- Advertisement -

«Тараз» Екінші айналымды 2-орынмен аяқтады

186

- Advertisement -

Футболдан Қазақстан бірінші лигасының екінші айналымы аяқталды. Біріншілікте бақ сынап жатқан «Тараз» футбол клубы екінші айналымды екінші орынмен түйіндеді. Тараз 22-тур аясында Қызылорда облысының «Байқоңыр» командасын қабылдап, 2:1 есебімен басым түсті.
«Тараз» футболшылары бірінші кезең барысында допты бақылау тұрғысынан басымдыққа ие болғанымен, нәтиже шығара алмай-ақ қойды. Жерлестеріміз ұйымдастырған өткір шабуылдар сәтсіз аяқталып жатты. Өз кезегінде «Байқоңыр» футбол клубының ойыншылары да қарап қалмай, реті келгенде қарымта шабуылдарға иек артты. «Сен соқпасаң, саған соғады» демекші, бұл күні қонақтар бірінші болып есеп ашты. Ойынның 45-минутында Аян Құлмағанбетов мергендігімен көзге түсіп, жамбылдықтардың жағдайын қиындатып жіберген болатын.
Бірінші кезең аяқталуға санаулы секундтар қалғанда гол жіберіп алған «Тараз» футболшылары кездесудің екінші бөлігінде толассыз шабуылдар ұйымдастырды. Дегенмен алаң қарсыластарда қарап қалмай, жамбылдық қорғаушыларды қарымта шабуылдармен мазалап тұрды. Кездесудің 58-минутында «Тараз» футболшылары таразы басын теңестірді. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Құрмет Қараман жанкүйерлерді желпіндіріп тастады. Ал ойынның алпыс үшінші минутында Бекзат Бейсенов алыстан теңбіл допты шірене теуіп, алыс бұрышқа топ еткізді. Осылайша «Тараз» футболшылары жеңіліп жатып, 2:1 есебімен жеңісті жұлып алды.
Екінші айналымды Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы бірінші орынмен аяқтады. Екінші және үшінші орынға орналасқан «Тараз» бен Шымкенттің «Қыран» командалары «Оқжетпестен» бір ұпай қалып келеді. Бұл ойында «Тараз» футболшыларында ірі есеппен жеңетін мүмкіндіктер болған еді. Алайда жерлестеріміздің ұрымтал сәттерде мүмкіндіктерін мүлт жібергендері жанкүйерлерге аса ұнай қоймады. Алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол бермейді деген үміттеміз.
Енді бірінші лига командалары үшінші айналымды өткізеді. Алда аса маңызды он бір ойын күтіп тұр. Бірнеше кездесу бойы жеңісті жорығын жалғастырып келе жатқан «Тараз» футбол клубының сайыпқырандары жүрістерінен жаңылмаса екен. Өйткені команда басшылығы маусым басталмай тұрып премьер-лигаға оралу үшін тер төгуге әзір екендіктерін тілге тиек еткен-ді. Премьер-лиганың тікелей жолдамасын бірінші лиганың чемпионы мен екінші орын алған команда бірден қалтаға басады. Ал үшінші орын алған ұжым премьер-лигада 10 орын иеленген командамен електік кездесу өткізеді. Ендеше, «Тараз» футболшыларына сәттілік серік болсын!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support