- Advertisement -

Талас құрылтайы

296

- Advertisement -

Жарылқап Бейсенбайұлы,
белгілі журналист, публицист.
Бірер жылдан бері Жошы ұлысының (Ұлық ұлыс, Алтын Орда) тарихына қатысты зерттеулерді қаузап жүрген жайым бар. Ертістен Дунайға дейінгі алып кеңістікті жалпағынан жайлаған бұл Ұлық ұлыстың дамуында қолдарына басты билік тұтқаларын ұстаған беклербектердің (ханнан кейінгі екінші лауазым, бектердің бегі, ұлықбек) атқарған қызметтері айрықша елеулі болғаны мәлім. Әдетте Алтын Орда құрамындағы қуатты иеліктердің ұлысбектері, әлеуетті түрк тайпалары көсемдерінің арасынан іріктеліп таңдалған бұл мансап иелері ханның ең сенімді серігі, мемлекеттің басты тірегі ретінде танылды. Беклербектерге ұлысты басқарудың күллі тетігі ғана емес, әскердің бас қолбасшылығы мен сыртқы істерге қатысты күрделі мәселелер де тікелей жүктелді. Түрк беклербектері арасында  Өзбек  пен  оның баласы Жәнібек хан билік құрған, яки Жошы ұлысының күш-қуаты кенересінен асып-тасыған кезеңдерінде Құтлықтемір, Исабек, Нағанай сияқты тарихи тұлғалардың есімдері айрықша мәшһүр болды. Одан кейінгі уақыттарда Мамай мен Едіге  беклербектердің ұлы билік замандары дәуірледі. Әрқайсысы ірі-ірі түрк тайпаларының көсемдері болған бұл тұлғалар мен олардың ұрпақтарына қатысты деректердің  қазақтың этникалық тарихымен сабақтасып жатқан тұстары өте мол.
Алтын Орданың Бердібек хан билігінен (1357-59) кейін белең алған  (нар мойыны Бердібекте кесілген) әуелгі дағдарыс кезінен Ұлық ұлыстың ыдырауы басталды. Сонда Жошы ұлысынан алғаш бөлініп шығып тәуелсіздік алған иеліктердің бірі Хорезм ұлысы еді. (Бұл өңір өз заманында Шыңғысхан әулетімен әуелден құдандал жұрт қоңырат бектерінің еншісіне берілген аймақ болатын. Сол себептен де осы тайпадан шыққан Құтлықтемір (1335 ж. көз жұмды), одан соң Нағанай (шамамен 1360 ж. көз жұмды) бастапқыда осы иеліктің ұлысбектері қызметін атқарды. Беклербектік лауазымдарының ара-арасында Хорезмдегі билікке де ауысып оралып отырды). Бердібек дүниеден өткен сол 1359 жылы, Ұлық ұлыстың  басынан бақ тая бастағанын байқаған Нағанай, өз балалары Құсайынсопы, Жүсіпсопымен бірге, Хорезм аймағы мен Сырдарияның төменгі алабын қоса қамтыған байтақ өңірді (астанасы Үргеніш, қазіргі Көнеүргеніш шәһары) өз әулеттеріне бағынышты дербес мемлекет етіп жариялады. Бұл ұлыс 1388 жылға дейін өмір сүріп, одан соң Ақсақ Темір империясының құрамына өтті. Он алтыншы ғасырдың басында Хорезм ұлысының билігіне Шибан ұрпақтары келді. Жүз жыл шамасынан кейін мемлекет астанасы Хиуа шаһарына ауысуына байланысты, бұл ел тарихи деректерде Хиуа хандығы деп атала бастады. Шибан әулетінен кейін 18 ғасырдың басында билік жергілікті түрк тайпабасыларының (инақтардың) қолына өтті. Осы кезеңде олардың өздері хан тұқымдары болмағандықтан, таққа Шыңғысхан ұрпақтары, қазақ сұлтандарын арнайы шақырып, солардың атынан өз биліктерін жүргізіп отырды. 1760 жылдардан бастап Хиуа хандығының билігіне қайтадан Нағанай ұрпақтарының келу үрдісі байқалды. 19 ғасырдың басынан олар өздеріне хандық лауазымды заңдастырып алу арқылы, бір орталыққа біріккен қабырғалы мемлекетбасыларына айналды. Содан 1920 жылға дейін ғұмыр кешкен Хиуа хандығын үзбей биледі…
Жошы ұлысының құрамына енген түрк тайпалары көсемдерінің Алтын Орда билігіне белсене араласқанын, олар дербес билік жүргізген өңірлердегі этникалық үдерістердің қазақ халқының тарихымен тығыз сабақтастықта өрілгенін айқын дәйектейтін осындай тақырыптарды қаузаудың өзі де қызғылықты емес пе. Қазір Ұлық ұлыс заманының осы қырларына қатысты жинақталған қыруар ғылыми әдебиетті қорыту, зерделеу аяқталып біткен сияқты. Енді тапжылмай отыру ғана қалып тұрғандай.
Биыл Жошы ұлысының 750 жылдығы. Осыған орай Ұлық ұлыстың тәуелсіздік алуының бастауында тұрған тарихи Талас құрылтайының өткен жері туралы да ойымды ортаға салсам деймін. Аталмыш құрылтайдың нәтижесінде Шыңғысхан құрған біртұтас Еке Моғұл ұлысының (Ұлы Моңғол империясы) ыдырап, оның құрамына енген Жошы ұлысы ғана емес, Шағатай, Өкетай, Төле, Құлагу ұлыстарының да өз билігі өзінде болар дербес мемлекеттерге айналғаны мәлім. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» жинағында аталмыш құрылтайды ұйымдастыруға бас болған Жошы, Шағатай, Өкетай әулеттерінің ханзадалары 1269 жылдың көктемінде «Талас пен Кенжектің көкорай шалғынында жиналды» деп жазылған. Қазіргі зерттеушілер бұл жерді бірде Қырғызстан жерінде немесе Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы Талас бойының бір жазығында өтті дегенді айтады. Махмұт Қашқари өзінің «Түрк сөздігінде» (1072−1074 жж.) «Кенжек, Кенжек сеңгір – Тараз маңындағы шаһардың аты, ол жер қыпшақтармен шекарада» деп түсініктеме берген. Ал сеңгір сөзін – «тау биігі», «дуалдың шеті» деп ұғындырады. 19 ғасырдың басындағы хиуалық тарихшы Мунистың жазбаларында сеңгір сөзі «бекініс» деген мағынада қолданылған. Яғни Кенжек сеңгір – Кенжек бекінісі деген тіркес.
Қазақтың белгілі археологтары К.Байпақов пен М.Елеуов әртүрлі деректер мен археологиялық қазба нәтижелерін зерделеу арқылы, Кенжек шаһарын Талас өзенінің төменгі ағысындағы Талас жазығында орналасқан Шаруашылық деп аталып кеткен мекендегі көне қала (ҮІІ-ХІҮ ғ.) жұртымен қисынды түрде сабақтастыра алды. Осы маңызды дәйекті ескере келе, әйгілі құрылтай өткен, яки Жошы ұлысы тәуелсіздігін алған жерді, бүгіндері Жамбыл облысы Талас ауданы аумағындағы әйгілі Талас жазығы деп нақтыласақ жөн болады. Және бір назар аударарлық жайт, табиғаты әсем осы жазық атақты суретшіміз Әбілхан Қастеевтің де қылқаламына шабыт бергенін қаперге саламыз. Әбекеңнің 1970 жылы майлы бояумен салған «Талас жазығы» деп аталған кең тынысты ғажайып туындысында дәл осы тарихи жер бейнеленген. Қазақтың Қастеевтей аса әйгілі суретшісі Талас жеріне шығармашылық сапармен келген кезде, оған қолқабыс жасап, жергілікті әкімшілік тарапынан қасында жүріп жан-жақты көмек көрсеткен азамат Досмұрат Шахзадаевтың айтуынша, панорамалы туындының арғы фонында сол Шаруашылық мекені (көне Кенжек қаласы жұрты) орналасқан маңай сағымдала сұлбаланады…

«Egemen Qazaqstan»
газетінің сайтынан алынып, ықшамдалып жарияланды.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support