- Advertisement -

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы жерлестерімен кездесті

35

- Advertisement -

Белгілі кітапханашы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ғалым Нұрланов Шу ауданында болып, көзі әлсіз көретін жандармен, кітапханашылармен, жастармен жүздесті.
Аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің ұйымдастыруымен өткен кездесуді аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев жүргізіп, зағип жандардың жанашыры болып жүрген Ғалым Адайұлына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен естелік сыйлық табыстады.
Аталған кездесуге өзінің бастауыштағы ұстазын шақырып, төрге шығарған Ғ.Нұрланов Нұрлыгүл апайына алғысын жеткізді. Сонымен қатар өзінің бүгінгі бағындырған белестерінің қалай басталғанын, нендей сындардан өткенін әңгімелеп берді. Әрі жерлестерінің осындай қошеметке бөлегеніне дән риза екенін сөз етті.
– Көзім нашар көрсе де, көзімнің анық жеткен ақиқаты ол қандай қиыншылықтарға ұшырасаң да төзе білу, сабырлы болу керек. Еңбек жолыма келсем, арнайы білімім болмаса да зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханаға барып, директорына ықыласымды жеткіздім. Ынтамның зор екенін байқаған басшы штат жоқтығын айтты. Алайда жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 жылдық келісімшарт жасасып, жұмысқа ала алатынын жеткізді. Осылай жұмысқа орналасып, еден жуу және дүкенге барудан басқа тапсырмаларды орындауға уәде беріп, 5 бөлімнің жұмысымен танысып, брайло жазуын меңгеріп, техниканы тізгіндедім. Көп ізденіп, көп оқыдым. Ата-анамның қызмет ауыстыруына байланысты басқа қалаға көшуге тура келді. Сонымен бірге менің де келісімшартымның уақыты аяқталуға жақын болды. Директорым маған мінездеме жазып, қимай қоштасты. Жаңа мекенге келе салып, бүгінде өзім еңбек етіп отырған мекемеге дипломсыз жұмысқа кірдім. Оған бұрынғы басшылық берген мінсіз мінездеме себеп болды, – дейді Ғалым Адайұлы.

Жерлесіміз қазіргі танда Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада «Дыбыс жазу студиясы және Брайль» кітаптарын шығару бөлімінде кітапханашы қызметін атқарады. Көз жанарының көруі нашарлығына қарамастан, үнемі айналасындағы адамдарға көмектесіп келеді. Соның бір дәлелі «Саусақ ұшындағы әлем» үйірмесі аясында зағип және нашар көретін жандарға брайль жүйесін және компьютерге орнатылған арнайы синтезатор арқылы компьютерлік сауаттылықты тегін үйретіп жүр. 2015 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық «Ақ таяқ» фестивалінің Брайль жүйесі бойынша «Оқу мен жазу» номинациясында Гран-При иеленді. Сондай-ақ аталған саладағы салмақты еңбегі үшін «Еңбек даңқы» медалімен марапатталған.
Кездесуде өзіне қойылған сауалдарға жауап беріп,пікір алмасқан Ғ.Нұрланов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне барып, кітапхана ұжымы және көзі нашар көретін оқырмандарға арнап тренинг өткізді.

Медет Атайбеков,
аудандық «Рухани жаңғыру»
жобалық офисінің менеджері.

Шу ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support