Қайраткер рухына тағзым етті

Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 108 жыл толуына орай Қонаев ауылдық округінде біртуар тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Жарылқасын Айтақов мемлекет және қоғам қайраткерінің еселі еңбегіне тоқталды.– Азаттықтың ақ таңы жолында қазақ халқының тәуелсіздігі үшін тер төккен тау тұлғаларымыздың атқарған игілікті істері қашан да халық жадында. Сондай ірі басшыларымыздың бірі және бірегейі – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына бүгін 108 жыл толып отыр.
Кезінде Дінмұхамед Ахметұлы жұмыс сапарымен өңірімізге атбасын тірегенін білесіздер. Ол басшылық қызмет атқарған жылдары Қазақстанның әр саласына елеулі еңбек сіңіре білді. Әлеуметтік-экономикалық қарқынның дамуына серпін берді. Қазақ елінің одақтас республика ретінде қарышты дамуына зор мүмкіндік жасады. Ел тарихында есімдері алтын әріппен жазылған осындай тау тұлғалар бар. Д.Қонаев та өзінің ақыл-парасатымен, білім-біліктілігімен, халқымыздың ұлт болып қалыптасуына қосқан үлестерімен тарих бетінде өшпестей із қалдырды, – деді Ж.Әбдіғапарұлы.
Шара барысында Шу ауданының Құрметті азаматы Ахметжан Қосақов пен Қонаев ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Бағдаулет Досымбеков те қайраткердің өткен өмірі мен ұлтымыз үшін жасаған ұмытылмас ерліктерін тілге тиек етті.
Салтанатты шарадан кейін Д.А.Қонаевтың әруағына құран бағышталып, ас берілді.

Ерғали Қартайған

Шу ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/