласында үй құстарын өсірумен он жылдан бері тұрақты айналысып келеді. 2017 жылы кəсіпкер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 4 миллион теңге несие алып кəсібінің ауқымын едәуір кеңейткен. Бүгінде ай сайын инкубатор аппаратына 15 мың дана жұмыртқа салып, балапан бастырып шығаруда. Инкубатордан шыққан балапандарды апта сайын базарға апарып өткеріп, 400-450 мың теңге табыс тауып отыр. Одан бөлек айына 5 тонна құс етін өндіруде. Қорасында 2000-ға жуық құс бар. Күн сайын 200 дана тауық, үйрек, қаз жұмыртқасы жиналады. «Істің көзін тапқан, табыстың өзін табады» деген, сірә, осы болар.
– Біз белгілі бір тапсырыс көлемінде балапан бастырамыз. Қазіргі таңда етті бағыттағы тауық, үйрек пен қаздың балапанына деген сұраныс жоғары. Құстың бұл түрін инкубаторда басып шығару үшін жұмыртқаны Алматы қаласынан алдыртамыз. Жетпегенін ауылдағы құс өсірушілерден 30 теңгеден сатып алып отырмыз. Өзіміздікін базарға өткереміз. Жетпей жатса оны да инкубаторға саламыз. Оған қажетті арпа-бидайды базардан қажетінше алып, өзіміздің жем дайындау цехында өңдеп, құсқа азық етеміз. Алдағы уақытта құс фабрикасын салу ойда бар. Ол үшін былтыр аукционға қатысып, жер сатып алған едім. Жоспарымды жүзеге асыруым үшін маған 15-20 миллион теңге қажет. Несие алудың да мүмкіндігі болмай тұр. Банк талап еткен кепілдікті тауып бере алмай әзірге жұмысым тоқтап тұр, – деді А.Ахмадбекова.
Ол инкубаторды төрт ай ғана пайдаланып, қалған уақытта онда басып шығарылған балапандарды өсірумен айналысады. Кәсіпкер асыл тұқымды мал өсірушілер сияқты құсқа да мемлекет тарапынан субсидия берілсе дейді. Айнагүл бұл шаруасын отбасы болып жұмыла жүргізуде. Бүгінде ол бір азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Мәуесі бардың әуесі бар

Қызыларық ауылдық округіндегі Қызыларық ауылының тұрғыны Дəулет Үсенбаевтың иелігінде 70 гектар алма бауы бар. Бұдан бөлек ол үй жанындағы 25 сотық жерін де баққа айналдырып жіберген. Сонымен бірге үй іргесіндегі сайдағы бұлақтан көлшік жасап, балық шаруашылығын қолға алыпты. Онда көксерке, сазан, басқа да балық түрлері өсірілуде. Бағбан Дидарбек Үмбеталиев он бес жылдан бері бақты баптап, күтімдеумен келеді. Оның айтуынша, мұнда алманың ондаған түрі бар. Жалпы, 100-ге жуық алма, алмұрт, шие көшеттері отырғызылыпты. Қыркүйек айында жемісін арнайы жәшіктерге салып, базарларға өткеріп отырады екен.

Жылыжайдан айына
600 кило өнім жиналады

Көлбастау ауылдық округінің орталығы – Көлбастау ауылында Ардақ Мұзтаев ауласындағы 120 шаршыметрлік шағын алқапқа жылыжай орналастырып, қияр өсіруде. Ол мұны салу үшін 2,5 миллион теңге жұмсаған. Биыл үшінші жыл өнім беріп отырған жылыжай көлемін ұлғайту ойластырылуда екен. Үй иесінің айтуынша, шағын алқаптан айына орта есеппен 600 кило өнім жиналады. Таза табысы орта есеппен 60-70 мың теңгені құрайды. «Қазір қиярға деген сұраныс артып келеді. Енді жылыжайдың көлемін 600 шаршы метрге ұлғайтқалы жатырмын. Жерін дайындап қойдым. Бірсыпыра құрал-жабдықтар да алдық. Бүгінге дейін жылыжайдың қыр-сырын жақсылап меңгердік. Енді несие алу үшін құжат жинастырудамын. Менің ойымша екі жылыжайдың жұмысын үйлестіру үшін 10 миллион теңгеге жуық қаражат қажет. Діттегенім болып жатса, көршілерімді де жұмысқа тартпақпын», – дейді А.Мұзтаев.
Бұдан бөлек ол үйінің жанындағы бос жатқан 25 сотық жер теліміне 100 түп шие отырғызған. Алма мен алмұрт бауы да көздің жауын алып, жайқала өсіп тұр.

Құлпынайдан түсер табыс көп

Көлбастаулық Гүлсім Мұсабекованың отбасы да 25 сотық жердің әр бөлігін игілігіне жаратып отыр. Жеміс ағаштарынан бөлек шарбағында қияр, қызанақ, қырыққабат пен басқа да бақша өнімдері жайқалып тұр. Ауданның брендіне айналған картоп та әудем жерді алып жатыр. Бүгінге дейін 400 мың теңгедей табыс тауыпты. Бар болғаны 2-3 сотық жерден табыс тауып отырған Гүлсім Мұсабекова құлпынайдың жаңа сұрыптарын егіп, оның көлемін арттырмақ ниетте.
Үй егесінің айтуынша, бұл кəсіппен 15 жылдан бері айналысып келеді. Бір жазда құлпынайдан екі рет өнім алады. «Бұрын өсімдіктің көлемі 10 сотық болатын. Қазір біраз азайтып алдық. Енді жаңа сұрыптарын әкеліп егу жоспарда бар. Төңіректегі ауылдардың барлығы бізден келіп алады. Бұдан бөлек өз отбасымызға қысқа арнап 100 кило тосап жабамыз. Осылайша үйіміздің іргесіндегі жер телімін ұтымды пайдаланып, жемісін отбасымен азық етудеміз», – дейді Г.Мұсабекова.
Бұл – Жуалыда өңір басшысы Асқар Мырзахметовпен болған іссапар барысында көргеніміз. Жалпы, мұнда үй жанындағы жерді тиімді игеріп, қосалқы шаруашылығын жолға қойғандар баршылық.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту