- Advertisement -

Гүлнәрдің лимоны

99

- Advertisement -

«Нұр ахмад» қожалығы тың кәсіпке түрен салды

Бүгінде өңірімізде кәсіпкерлермен тікелей жұмыс жүргізіп, олардың жобаларының жүзеге асуына бірден-бір қолдау көрсетіп отырған мекеме – облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы. Бұл мекеме өз кезегінде өңірімізде көптеген бизнес жобалардың іске асуына зор ықпалын тигізіп отырғаны анық. Сондай-ақ олар кәсіпкерлер арасында іскерлік ортаны қалыптастырып, болашағы бар жобалардың жүзеге асуына өз үлестерін қосуда.

Орталық басшысы Дамир Егізбаевтың айтуынша, «қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру аясында өңірімізді арзан азық-түлікпен, басқа да халық күнделікті тұтынатын жеміс-жидекпен, көкөніспен қамтудың тамаша мүмкіндіктері туып отырса керек. Жалпы, республикамызда өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы тың бизнес жобаларға 400 миллиард теңге қаралыпты. Түрлі бағдарламалар аясында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібін ашқандар да біздің өңірімізде аз емес. Солардың бірі – лимон өсіруді облысымызда тұңғыш қолға алып отырған «Нұр Ахмад» шаруа қожалығы.
Қожалық жетекшісі Гүлнәр Жұмабекова биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлік негіздері бойынша білімін жетілдіріп, осы жобаны қорғап шыққан болатын. Оның өңірімізде лимон өсіру туралы жобасы орталық тарапынан қолдау тауып, 3 миллион теңге грантқа ие болған еді.
Гүлнәрмен кездесу барысында оның бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы тұқым зертханасында технолог болып жұмыс істегенін білдік. Бұған дейін масақты дәнді дақылдардың түрлі сұрыптарынан мол өнім алу бойынша зерттеулер жүргізіп, жұбайы екеуі ғылыми жұмыстармен де айналысыпты. Шетелдерге де жұмыс бабымен жиі шыққан ол жүрген жерінде жылыжай құрылысына көңіл бөліп келіпті. Соны Таразға қайта оралған сәтте жүзеге асыруға тырысқан. Енді, міне, қолына қаржысы тиген соң бұл жұмысқа бірден кірісіп кеткен.

Ол қожалықты өткен жылы құрды. Оның атауын ұлы Нұр Ахмадтың есімімен байланыстырып қойған. Қазір жылыжай Байзақ ауданының Талас ауылына апарар жол бойындағы 1,5 гектар аумақты алып жатқан жер телімінде орналасқан. Айналасы қоршалып, шағын бастырма салынған ауланың орта тұсында екі жылыжай қатар тұр. Олардың жалпы көлемі 5 сотық жерді құрайды. Үсті қалың пленкамен жабылған.
Биыл онда Түркістан облысынан 80 түп лимон көшетін әкеліп отырғызыпты. Жылыжайдың ішіндегі көшеттерге қажетті температураны ұстап тұру үшін жылу жүйесі жүргізілген. Қожалық екі жылыту пешін Ресейдің Новосібір қаласынан сатып алған. Олар қатты отынмен жұмыс істеп тұр. Күніне әр ошаққа 100-200 килограмм көмір жағылады екен.
– Бұл кәсіпті бастамас бұрын ұзақ іздендік. Ондағы ойым біздің өңірде жоқ жеміс түрін өсіру. Интернетте сағаттап отырған кездерім де болды. Жылыжайда өсіруге болатын өнім түрін жан-жақты зерттедім. Ақыр соңында осы лимонға тоқталдым. Қарап отырсам, лимонның 99 пайызы бізге шетелден тасымалданады екен. Өзімізде өндірілетіні бір пайыз ғана. Ал біздің облыста бұл жеміс бұған дейін мүлде өсірілмей келіпті. Көрші Түркістан облысында лимон өсіру жақсы жолға қойылған. Сондағы кәсіпкерлермен байланыс жасай отырып, лимон көшеттерін өзімнің жылыжайыма орналастырдым, – деді ол.
Лимонның әр көшетін қожалық 2,5 мың теңгеден сатып алыпты. Қазір ерекше күтімге алынған олар жылыжайда жапырақ жайып тұр. Гүлнәрдің айтуынша, лимон суыққа төзімді, жылыжайда жылу температурасы плюс үш градустан төмен болмаса болды, өсе беретін көрінеді. Дейтұрғанмен оның мұнда тамыр алып, өсіп-жетілуіне қожалық бар жағдайды жасауда. Жалпы, бұл жеміс көшеті үшінші жылы өнім береді. Бір салғанда оның бір түбінен 10 килограмға дейін өнім жинауға болады. Жыл өткен сайын оның өнімі артып, 100 килограмға дейін жеміс береді екен. Кәсіпкер бастапқыда мандарин өсіргісі келіпті. Бірақ оның өнімі аз болғандықтан да лимонды таңдаған.
Айтып отырса, жылыжайдың құрал-жабдықтары пластмасса құбырлардан жасалып, құрастырылған. Оны жасатқандағы Гүлнәрдің басты есебі, жылыжайды кез келген уақытта бұзып, орнын ауыстырып, қайта құрастыруға ыңғайлы еткен. Ал темірмен жасаған жылыжайды бұзып орнын ауыстыра алмайды екенсіз. Осынысымен ол ерекшеленіп тұр.
Бүгінде кәсіпкер жылыжайды қалыпты температурада ұстау үшін ауласына 10 тонна көмір түсіріпті. Оның әр тоннасын көмір қоймаларынан 18 мың теңгеден сатып алған. Енді тағы да 10 тонна көмір алғалы отыр. Жылыжайға электр желісі әлі тартылмапты. Соны жақында іске қосуды көздеп отыр. Аяғынан жаңа тұрып келе жатқан қожалықтың бұдан басқа да мәселелері жетіп артылады. Ол қиындықты Гүлнәрдің жеңіп шығатыны анық. Бұл істе оған отбасы қолдау көрсетуде.
Анасы Ұлжан Қалжанова қызының бастамасын бірден қуаттап, қолдау көрсетіпті. «Бұл кәсіп өзіме де қызық болып тұр. Қызымның мамандығы технолог болғандықтан да қорықпай қолдау көрсеттік. Өзімізге таңсық кәсіпті отбасымызбен алып шығамыз деген сенімдемін», – деді ол.
Жалпы, Гүлнәрдың алға қойған мақсаты да жоқ емес. Ол жылыжай көлемін 20 сотыққа арттыруды көздеп отыр. Осылайша жылда оның аумағын кеңейте бермек ниетте. Иелігіндегі 1,5 гектар жер теліміне ондаған жылыжай орналастырып, жұмысшы алмақ. Одан бөлек лимон қышқылын өндіретін цех ашуды да жоспарлауда.

Марат Құлибаев

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support