- Advertisement -

Жасыл желек – жанға сая

69

- Advertisement -

Тараз қаласы тазалығымен көз тартып, тотыдай таранып тұрса – бұл «Жасыл ел-Тараз» мекемесі қызметкерлерінің еңбегінің жемісі. Жыл – он екі ай шаһардың орталық даңғылдарынан бастап, көше-көшелерін сыпырып, әктеп, асфальтты жуып, талдарды кесіп, қарды күреп, арықтарды тазалап, көгалдарды реттеп, таңның атысы, кештің батысы күйбеңі бітпейтін біздің жұмысшыларды байқамау мүмкін емес.

Былтыр бірнеше саябақтар қайта жаңғыртылып, шаһарымыздың ажары ашыла түскені белгілі. Мәселен, 33 жыл бұрын ашылған «Жеңіс» саябағы адам танымастай өзгеріп шыға келді. Онда батыр жерлесіміз Бауыржан Момышұлының ескерткіші бой көтерді. Қазір саябаққа келушілердің қарасы қалың. Жергілікті жұртшылық пен қонақтар «Ерлік» мемориалдық кешенімен етене танысып, қазақстандық патриотизм рухымен тыныстайды. Қ.Рысқұлбеков саябағында да құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп, Қ.Рысқұлбековтің ескерткіші мен музейі бой көтерсе, Желтоқсан скверіне ұзындығы 220 метрлік субұрқақ салынып, облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған ел ағалары аталған скверге 100-ге жуық тал-дарақ отырғызған болатын. Бүгінде онда көрші Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан арнайы әкелінген павловния ағашы жайқалып өсіп тұр. Осылайша жаңа кейіпке енген көрікті жерлерден бүгінде адам аяғы үзілмейтін болған. Біздің ұжым осындай қым-қуыт жұмыстардың бел ортасынан табылып келеді. Аталған жаңарулар ауқымды жұмыстардың басы ғана. Қазіргі таңда жарқын жобалардың жалғасы ретінде өзге демалыс орындарында да жаңғырту басталып кетті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге тағзым» жобасы аясында жер-жерде түрлі шаралар қолға алынуда. Осы жоба аясында «Атшабар» сквері қайта жаңғыртылуда. Нәтижесінде сквердің сәні мен сәулеті арта түспек. Демалыс орнының бұған дейінгі көрінісі баршаға жақсы таныс болатын. Су бұрқақтардың, тас төсемелер мен орындықтардың, тіпті қоқыс жәшіктерінің әбден тозығы жеткенін жұртшылық жақсы біледі. «Махаббат» аллеясындағы қос ғашықтың ескерткіші қаулап өскен шөптен көрінбей, арықтар сұрықсыз күйге енген. Бүгінде бұл орын құрылыс алаңына айналып, қызу жұмыстар жүргізілуде. Қолға алынған ілкімді істің арқасында 2 шақырымға жуық аумақ түбегейлі өзгеріп сала берді. Жолдар жаңартылып, тас төсемелер мен орындықтардың барлығы ауыстырылмақ. Ал сквердің баурайы текемет тектес көрініспен көмкеріледі. Сәндік ақ және қызыл тастармен ою ойылып, арасына гүлдер отырғызылмақ.
Жалпы, ондағы жұмыстарды «Арайстроймаркет-2003» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда серіктестік сквердегі махаббат символына айналып кеткен Болат пен Айнұрдың ескерткіші маңын қайта жаңалап, құйматастар төсеген. Сондай-ақ одан бергі алаңды тегістеп, асфальттаған. Серіктестік енді арка салу жұмыстарына дайындықтарын бастап кеткен. Бұл аумақтың кіреберісі мен шығысына алдағы уақытта қақпа орнатылады. Осылайша күрделі жөндеуден өткен сәнді сквер «Жастар аллеясы» ретінде Наурыз мейрамында пайдалануға берілмек. Онда «Махаббат» аллеясы, «Білім» алаңы, «Жастар» интернет кафесі, «Кітап» және «Сахна» алаңшалары ашылады.
Жасыл желек, тал-дарақтар – таза ауамен тыныстауға мүмкіндік беретін қаламыздың «өкпесі». Сондықтан өткен жылы саябақтар мен скверлерге, көше бойына 1456 түп қылқан жапырақты және жапырақты талдар отырғызылды. Олардың арасында павловния, платан, магнолия, қызылжапырақты үйеңкі сияқты ағаштың жаңа түрлері де бар. Олар қала келбетіне ерекше сәндік сыйлай түскендей. Былтыр жаңғырту жұмыстары жасалған саябақтарға 150 дана қызылжапырақты үйеңкі, 80 дана сары үйеңкі, 80 дана платан, 127 дана павловния, 18 дана магнолия, 50 дана шырша, 222 дана бозарша, 2 дана арша, 60 дана ақ қайың көшеттері отырғызылған болатын. Халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағида іспетті даналығын ұстана отырып, биыл 7395 дана ағаш отырғызуды көздедік. Тараз қаласының топырағы сұрғылт болғандықтан, Өзбекстан, Ресей сияқты көрші елдерден, басқа да жерлерден алынған көшеттер сұрғылт топырақты жерсіне бермейді. Сондықтан көшеттерді өзіміздің «Тараз орман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен аламыз. Сондай-ақ Қырғыз Республикасының, Алматы қаласының, Шымкенттің таулы жерлерінің ағаштары біздің топырақты жерсінеді.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қала маңындағы құрылысқа жарамсыз жерлерге ағаш отырғызу қажеттігін айтып, «жасыл белдеу» құруды тапсырған болатын. Бұл тараздықтар үшін жағымды жаңалық, жақсы бастама. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 2 аумақтан жер телімдері таңдалған. Олар – ауданы 26,6 гектар Төле би даңғылының аяғындағы айналма жол аумағы және 33,53 гектар қаланың солтүстік-шығысында орналасқан сүзгілеу алаңына арналған жер телімі. Бүгінде онда жасыл желекті отырғызу үшін топырақтың құрамы зерттелуде.
«Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаланы көгеріштендіруден басқа көптеген міндеттері бар екенін қайталап айтқым келеді. Бұл міндеттерді жеке-жеке атқаратын арнайы бөлімдеріміз бар. Біздегі штат бойынша қызметкерлер саны – 217. Маусымдық жұмыстар уақытында келісімшарт негізінде тағы да жұмысшылар алынады. Техникасыз іс бітпейтіні тағы аян. Бүгінде қолданыста 78 техника болса, облыс әкімінің тапсырмасымен 2018-2019 жылдарға жаңа техника алу үшін 509 миллион 867 мың теңге бөлінді. Дәл қазіргі уақытта 4-5 техникамен көше жуу жұмыстары, орталық көшелерден бастап тал әктеу, көшелердегі, парк, скверлердегі тазалау, гүлдің орындарын қопсыту жұмыстары басталып кетті.
Міне, осылайша Тараз қаласы жарқырап, жаңара түсуде. Көшелерді көріктендіру, аулаларды абаттандырудан бөлек, саябақтардың сәнін кіргізу бағытында да нәтижелі жұмыстар жетерлік. Алдағы мақсаттар одан да ауқымды. Ең бастысы, еселі еңбектің барлығы да ел-жұрттың игілігіне бағытталып жатқанын түсінсек болғаны.

Сәкен Икрамов,
«Жасыл ел-Тараз»
ЖШС директоры.

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support