- Advertisement -

Нарықтағы бәсекелестік өндірістің дамуына жол ашады

105

- Advertisement -

Қордай ауданындағы «Қордай-Корм» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі «Даму» қорының қолдауын көріп, өндіріс көлемін арттырған бірден-бір іргелі өндіріс ошағы.

Соңғы жылдары елімізде ет пен сүт өндірісін дамытудың маңызы артып, Қордай ауданында мал азығын дамытуды кәсіпкер Талғат Сәрсембаев 2017 жылдан бастап қолға алған болатын. Осыдан бес жыл бұрын ашылған кәсіпорынның жұмысы бүгінде алға басып, нарықта өз орны бар өндіріс ошағына айналып үлгерді.

Кооператив төрағасы Талғат Ахметбекұлының айтуынша, өңірде мал бордақылау алаңдарының көбеюі аудандағы малға арналған құрама жемнің жетіспеуіне әкелген. «Құрама жем өндіру саласы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан дами бастады. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға оңай әрі шығыны аз азық түрі қажет болды. Бұл бағыт бұрынғы ұжымшар мен кеңшарларда болған. Бірақ ол кеңшарлар тарап кеткеннен кейін, құрама жем өндірісі тоқтап қалды. Қазір шаруа қожалықтардың басым бөлігі жемді жарып, малға азық ретінде беріп келеді. Бұл шындығында бойында қажетті дәрумені мен минералы жоқ жай ғана жем. Қысқасы, оның ешқандай азықтық құнары жоқ», дейді ол.

Кәсіпкер бұл саланы қолға алғанға дейін коммерциямен айналысқан. Шет мемлекеттерге шығып жүріп, ол мал азығын дайындау жүйесімен жете танысады. Сөйтіп жем өндірісі саласында өз бағын сынап көру үшін «Ақтасты» шаруа қожалығын құрады. Егін және мал шаруашылығын қатар алып жүрген ол шет мемлекетте көргенін ғылыми негіздемелерге сүйене отырып, іс жүзінде тәжірибеден өткізеді. Тың кәсіпті бастау үшін бастапқыда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінеді. Сонымен ойға алған ісін 2017 жылдың қазан айында іске асырады.

Сөйтіп ауданда «Қордай- Корм» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылып, онда қуаттылығы сағатына 40 тонна құрама жем өндіріле бастайды. Зауытта жемнің 10 түрі шығарылады. Яғни, мүйізді ірі қара, уақ мал, жылқы және сүтті сиыр үшін арнайы жем түрлері бөлек-бөлек дайындалады.

– Негізінен жемнің құрамы әр малға әртүрлі әсер етеді. Тәжірибе арқылы біз ең тиімді қоспаларды іріктеп алдық. Біздің өзіміздің тәжірибелік алаңымыз бар, онда біз малды өз өнімімізбен азықтандырып, олардың өсуі мен дамуын қадағалаймыз. Шетелдермен тығыз әріптестік байланыс орната отырып, олардың ғылыми жобаларын да өндіріске батыл енгізіп отырдық. Мұның бәрі өз пайдасын беріп, өнім сапасын жақсартуға ықпал етті, – дейді кооператив төрағасы.

Жемнің құрамы 14 түрлі дақылдан тұрады. Оның ішінде арпа, бидай, жүгері бар. Мал азығына қосылатын соя жомы мен күнбағыс кооперативтің өзінде өндіріледі. «Шымкент май» кәсіпорнынан мақта күнжарасы алынады. Тұз бен трикальцийфосфатты өңірдегі көтерме сауда орталығы мен «Қазфосфат» АҚ-нан, қант мелазасы қант зауыттарынан жеткізіледі. Осының бәрі қосылып, құрама жемнің сапасын, майлылығы мен құнарлығының артуына әкеледі.

– Мәселен, сіз бұқа бордақылайсыз, ол белгілі мерзімде семіріп, қажетті салмақ қосады, ал сапалы құрама жем қолдансаңыз бұл мерзім екі есеге қысқарады. Бұл сізге біріншіден, тиімді, екіншіден, оған қоса азыққа аз шығын кетеді. Сонымен бірге біздің құрама жем табиғи таза. Өндірісте дәнді дақылдарды, күнбағыс және қызылша жомын, дәрумендер мен минералдарды қолданамыз. Онда химия жоқ. Бізде жемді экструдерлеу технологиясы бар, бұл өнімді арнайы машинада жоғары температура мен бу қысымымен өңдеу арқылы аламыз. Зерттеулер көрсеткендей, кәдімгі жем ағзаға 60-65 пайыз сіңеді, ал экструдерленген жем 95-98 пайыз сіңімді болады. Біздің өнімнің артықшылығы осы, яғни, жарған жем берсеңіз көп қи аласыз, ал құрама жем берсеңіз малыңыз жақсы салмақ береді, – дейді Талғат Сәрсембаев.

Кәсіпкер өндіріс көлемін арттыру мақсатында 2019 жылы «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамына өтініш тастаған. Банк өтінішті қарағаннан кейін құрама жем өндірісіне жабдықтарды сатып алу үшін кәсіпкерге «Даму» қоры кепіл болып, несие мақұлданды. Бүгінгі таңда өндірістік кооперативтің өндіріс қуаты артқан. Мәселен, күнбағыс тұқымдарын қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаты ауысымына 14 тоннаны құрайды.

Суық сығу әдісімен ауысымына 4 800 килограмм күнбағыс майы мен 7 000 килограмм күнбағыс күнжарасы алынады. Сондай-ақ бір ауысымда соядан 960 килограмм соя майын және 3800 килограмм соя шроты өндіріледі. Мүйізді ірі қара үшін құрама жемнің өндірістік қуаты ауысымына 8 тоннаны құрайды. Шығарылған өнімнің 80 пайызы Қырғыз еліне экспортталуда. Онда құрама жемге сұраныс та, қызығушылық та жоғары екен.

– Үкімет мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруды көздеп, сыртқы нарыққа ауыл шаруашылығы өнімін ауқымды мөлшерде шығаруды жоспарлауда. Қытай мен Ресейдің ірі нарығы бар. Ауыл шаруашылығы саласы мұнайды алмастыра алады дегенге сенемін. Ал жоғары технологиялық, интенсивті мал шаруашылығын дамыту үшін жақсы азық базасы, атап айтқанда құрама жем өндірісі қажет. Малды бұрынғыдай ғылыми тәсілсіз бордақылау арқылы артықшылыққа қол жеткізу қиын болады. Сондықтан бұл бизнестің келешегі зор. Нарықта бәсекелестер көп, ресейлік, қазақстандық өндірушілер өз тауарын ұсынуда. Ал біздің олардан артықшылығымыз – ауданда бұл істі бірінші болып бастағанымызда, – дейді Талғат Ахметбекұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support