- Advertisement -

жаңатастағы жұмыстар жан жадыратады

111

- Advertisement -

Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы атқарылатын жұмыстары туралы тарқата айтып берді.

– Қазіргі таңда ауданда өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Елбасының ықпалымен іске қосылған «Еурохим» кәсіпорнында жұмыс орындары ашылып, бұл жергілікті тұрғындардың тұрмысына жақсы әсер етуде. Содан болар, бүгінде Жаңатас қаласына қайта қоныстанушылардың қатары көбейді. Жалпы, ауданда алғашқы тоқсанда өнеркәсіп саласында өндірілген өнім есепті кезеңде 19,2 миллиард теңгені құрапты. Бұл – 2016 жылға қарағанда 3,6 пайызға артық. Өсім кәсіпорындардың қалыпты жұмыс істеуінің есебінен қамтамасыз етілді.
Жаңатас қаласындағы минералды тыңайтқыштар өндірісі бойынша химиялық кешеннің толық қуатында іске қосылуы екі кезеңде жүзеге асырылады. Бүгінгі күні бірінші кезең бойынша өндірістің инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі аяқталды. Енді тек газ құбырын тарту ғана қалып тұр. Бұған қажетті 5,5 миллиард теңге қаражат келесі жылға республикалық және облыстық бюджеттен қарастырылып отыр. Сондай-ақ ауданға қарасты 14 елді мекенге газ тарту үшін олардың жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Ал екінші кезеңге сәйкес, 2018-2019 жылдары нысандардың құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. 2020 жылдан бастап жыл сайын 2,8 миллион тонна тауарлы өнім өндіру көзделіп отыр. Жоба минералды тыңайтқыштар-дың көлемін арттырады. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі ұлғаяды деген сөз. Сондай-ақ аталған жоба толық қуаттылығына шыққанда 2000 жұмыс орны ашылмақ, — деді Балабек Жанбекұлы.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау кезеңінде Сарысу ауданынан өзге аймақтарға қоныс аударушылардың саны күрт өскені белгілі. Бүгінде ауданда өндіріс орындары көптеп іске қосылып, жаңа жұмыс орындары да ашылып, қайта көшіп келушілер қатары көбеюде. Ал олар үшін ең басты мәселе – тұрғын үй. Аудан әкімінің айтуынша, Жаңатас қаласында 85 көп қабатты тұрғын үй, екі қабатты 41 коттедж бар екен.
– Қалада коммуналдық меншіктен пәтер алу кезегіне тұрғын үйге мұқтаж 1892 азамат тіркелген. Олардың талап-өтініштерін қанағаттандыру мақсатында өткен жылы аудан бойынша жалпы алаңы 5525 шаршы метр болатын 50 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ағымдағы жылдың наурыз айында 120 пәтерлік тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді, — деді аудан басшысы.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support