- Advertisement -

Еңбеккердің құқығы – басты назарда

53

- Advertisement -

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернар Есіркепов 9 айда атқарылған жұмыс жайын баяндады. Облыстағы еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.
– Жыл басынан бері ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған 19 кәсіпорындағы 4713 жұмыскердің жалақы қарыздары толығымен өндірілді. Оның жалпы сомасы – 740,1 миллион теңге. Дегенмен еңбеккерлер алдында берешегі бар әлі екі серіктестік бар. Қазір «Жамбыл Недр» және «ТаразХимМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне қатысты нақты шаралар қолға алынды.
Әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру мақсатында 1247 кәсіпорында «EH-R» жүйесіне еңбек шарттарын енгізу жұмыстары жүргізілуі тиіс еді. Тапсырма 114 пайызға орындалды, – деді Ернар Серікәліұлы.
Бүгінде өңірде еңбек қатынастары тұрақты. Есепті кезеңде еңбек шиеленістері ресми тіркелмеген. Сонымен қатар басқарма қызметкерлері жалақы қарыздары орын алған және туындау қаупі бар 54 кәсіпорынды «Ыстық нүкте» картасына енгізіп, тұрақты бақылауға алған. Дегенмен жекелеген кәсіпорындарда еңбек жағдайына наразылық білдіру фактілері тіркелген. Дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде қазір жағдай тұрақталған көрінеді.
Брифингте басқа да өзекті мәселелерді тілге тиек еткен баяндамашы биылдан бастап ең төменгі жалақының қанша және қандай мекемелерде көтерілгенін де айтып өтті.
– Облыста 92 ірі кәсіпорында 43 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы көтерілді. Ал жеке сектордағы 33 ірі кәсіпорынның 28-і 13591 еңбеккерге жалақысын көтеруді растап отыр. 42 орта кәсіпорын – 3877, 8058 шағын кәсіпорын – 27290 маманның еңбекақысын арттырған. Жұмыс берушілер еңбекақы төлеу жүйесін реттейтін бірқатар шара қабылдады. Ал 3837 кәсіпорын 42,5 мың теңгеден төмен айлық алатын 24015 жұмысшының жалақысын көбейтуді қолдап отыр, – дей келе жұмыс уақытысында өндірістік жарақат алғандар жайлы айтып өтті. «Есепті кезеңде өңірде 42 жазатайым оқиға орын алып, 52 адам зардап шекті. Олардың 22-сі ауыр, 21-і орта және жеңіл жарақат алған. 9 азамат қайтыс болды. Былтыр 8 қайғылы жағдай тіркелген еді, – деді Ернар Есіркепов.
Осыған байланысты басқарма тарапынан арнайы жол картасы әзірленіп, аталған кәсіпорындардың жауапты тұлғаларына шеберлік сыныптары өткізіліпті. Спикер сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу барысында басқа да жоспарлы жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, 9 айда түскен арыз-шағымдарға тоқталды.
Ернар Серікәліұлының келтірген деректеріне сүйенсек, осы уақыт аралығында 780 арыз тіркеліп, 1602 жұмыскердің құқығы қорғалған. Олардың ішінде жалақы бойынша берешектер, іссапар шығындары, үстемеақы, өтемақы, қоса атқарған қызметіне қосымша ақылары өндіріліп берілген. Бұдан бөлек, еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының бұзылуының 180 фактісін анықтапты. Соған сәйкес, жұмыс берушілерге нұсқамалар, ескерту түріндегі әкімшілік шара және айыппұлдар салынған. Олардың көлемі 5 226 750 теңгені құрап, бүгінге дейін 4 620 750 теңгесі өндіріліпті. Ал оны төлемеген 2 кәсіпорынға қатысты сот процесі жүріп жатқан көрінеді.
Баспасөз мәслихатының соңында: «Есепті кезеңге дейін 2343 ұжымдық шарт қабылданып, жұмыскерлердің жұмыстан қысқартылуына және еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін әкімдіктер мен кәсіпорындар арасында өндірістік процестерді тұрақтандыру мәселелері бойынша 4980 меморандумға қол қойылды.
Бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру бағытында үй-үйді аралау арқылы міндетті зейнетақы жарнасы жоқ 63828 тұлғаның 4275-імен еңбек шарттары жасалып, еңбек қатынастары заңдастырылды», – деген баяндамашы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support